Жаңалықтар

Наурыз көже, тонна палау мен жүлделер: Елорда халқы әз-Наурызды тойлап жатыр

Наурыз көже, тонна палау мен жүлделер: Елорда халқы әз-Наурызды тойлап жатыр
Фото: Астана әкімдігі 22.03.2025 10:50 296

Биыл елорда тұрғындары мен қонақтары Наурыз мейрамын кең көлемде тойлап жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әр мерекелік алаңда ұлттық ойындар, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын білу сайыстары, киіз үйлер мен алтыбақандар ұйымдастырылады. Іс-шараларға елордалықтар жаппай қатысып, барлық алты ауданда мерекелік шаралар өтіп жатыр, оның ішінде елді мекендерде мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Қалалық алаңда (елорда әкімдігі ғимаратының алдында), «Қазақ елі» және «Бәйтерек» монументтері алаңдарында, «Астана Арена» стадионы мен ЭКСПО алаңының аумағында таңертеңнен бастап мерекелік әндер ойналып, қолөнер жәрмеңкелері ашылып, дәстүрлі тағамдар әзірленіп, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтіп жатыр, сол сияқты бағалы сыйлықтар таратылып, жүлдегерлер марапатталып жатыр. Қатысушылар гір көтеру, қол күресі, арқан тарту, асық ату, қазақша күрес, қой көтеру, т.б. сынға түсіп жатыр.

Алты ауданда да киіз үйлер тігіліп, мерекелік жәрмеңкелер ұйымдастырылды. Мерекелік орындарда қазақстандық эстрада жұлдыздары мен ұжымдар өнер көрсетті. Олардың қатарында Қанат Үмбетов, Абай Бегей, Әлішер Кәрімов, Айдар Байділдин, «Алтын» триосы, «Арт домбыра» тобы, Мәди Қадыров, Ғалымжан Жолдасбай, Нұркен Якияев, Меломен, Жақсыкелді Маясаров, «Қазақия» дуэті, Әйгерім Мамырова, Кеңес Әлімжан, Ғаділбек Жанай, Маржан Арапбаева, Нұрлан мен Мұрат, Асхат Тарғын, Айгүл Иманбаева, «Алтын» этно ансамблі, Диарт, Бәйтерек топтары, Ернар Жұматаев және т.б. бар.

21 наурыз күні сағат 11:00-ден бастап Есіл ауданында «Бәйтерек» монументі мен ЭКСПО аумағында мерекелік шаралар, сол сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, концерттік бағдарлама өтіп жатыр. 22 наурыз күні сағат 11.00-ден бастап аталған орындарда мерекелік шаралар жалғасады, сондай-ақ 13.00-де концерт өтеді.

21 наурыз күні сағат 11:00-ден бастап Сарыарқа ауданындағы қалалық алаңда мерекелік шаралар өтті. Олар 22 наурыз күні сағат 11:00-де қазақ күресінен тұрғындар арасындағы біріншілікпен жалғасады. Білекті балуандар мен жеңімпаздарды бағалы сыйлықтар күтіп тұр.

Байқоңыр ауданының Ататүрік саябағында және Жазушылар аллеясында (Абай даңғылы мен Сембинов көшесінің қиылысы) ұлттық спорт түрлерінен – қазақ күресі, арқан тарту, гір көтеру, асық ату, қой көтеру, т.б. жарыстар өтті. Сондай-ақ арнайы «Әз-Наурыз» фотозонасы ұйымдастырылды. Сағат 13:00-ден бастап жұлдыздардың қатысуымен мерекелік концерт өьеді. 22 наурыз күні сағат 13:00-де Ататүрік саябағында да концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.

Сарайшық ауданында сағат 13:00-ден бастап «Қазақ елі» монументі жанындағы алаңда мерекелік шаралар концерттік бағдарлама, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, қолөнер жәрмеңкесі мен мерекелік сауда-саттық өтті.

Алматы ауданында сағат 11:00-ден бастап Тәуелсіздік даңғылында Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының аумағында мерекелік шаралар өтті. Таңертең ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, қолөнер жәрмеңкесі мен мерекелік сауда өтті. Сағат 13:00-ден бастап өнерпаздардың қатысуымен концерт өтті.

22 наурыз күні Оқушылар сарайының аумағында сағат 11:00-ден бастап қонақтарға арнап мерекелік бағдарлама өтеді, 13:00-де концерт болады. Сондай-ақ, 22 наурыз күні сағат 12:00-ден бастап SANA спорт кешенінің аумағында, Күйшілер аллеясы, Алма алаңы, Р.Қошқарбаев даңғылы, 80/1, Достық үйінің алаңында концерттік бағдарлама, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, қолөнер жәрмеңкесі мен мерекелік сауда-саттық ұйымдастырылады.

Нұра ауданында мерекелік шаралар 20 наурызда басталды. 21 наурыз сағат 11.00-ден бастап «Астана Арена» стадионы алдындағы алаңда
қолөнершілердің сауда орындары ашылып, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті. Есте қаларлық фотосуреттер үшін орындарда бүркітшілер, тазылар, түйелер мен сәйгүліктер қойылып, тақырыптық фотоаймақтар ұйымдастырылды. Сондай-ақ киіз үйлер мен этникалық нақыштағы суреттер қойылды, ары қарай сағат 13.00-ден бастап концерттік бағдарлама ұсынылды. Мерекелік бағдарлама 22 наурыз күні сағат 11:00-ден бастап «Астана Арена» стадионында жалғасады.

22 наурыз күні сағат 12:00-ден бастап тұрғындар өзбек, түрікмен, тәжік, қырғыз палауын және ұлттық сусындарды сатып ала алады. Бұл күні «Хан Шатыр» сауда орталығына қарама-қарсы орналасқан «Ғашықтар» саябағында 4 елдің елшілігі ұлттық стильде киіз үйлер тігіп, астаналықтарды өз мәдениетіндегі Наурыз мерекесін тойлаудың ерекшелігімен таныстырады.
Тағы бір назар аударарлық орын Жағалау шағын ауданындағы (Сығанақ көшесі, 1) саябақ болмақ, онда 22 наурыз күні сағат 12:00-ден бастап бүкіл отбасы үшін байқаулар, концерттік бағдарлама және ойын-сауық бағдарламасы бар үлкен гастрономиялық фестиваль өтеді.

Еске салайық, 14 наурызда Қазақстанда Наурыз мейрамын тойлауға арналған Наурызнама онкүндігі басталды. Осы 10 күн ішінде Астанада мерекеге орай 200-ден астам ауқымды іс-шаралар – концерттер, көрмелер, қойылымдар, шығармашылық кештер және т.б. өтеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға