Наталья Жұмаділдаева: Экологиялық тәрбие бала кезден қалыптасу керек
Елімізде «Жасыл балабақша» бағытында жұмыс істейтін 77 балабақша бар. Бұл туралы оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева кеңірек айтып берді.
El.kz: «Жасыл балабақшалардың» мақсаты не, олар қандай бағытта жұмыс жүргізуде?
Наталья Жұмаділдаева: Баршаңызға белгілі, қоғамды экологиялық ағарту, ақпараттандыру жалпы күллі әлемде ең өзекті мәселенің біріне айналғаны рас. Елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыру, білім берудің барлық деңгейінде экологиялық білімді насихаттау, тұрақты дамуды қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Ол 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасында да көрініс тапқан.
Экологиялық проблемалар және оның алдын алу мәселелері білім беруде экологиялық ағартушылыққа көңіл бөлу қажетілігін туындатты. Адамзат табиғатпен байланысты және табиғатқа тәуелді, мұны әрбір адам жете түсінуі қажет.
Экологиялық тәрбие, қоршаған ортаны қорғау оны аялау туралы түсінік баланың санасына ерте жастан бастап сіңірілуі керек. Себебі, бала дәл осы жаста ересектер үңіле бермейтін табиғаттың кейбір ерекшеліктерін тануға, білуге құмартып, түрлі сұрақтар қояды, шын таңқалады, қуанады, мұңаяды, яғни әрбір ақпаратты эмоционалды түрде қабылдайды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген халқымыздың дана сөзі бар. Сондықтан, балаға тәрбие, біріншіден, тал бесіктен, яғни отбасында беріледі. Екіншіден, баланың қалыптасуы мен жетіліп-дамуына ықпал ететін ең алғашқы әлеуметтік ортасы – мектепке дейінгі ұйымдар. Осы себепті де экологиялық мәдениетті әрі сауатты тұлғаның қалыптасуы мен дамуында ата-ана мен балабақшалардың ынтымақтастығының маңызы зор. Бұл тақырыпқа біз сәл кейін қайтып ораламыз, қазір мен осы бағытта мектепке дейінгі ұйымдарда жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып өтсем деймін.
Балабақшаларда экологиялық тәрбие берудің басты мақсаты – өзінің іс-әрекетінің қоршаған ортаға салдарын түсінетін және табиғатпен үйлесімділікте өмір сүре алатын тұлғаны қалыптастыру. Осы бағытта еліміздің өңірлерінде бірқатар мектепке дейінгі ұйымдар экологиялық басым бағытта жұмыс жүргізуде. Айта кету керек, елімізде бүгінгі таңда 11 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым бар. Барлық балабақшалар мемлекеттік білім беру стандартымен жұмыс жасайды, алайда олардың арасында жұмыстарының басым бағыты ретінде экологиялық білім мен тәрбие беру, IT, шығармашылық секілді түрлі қажетті салаларды тереңірек ұғындыруға бағдарланған балабақшалар да бар. Жұмыс бағытын балабақшалар өздері айқындайды. Қазір елімізде экологиялық бағытта жалпы саны 77 балабақша жұмыс жасауда.
El.kz: Бұл балабақшалардың жұмыс ерекшелігі неде?
Наталья Жұмаділдаева: Балабақшалардың жұмыс ерекшелігінен бұрын, балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып өтсем деймін. Жоғарыда айтып өткенімдей, балабақшалардың экологиялық білім мен тәрбие берудегі басты мақсаты – балалардың қоршаған ортаға деген дұрыс көзқарасы мен қарым-қатынасын қалыптастыру. Табиғаттың, қоршаған ортаның қамқоршысы адам ерте жастан ұғынған бала экологиялық мәдениеті жоғары тұлға болып қалыптасады. Бүгінгі бала – еліміздің ертеңгі болашағы десек, оның бүгіннен бастап табиғатты қорғау шараларына белсене қатысып, қоршаған ортаның тазалығын сақтау, табиғат байлықтарын ұқыпты пайдаланудың маңыздылығын түсініп өсуі болашақтың жарқын болуының мызғымас кепілі деп едім.
Экологиялық тәрбие беру жұмысын ұйымдастырудың түрлері бар. Оған балалардың іс-әрекеттері - бақылау, табиғат бұрышындағы еңбек, эксперимент жүргізу, сюжетт-рөлді, дидактикалық ойындар және басқалары жатады. Сондай-ақ, экологиялық дамудың тәрбиелеудің мектепке дейінгі ұйымдарда қолданылатын ең тиімді тәсілдерінің бірі – әрине экологиялық мазмұндағы ойындар. Оның ішінде балалардың жас ерекшеліктерін есекере отырып өткізілетін экологиялық викториналар, квест-технология, бейнероликтер, эксперименттер, оқу-дамыту ойындары, экологиялық экскурсиялар, мейірімділік сабақтары, жас эколог зертханасы, қалдықтарды қайта өңдеу және үнемдеу бойынша түрлі танымдық қызығушылықты қалыптастыратын іс-шаралар ұйымдастырылады.
Экологиялық тәрбие берудің ерекшелігі ересектердің күнделікті тұрмыстық іс-қимылы арқылы балаға үлгі көрсетуі. Себебі, бала естігенін айтады, көргенін істейді. Баланы табиғат әлемімен үйлесімділікте өмір сүруге тәрбиелей отырып, ересектер саналы түрде оның жан-жақты тұлғалық дамуына жол ашады.
El.kz: Сіздің айтпағыңыз, балаға экологиялық тәрбие беруге ата-аналар да өз тараптарынан үлес қосуы керек қой? Қолындағы қоқысты көшеге тастай салған әкесін көрген бала, тәрбиешісінің айтқанын ұмытып, әкесінің жасағанын қайталайды, солай емес пе?
Наталья Жұмаділдаева: Табиғатты сүюге, аялауға тәрбиелеу – экологиялық бағытты таңдаған жасыл балабақшалардың ең негізгі мақсаты. Қоршаған ортаға баланың оң қарым қатынасын қалыптастыруда оның алған білімі мен күнделікті іс-әрекетінің арасында өзара байланыс болуы тиіс. Өздеріңізге белгілі, бүгінгі таңда білім беру ұйымдарының ата-аналармен ынтымақтастықта жұмыс жасауына аса мән берілуде. Ата-аналар балаларға экологиялық мәселелерді түсіндіруде, табиғатты қорғау шараларына қатысуда белсенділік танытып, туған табиғатқа, оның байлығын аялауға бірлесіп тәрбиелеу керек. Бала құстың ұясын бұзуға, гүлдерді таптауға болмайтынын түсініп қана қоймай, құсқа, гүлдер мен жасыл желектерге, яғни өзін қоршаған ортаға деген сүйіспеншілікті сезінуі керек. Бұл балалардың экологиялық мәдениетінің негіздерін қалыптастырады.
Балабақшаларда ата-аналардың қатысуымен түрлі экологиялық акциялар, қалдық материалдардан жасалған қолөнер бұйымдарының көрмесі, бірлескен шығармашылық жобалар, эксперименттер ұйымдастырылады. Сонымен қатар, ата-аналарға арналған экологиялық мәдениет бойынша семинарлар мен тренингтер өткізу де пайдалы.
El.kz: Жасыл балабақшалар желісін кеңейту жоспарда бар ма?
Наталья Жұмаділдаева: Бүгінде өңірлерде мектепке дейінгі ұйымдардың үздік педагогикалық тәжірибесін, оның ішінде «Жасыл балабақшалардың» жетістіктерін зерделеу және тарату бойынша жұмыс жүргізілуде. Осы мақсатта түрлі алаңдарда балабақша меңгерушілері мен тәрбиешілерінің әдістемелік кеңес отырыстары, түрлі байқаулар, семинарлар-практикумдар өтуде. Жыл сайын түрлі жас топтарында экологиялық білім беру міндеттерін шешуге бағытталған «Жасыл балабақша» желісі кеңеюде. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру – бұл кешенді және үздіксіз процесс. Балабақшада экологиялық мәдениетті дамыту балалардың болашақта экологиялық сауатты, жауапты азамат болып өсуіне ықпал етеді.