Жаңалықтар

Наурызда әспеттелетін әдет-ғұрыптар

Наурыз көже, Наурыз жыры, Наурыз бата, Наурызша әдет-құрыптары
Наурызда әспеттелетін әдет-ғұрыптар
15.03.2017 16:58 7552

Халық ұғымы мен сенімі бойынша наурыздың алғашқы үш күні ішінде жер-көкті жарып бір гуіл (дыбыс) өтеді. Оны жан-жануарлар ішінде жұмақтан шыққан қой ғана және қой арқылы қойшы ғана сезеді дейді білетіндер. Сол күні барлық табиғат, жаратылыс, тіршілік, өсімдік, адам бойына ерекше сезім, қуат, қасиет бітіреді. Бұл күндері тырнақ, шаш алса, халық әлгіндей асыл қасиеттер қиылып кетіп, адам сал ауруға ұшырайды деп ырымдаған. Жер-көк, жан-жануар әр өткен соң ғана қуат алады деп түсінген халық «әз болмай, мәз болмайды» деп қанатты қағида қалдырған.

 

Наурыз көже

Наурыз тойына ғана тән, көпшілікке арналған мерекелік тағам. Оны әр үй жеті түрлі дәммен: сүт, ет, су, тұз, тары, құрт, жеміс, тағы сол сияқты тағам үлгілерінен жасап, оған қазы, шұжық сияқты сыйлы мүшелер қосып, мерекемен құттықтауға келгендерге ықыласпен ұсынады. Наурыз көженің дәстүрлік, мерекелік ұлттық тағылымы өте зор. ол барлық адамдарды жомарттыққа, ізгілікке, ұйымшылдыққа, татулыққа, бірлікке шақырады.

Наурыз – тоқшылық күні. Қазан оттан түспейді. Әр үй Наурыз көже істейді. Уыз қатырылады. Сорпа сапырылады.

Наурыз жыры – Наурыз мерекесінде айтылатын халық ауыз әдебиеті түрлерінің бір саласы. Жыр-өлең осы күнге лайықталып, мадақтау, тілек, бата, әзіл түрлерінде айтылады. Оның түрлері халық арасында бұрынғы, соңғы ақындардың шығармалары да көптеп саналады.

 

Ұлыс күні қазақ болса,

Ол жылы ақ мол болар.

Ұлы кісіден бата алсаң,

Сонда олжалы жол болар...

Ұлыстың ұлы күнінде

Бай шығады балбырап.

Қасында жас жеткіншек

Тұлымшағы салбырап.

Келіншек шығар керіліп

Сәукелесі саудырап.

Қыз шығады қылмиып,

Екі көзі жауырап

Наурыз бата

Халықта батаның түрлері көп. Соның бірі – осы Наурыз бата. Мұнда наурызнама өткізгендерге осы күнге аранап «Наурыз көжеге» шақырғандарға, тойда өнер көрсеткен ақын, әнші, палуандарға, тағы басқа өнерпаздарға, жас талапкерлерге ақсақалдар мен әжелер, ел ағалары бата береді. Бата жалпы жұртшылыққа, көпшілікке, бүкіл қауымға, ауылға да беріледі. Мысалы:

Өркенің өссін!

Әр күнің Наурыз күніндей берекелі болсын!

Ұлың – оңға, қызың қырға қонсын!

Еліңе елеулі, халқыңа қалаулы бол!

Айың тусын оңыңнан.

Жұлдызың тусың солыңнан,

Бақ берсін, Қыдыр дарысын!

Жастар бұл күні үлкендерге бата алуға тырысады. Наурызда алған батаның орны бөлек. Мұндай батаны «уыз бата» деп дәріптейді.

Наурызша. Наурыз айында ашық күндері қолын жасағандай ерекше ою-өрнекті, әрі жұп-жұқа қиыршық қар түседі. Ол күн көзіне шашырап, жылтырап құбылады. Анықтап қарағанда, басқа қар қиыршықтарындай есе, жеңіл де үлпілдек болады. Мұны халық «наурызша» деп атаған: «Наурызша» – жаңа жылдың, алдағы жылылықтың белгісі.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға