Жаңалықтар

Науқаншылдық, көзбояушылық және статистика үшін жұмыс істеуді тоқтату қажет - Тоқаев

Науқаншылдық, көзбояушылық және статистика үшін жұмыс істеуді тоқтату қажет - Тоқаев
Фото: t.me/aqorda_resmi 22.01.2024 16:13 1196

Президент балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аударды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Атап айтқанда, былтыр кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыс саны 22 пайызға артқан. Мемлекет басшысының пікірінше, осы бағытта алдын алу жұмыстарын күшейту қажет. Полиция мектеп басшылығымен бірлесе жұмыс атқаруға тиіс.

Жас ұрпақтың тағдыры, өмірі мен денсаулығы бәрінен маңызды. Үкіметке балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау мәселесін мұқият саралап, нақты шаралар қабылдауды тапсырамын. Жасөспірімдер бос жүрмеуге тиіс. Олардың шығармашылыққа, спортқа қызығушылығын арттыру жағына көбірек көңіл бөлу қажет. Балаларды еңбекке баулып, волонтерлік қызметке жұмылдырған абзал. Көзбояушылық үшін жасалатын жұмысты доғару керек, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Президент есірткінің таралуына батыл түрде тосқауыл қоюды талап етті.

Мен бірнеше рет осы мәселеге қатысты тапсырма бердім. Алайда ауыз толтырып айтатын нәтиже жоқ. Синтетикалық есірткінің қолжетімділігі және оның барынша тез таралуы жастар арасында нашақорлықтың белең алуына әкеп соқтырады. Оларға нашақорлықтың қаншалықты қатерлі екенін үнемі түсіндіріп отыру қажет. Полиция есірткі өндіру, оны сату және таратуға қарсы белсенді күрес жүргізуі керек. Науқаншылдық, көзбояушылық және статистика үшін жұмыс істеу дегенді тоқтату қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар киберқылмыспен және интернет-алаяқтықпен күрес шараларын күшейту жөнінде тапсырма берілді.

Ұрылар мен бандиттер түрмеде отыруы керек. Бұл – сіздердің криминалға қарсы әрекеттеріңіздің бірден-бір мақсаты. Қылмыстық топтармен ымырасыз күресу – сіздердің тікелей міндеттеріңіз әрі қызметтік борыштарыңыз, – деді Мемлекет басшысы.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға