Жаңалықтар

Наурыз-2025. Қазақстандықтар мейрамды қалай тойлады?

Наурыз-2025. Қазақстандықтар мейрамды қалай тойлады?
Фото: gov.kz 24.03.2025 12:04 609

Наурыз мейрамы – көктемнің жарқын бастауы, жаңару мен бірліктің символы. Қазақстанда бұл мереке жыл сайын ерекше атап өтіледі, ал 2025 жылы да елдің түкпір-түкпірінде ауқымды шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Наурыз-2025. Қазақстандықтар мейрамды қалай тойлады?

Президент құттықтауы 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Expo» көрме орталығындағы этноауылда Наурыз мерекесін жұртшылықпен бірге қарсы алды. Мерекелік іс-шараға жиналған көпшілікті Наурыз мейрамымен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.

Ұлыстың ұлы күні – ұлтымыздың ұлық мейрамы. Бұл – біздің ата дәстүріміз. Шуақты көктем мерекесінде бүкіл дүние қайта жаңғырады. Күн мен түн теңеледі. Қазақ елі әз-Наурызды көне заманнан бері тойлап келеді. Наурыз – ең алдымен, игілікті істердің мерекесі. Осы күндері әр үйде ақ дастархан жайылады. Ел-жұрт бір-бірімен қауышып, ақ тілегін айтады. Мұқтаж жандарға қайырымдылық жасап, қамқорлық көрсетеді. Ұлыстың ұлы күні биыл да қасиетті Ораза айымен тұспа-тұс келіп отыр. Еліміз үшін мұның мән-маңызы зор. Себебі біздің дініміз бен дәстүріміз – егіз. Қос қазынамыз халқымыздың бірегей болмысын айшықтай түседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мерекелік шаралар мен дәстүрлер

Қазақстанның барлық өңірлерінде Наурыз мейрамына орай түрлі мәдени және ойын-сауық бағдарламалары өтті. Елорда Астана мен Алматыда орталық алаңдарда ұлттық киім киген өнерпаздардың қатысуымен театрландырылған көріністер ұйымдастырылды. Сондай-ақ, айтыс, бәйге, асық ату, арқан тарту секілді ұлттық ойындар көпшіліктің назарын аударды.

Астана қаласында Наурыз мейрамына орай ЭКСПО халықаралық көрме орталығында үлкен мерекелік жәрмеңке өтті. Оған еліміздің әр өңірінен 100 тоннадан астам азық-түлік өнімдері қойылып, тұрғындарға жаңа піскен көкөністер мен жемістер, ет және сүт өнімдері, шығыс тәттілері, бауырсақтар ұсынылды. Азық-түлік жәрмеңкесіне 50-ден астам кәсіпкер қатысты, олардың арасында гастрономиялық өнімдерді өндірушілер де болды.

Жәрмеңкеде азық-түлік өнімдерінен бөлек, қазақ мәдениетінен сыр шертетін түрлі атрибуттар да қойылды. Оның ішінде ұлттық киімдер, кәдесыйлар, картиналар, ыдыс-аяқтар, тұрмыстық заттар, төсек-орын жабдықтары бар. Қала тұрғындары мен қонақтары қазақы стильде безендірілген базар атмосферасын сезініп, ерекше әсер алды.

Алматыда да Наурыз мерекесі ерекше өтті. Мәселен Панфилов жаяу жүргіншілер көшесінде роботтар қала тұрғындары мен қонақтарын қарсы алып, мерекелік көңіл-күй сайлады. Дәстүрлі тақия мен шапан киген гуманоидты роботтар адамдармен амандасып, суретке түсті. Бұл роботтар Наурыз мейрамына арналған арнайы бағдарламамен жабдықталған, олар мерекелік құттықтаулар айтып, би биледі. Қала тұрғындары мен туристер робот-бариста дайындаған кофеден дәм татып, робот-аспаз әзірлеген бауырсақты жеп көрді.  

Сонымен қатар, ескі пластиктен жасалған стационарлық роботтар экологиялық сананы көтеру мақсатында орнатылды. Панфилов көшесінің ортасында орнатылған кинетикалық туннель өтіп бара жатқан адамдардың қимылын қайталап, ерекше әсер қалдырады. Виртуалды шынайылық аймағында садақ атып көруге немесе ұлттық нақыштағы фотосуреттер жасауға мүмкіндік болды. «Ой-Думан» интеллектуалдық шоуында қатысушылар жасанды интеллект және робототехника бойынша түрлі тапсырмалар орындап шықты.

Рекордтар мен перфоманстар

Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жүзден астам қолөнерші небәрі бір сағат ішінде 500 тақия тігіп, Қазақстан рекордтар кітабына (КИнЭС) енді.

Перформанстың ең жас қатысушысы – 9 жастағы бала. Бұл тігіншілердің рекорд орнатуы бойынша алғашқы жағдай емес. Бұған дейін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында 450 шебер жалпы көлемі 11 мың шаршы метрден асатын құрақ көрпе тігіп, әлемдік рекорд жаңартқан.  

Отандық дизайнерлер өз топтамаларын ұсынып, этникалық стильдегі әшекейлер, суреттер мен киімдер көрмеге қойылады. Қала тұрғындары мен қонақтары осы ерекше шараға қатысып, ұлттық өнермен жақынырақ таныса алады. 

Наурыз-2025. Қазақстандықтар мейрамды қалай тойлады?

Ал Көкшетауда ұлттық дәстүрімізді ұлықтаған ерекше шара өтті. Онда кимешек киген аналардың шеруі Қазақстан рекордтар кітабына енді. Бұл шараға 1600 әйел қатысып, республика бойынша жаңа рекорд орнатылды.  

Шерудің алдыңғы қатарында өңірдің дамуына, мәдениетінің өркендеуіне үлес қосқан танымал тұлғалар жүрді. Олардың қатарында Қазақстанның халық әртісі Жібек Бағысова, еңбек сіңірген әртіс Бисара Макенова, мәдениет қайраткері Орынтай Жүсіпәлина, тілтанушы Марал Жақыпова, ұлттық киім шебері Үлжалғас Қарымсақова, қолданбалы өнер шебері Гүлнар Орынбаева, Аналар кеңесінің төрайымы Айнұр Жахина және көпбалалы ана Анаргүл Мұхамедрахимова бар.  

Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Бақытжан Тастүлеков шеруді рекорд ретінде тіркеп, Ақмола облысының әкіміне арнайы сертификат табыстады.  

Ал Алматыдағы Абай ескерткішінің алдында ұлы ақынның «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» шығармалары орындалды. Іс-шараға 5 мыңнан астам адам қатысты.

Ақтаудағы ерекше рекорд тіпті әлемдік деңгейге дейін жетті. Қазақтың ұлттық киімін киген 5 мың адам Каспий жағалауында жиналып, «Қазақ ұлттық киіммен ең көп адам жиналысы» номинациясы бойынша Гиннесс рекордын орнатты.

«Best Fest Nauryz» шарасына 5500-ден астам адам тіркеліп, қазақ халқының мәдени мұрасын әлемдік деңгейде насихаттауға үлес қосты.  

Рекордты тіркеу рәсімі бірнеше сағатқа созылып, Ұлыбританиядан келген Гиннесс рекордтар кітабының ресми өкілдері қойылған талаптардың толық орындалғанын растады.  

Гиннесс рекордтар кітабының ресми өкілі Ричард Стэннинг қазақ халқын тарихи жетістікпен құттықтап, шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.  

Абай облысында болса Ұлыстың ұлы күніне орай бір мезетте 180 баланың тұсауы кесілді. Іс-шара қазақтың ұлы ақыны Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналды.  

Наурыз мейрамын кең көлемде атап өту мақсатында өңірде 300-ге жуық киіз үй тігілді. Мерекелік шаралар облыстың барлық ауданын қамтып, қаладағы әр шағын ауданда ұйымдастырылды. Семейде 40-қа жуық бүлдіршіннің тұсауы кесіліп, ата-аналар игі дәстүрдің жалғасқанына қуанды. 

Наурыз-2025. Қазақстандықтар мейрамды қалай тойлады?

Мерекелік дастарқан мен ұлттық тағамдар

Астанадағы сервис және туризм колледжінің ұжымы Наурыз мейрамы қарсаңында қазақтың дәстүрлі тағамы – жентті дайындауды қолға алды.  Бұл іс-шараға 15 өндірістік оқыту шебері, 31 оқытушы және 55 студент қатысып, ұлттық тағам әзірлеудің қыр-сырын үйренді.  

Дайын жентке 50 кг талқан қолданылып, оның жалпы ұзындығы 15 метр, ені 30 см, биіктігі 4 см болды. Жалпы салмағы 150 кг-ға жуықтайтын бұл өнім қазақтың байырғы тағам дәстүрін жаңғыртуға бағытталды.  

Жент – аса шеберлікпен жасалатын, дәмі мен нәрін ұзақ уақыт сақтайтын ұлттық тағам. Қыста қатпайтын, жазда бұзылмайтын бұл жеңсік ас көшпелі халықтың дастарқанында ерекше орын алған.  

Наурыз-2025. Қазақстандықтар мейрамды қалай тойлады?

Қазақ халқының қонақжай дәстүріне сай, мерекелік дастарқандар жайылып, қонақтарға наурыз көже ұсынылды. Биылғы жылы аспаздар ерекше рецептермен дайындалған көже түрлерін ұсынса, кейбір өңірлерде ең дәмді көже жасаған отбасылар арасында байқаулар өткізілді. Сонымен қатар, бауырсақ, қазы-қарта, қымыз және басқа да ұлттық тағамдар көпшілікке ұсынылды.

Тараз қаласында көрермендерге ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, салт-дәстүрді насихаттайтын театрландырылған қойылым ұсынылды. Белгілі өнерпаздар әсем ән шырқап, мың бұралған би билеп, күмбірлеген күй орындап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Ал Қ. Рысқұлбеков саябағына дейін ақшаңқай киіз үйлер тігіліп, алтыбақан орнатылды. Мерекеге келгендер ұлттық тағамдардан дәм татып, наурыз көженің ерекше дәмін сезінді. Сонымен қатар, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, қатысушылар өз шеберліктерін көрсетті.

Осы тұста Ақтөбеде «Наурыз. Бірлік. Береке» атты мерекелік іс-шарасы ерекше өткенін айта кетейік. Мәселен қала тұрғындары мен қонақтарына "ҚұртStyle: Дәстүрден - дәмді өнерге" аясында әртүрлі әдіспен дайындалған құрттар ұсынылды. Бұдан бөлек қонақтар наурыз көже, шұбат, бауырсақ және түрлі ұлттық тағамдардан дәм татты.  

Жәрмеңке, спорт және дәстүр

Наурыз мерекесі аясында жәрмеңкелер ұйымдастырылып, онда қазақ қолөнершілерінің туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Ағаштан, күмістен жасалған ұлттық бұйымдар, киізден тігілген бас киімдер, ұлттық оюлармен көмкерілген киімдер мерекеге ерекше сән берді. Қолөнершілер шеберлік сабақтарын өткізіп, келушілерге ұлттық мұраны өз қолымен жасау мүмкіндігін сыйлады.

Наурыз-2025. Қазақстандықтар мейрамды қалай тойлады?

Биыл Ұлытау облысы бойынша 90-ға жуық киіз үй тігілді. Оның 22-сі Жезқазған қаласында орнатылды. Киіз үйлер ұлттық дәстүрді насихаттайтын ерекше орын ретінде қарастырылып қана қоймай, безендірілуімен, мерекелік ерекше атмосфера сыйлауымен, ұлттық тағамдарды ұсынуымен өзара сайысқа түсіп, үздіктері анықталды.

Қонаев қаласында Наурыз мейрамына орай ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті.  Б. Соқпақбаев атындағы орталық саябақта ұйымдастырылған бұл шараға 6 жастан 60 жасқа дейінгі 500-ден астам адам қатысты.  

Наурыз-2025. Қазақстандықтар мейрамды қалай тойлады?

Жарыстар арқан тарту, қошқар көтеру, ләңгі ойнау, қол күресі және асық ату сияқты дәстүрлі ойындар бойынша өтті. Асық ату сайысына 50-ден астам бала мен ересек адам қатысып, дәлдігі мен шеберлігін сынады.  Қошқар көтеру сайысында 18 жастан асқан 20-дан астам ер адам күшін көрсетіп, көрермендерді таңғалдырды. 

Қызылорда облысындағы Аралда «Армысың, әз Наурыз!» атты мерекелік шара облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен өтті. Іс-шараға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері және аудан тұрғындары қатысты.  

Наурыз-2025. Қазақстандықтар мейрамды қалай тойлады?

Орталық алаң Наурыз мейрамына сай безендіріліп, ұлттық дәстүрлерді дәріптейтін көрмелер ұйымдастырылды. Қонақтар қолөнер туындылары мен тарихи жәдігерлер қойылған көрмелерді тамашалады. Мерекелік бағдарламаның бір бөлігі ретінде ұлттық ойындар ойнатылып, қыз бен жігіт айтысы өтті.  

Павлодарда Наурыз мейрамын тойлау әкімдік алдындағы орталық алаңда кең көлемде өтті.  Мыңдаған қала тұрғындары мен қонақтары отбасыларымен бірге жиналып, ұлттық нақышта безендірілген киіз үйлер мен алтыбақандардың сән-салтанатына куә болды.  

Наурыз-2025. Қазақстандықтар мейрамды қалай тойлады?

Биыл Наурыз мерекесі «Наурызнама» онкүндігі тұжырымдамасы аясында 10 күн бойы тойланды. Әр күн белгілі бір тақырыпқа арналса, мерекелік шаралар өңірдің барлық аймағын қамтыды.  

Павлодар Ертіс өңірінде Наурызды мерекелеу аясында 170 киіз үй тігіліп, халыққа ұлттық дәстүрлерді дәріптейтін ауқымды бағдарламалар ұсынылды.  

Түркістанда Наурыз мейрамына орай «Ән мен әнші» атты мерекелік концерт өтті. Бұл думанды шара киелі шаһардың ерекше мәртебе алу құрметіне арналып, Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтті.  

Наурыз-2025. Қазақстандықтар мейрамды қалай тойлады?

Күндіз Наурыз мейрамына арналған ауқымды іс-шараны тамашалаған түркістандықтар мен қонақтар кешке әсерлі концертте бас қосты. Кеште қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Роза Рымбаева мен Мақпал Жүнісова бастаған өнерпаздар ән шырқады.  

Әсем әуендер көрермендердің жүрегін жылытып, ерекше көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, Түркістан музыкалық драма театры «Вальс королі» қойылымын көрермен назарына ұсынды.

Наурыз-2025. Қазақстандықтар мейрамды қалай тойлады?

Қоршаған орта мен экологиялық бастамалар

2025 жылғы Наурыз мейрамы экологиялық тазалық шараларымен ерекшеленді. Көптеген қалаларда сенбіліктер ұйымдастырылып, ағаш отырғызу дәстүрі жалғасын тапты. Экологиялық қозғалыстар халықты табиғатты аялауға шақырып, Наурызды таза ортада қарсы алу идеясын насихаттады.

Мәселен Ұлытау облысында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында ауқымды іс-шаралар өтті.  Акция басталғалы бері 148 мыңнан астам адам, 1317 ұжым, 1972 бірлік техника жұмылдырылып, 3457 тонна қоқыс шығарылды. Экологиялық шараларға 264 кәсіпорын мен 224 әлеуметтік нысан тартылып, аймақты көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.  

Наурыз-2025. Қазақстандықтар мейрамды қалай тойлады?

Атырауда Наурызнама онкүндігі аясында «Таза жағалау» экологиялық акциясы өтті. Тазалық жұмыстарына 500-ден астам адам қатысып, арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталды.  

Әр жыл сайын өтетін бұл шараға 100-150 мекеме мен көптеген волонтерлер атсалысады. Бұл бастама қоғамның экологиялық жауапкершілігін арттырып, қоршаған ортаны таза ұстауға деген ынтаны күшейтуге бағытталды.  

Наурыз-2025. Қазақстандықтар мейрамды қалай тойлады?

Өскеменде «Наурызнама» онкүндігінің соңғы күні – «Тазару күні» аясында «Бұлақтың көзін ашу» атты экологиялық акция өтті. Yаурыз мейрамының басты дәстүрлерінің бірі – бұлақ көзін ашу, бұл табиғаттың жаңаруын және жерге нәр беретін судың тазалығын бейнелейді. Өскемен тұрғындары осы игі дәстүрді жалғастырып, табиғи су көздері мен олардың айналасын тазарту жұмыстарын жүргізді. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға