Жаңалықтар

National Geographic»-тің үздік 50 суреті

Фотокөрме
27.05.2016 11:14 6711

National Geographic»-тің үздік 50 суреті

Бүгін елордадағы Ұлттық музейде «National Geographic»-тің үздік 50 суреті» атты фотокөрме ашылды. Көрме Орталық Азияда тұңғыш рет жарық көрген «National Geographic Қазақстан» журналының тұсаукесері аясында ұйымдастырылып отыр.

National Geographic»-тің үздік 50 суреті

Шараға «National Geographic» халықаралық журналының Вашингтоннан келген басшылығы, шетелдік меймандар, ҚР Парламентінің депутаттары, еліміздегі дипломатиялық корпус өкілдері, ғалымдар мен зиялы қауым, бизнес-қауымдастық мүшелері, мемлекеттік орган қызметкерлері мен журналистер қатысты. Журналдың тұсаукесер рәсіміне арналған баспасөз мәслихаты ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевтың құттықтау сөзімен ашылды.

ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев

Министр өз сөзінде «National Geographic Қазақстан» журналының ашылуын биылғы жылдың елеулі оқиғасына теңеді. «Бұл журналға Елбасының өзі айрықша назар аударып, алғашқы нөміріне ақ тілегін жолдады. Біз өзіміздің ең үздік төл материалдарымызды ағылшын тіліне аудару арқылы елімізді дүниежүзіне танытудың тағы бір мүмкіндігіне қол жеткіздік. Әлемдік журналдың Орталық Азияда бірінші болып шығарылуына Қазақстанның бастамашы болғаны да заңдылық деп ойлаймын. Өйткені, біздің жаһан жұртшылығына ұсынуға лайықты құндылықтарымыз бен жауһарларымыз көп.

Адамзат өркениетінің дамуына орасан үлес қосқан, заманында әлемнің саяси географиясына ықпал еткен мемлекеттердің шежіресі Қазақстанмен сабақтасып жатыр. Тасын түртсе, тарихы сөйлейтін, Алтай мен Каспийдің арасындағы ұлан-ғайыр даламыздың талайды тамсандыратын табиғаты, мәйекті мәдениеті мен қайталанбас дәстүрі «National Geographic» үшін таусылмас тақырып болғанына күмән жоқ» деді Дәурен Абаев.

Даррен Смит

«National Geographic» халықаралық журналының жауапты редакторларының бірі, басылым директорының орынбасары Даррен Смит Қазақстан туралы мұрағаттан алынған мақалалар тарихына тоқталды. Ал, журналдың маркетинг директоры Ариель Лор әйгілі брендтің тарихына шолу жасады. «National Geographic Қазақстан» журналының бас редакторы Еркін Жақыпов жергілікті редакцияның ұстанған бағыты мен алдағы жоспарлары туралы айтып өтті. Бас редактордың айтуынша, журналдың қазірге дейін шыққан сандарында шыққан көптеген материалдар оқырманның жоғары бағасына ие болыпты. Мысалы, Арал тағдырына арналған мақала мен «Жаңа жер. Астана» деп аталатын материал көпшіліктің көңіліне қозғау салған екен. Еркін Жақыпов журнал ұжымының бірге алдағы дүйсенбіде ресейлік әріптестерімен бірге Балқашқа экспедицияға аттанатынын айтты. 

Шопан бала бекер жылап тұрған жоқ. Өтіп бара жатқан көлік оның алты қойын қағып кетті. Пуно, Перу. 1981

Айта кетерлік ерекше жайт, шараға бүгінде жасы сексеннен асқан Фазила Жаңалтай есімді әже құрметті қонақ ретінде шақырылды. Ол кісінің суреті «National Geographic» журналының 1954 жылы шыққан санында жарияланған екен. Қытайдағы босқын қазақтар туралы мақалада солтүстік Алтайдан шығып, Түркияға табан тіреген жұрттың аянышты өмірі баяндалған. Тағдырдың тауқыметін тартып, тарихтың тірі куәгеріне айналған қарт әжей – бүгінде тарыдай шашылған сол көштің көзі тірі санаулы өкілінің бірі. Атамекеніне оралған кейуана қазір Астана қаласында тұрады.

Фазила Жаңалтай

Ұлттық музейде екі айға созылатын «National Geographic»-тің үздік 50 суреті» атты фотокөрмеде 128 жылдық тарихы бар беделді басылымның әлемді өзгерткен ең үздік фотолары ұсынылған.

Ғарышкер Айдын Айымбетов суреттерді тамашалап тұр

Онда Стив Маккарридың дүниені шарлаған әйгілі «Ауған қызынан» бастап, Джейн Гудоллдың таңғажайып кадрлары, Томас Аберкромби 1965 жылы түсірген Мекке көрінісі және «National Geographic» тарихындағы басқа да танымал туындылар қойылды. Сондай-ақ, көрме қонақтары Эмори Кристоф 4 022 метр тереңдікте 10 мың ваттық жарықпен «тірілткен» Титаниктің суретіне тәнті болды.

National Geographic»-тің үздік 50 суреті

 «National Geographic»  – әлемдегі ең беделді қоғамдық ұжымдардың бірі. Негізі ХІХ ғасырда қаланған брендтің меншігіне бірқатар телеарналар, журналдар мен баспа үйлері кіреді. Бүгінде «National Geographic»-тің әлемде 600 миллион аудиториясы бар. Бұл ұжым 128 жылда ғылыми-зерттеу жұмыстарына 11мың грант бөлді. Басылым бетіндегі мақалалар шынайы әрі түбегейлі ғылыми зерттеулерге негізделген. Журнал әлемнің 38 тілінде, 80-нен астам елге тарайды. Тарихы терең басылым адамзат баласын ғаламшарды қорғауға шақырады, табиғатты аялауға үндейді.

National Geographic»-тің үздік 50 суреті

«National Geographic Қазақстан» редакциясының жұмысымен мына материалда таныса аласыздар!  


Роза СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген – Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға