Жаңалықтар

Наурыз айында ауа райы қандай болады

Наурыз айында ауа райы қандай болады
Фото: © El.kz 01.03.2024 10:16 22445

«Қазгидромет» болжауынша, Қазақстанның басым бөлігінде көктемнің екінші жартысында жылынады,  деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Оңтүстік өңірлерде наурыз жылы күндермен басталады, бірақ содан кейін салқын ауа райы қайта оралады.  Бірінші онкүндіктің соңында Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында қатты жаңбыр жауады. Ал ҚР оңтүстігінің, оңтүстік-шығысының таулы аудандарында жаңбырдың соңы қарға ұласуы мүмкін.

Наурызда, әдетте, синоптикалық процестердің қыстан көктемге ауысуына байланысты ауа райы жиі өзгереді. 

Қазақстанның солтүстік облыстарында наурыз — қыстың жалғасы, бір ай ішінде қыс мезгіліндей суық ауа райы, қар, боран, көктайғақ және тұман жиі болады.  Ал кей күндері көктемдегідей жылы болады.

Бірінші онкүндікте температура жоғарылайды:

- елдің солтүстік-батысында, солтүстігінде, орталығында түнде -5-17°С-тан -3-8°С-қа дейін, күндіз -1-7°С-тан -2+3°С-қа дейін;

- елдің шығысында түнде -20-35°С-тан -3-13°С-қа дейін, күндіз -3-12°С-тан -2+5°С-қа дейін;

- елдің оңтүстік және оңтүстік-батыс аймақтарында түнде 0, -10°С-тан -3+5°С-қа дейін, күндіз 0, +7°С-тан +7+15°С-қа дейін, қиыр оңтүстікте +18°С-қа дейін.

Екінші онкүндікте ауа температурасы ауытқиды: 

- солтүстік жартысында түнде -17-27°С-тан -3-13°С-қа дейін, күндіз -7-12°С-тан -1-6°С-қа дейін;

- оңтүстік жартысында түнде 0, +10°С — тан -5-15°С-қа дейін, күндіз +10+20°С-тан 0+8°С-қа дейін.

Бірақ көктемгідей жылы ауа райы айдың үшінші онкүндігінде орнығады — елдің солтүстік жартысында түнде -5+3°C, күндіз +3+13°C, оңтүстікте — түнде +2+10°C, күндіз +15+21°C болжанады.

Наурызда орташа ауа температурасы республиканың басым бөлігінде нормаға жуық, елдің қиыр оңтүстігінде 1°-қа жоғары болады.

Наурыз айында жауын-шашын мөлшері Қазақстанның басым бөлігінде нормаға жуық.

Шығыс Қазақстан облысында, Абай облысының шығыс жартысында, Павлодар және Жетісу облыстарының шығысында, Алматы облысының оңтүстігі мен шығысында нормадан көп болады деп болжанып отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға