Жаңалықтар

Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы 2025 жылға дейінгі кешенді жоспар қабылданды

Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы 2025 жылға дейінгі кешенді жоспар қабылданды
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 03.07.2023 22:31 1109

Президент бастамасымен Үкімет Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарды қабылдады.

Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлімдеді.

Мемлекет басшысы былтырғы қыркүйек айындағы Жолдауында осындай жоспар әзірлеу жөнінде тапсырма берген еді. Президент өзінің Сайлауалды бағдарламасында синтетикалық есірткінің таралуына қарсы күресті маңызды басымдықтардың бірі ретінде белгіледі, - дейді Мемлекеттік кеңесші.

Қариннің айтуынша, мұндай жоспар 2016 жылдан бері болмағанын айта кеткен жөн. Бұл есірткіге қарсы күрестің тиімділігіне теріс әсерін тигізді.

Сондықтан былтыр Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес синтетикалық есірткінің таралуы мәселесін алғашқылардың бірі болып көтеріп, қоғам назарын аударды, - дейді ол.

Бұл мәселеге Парламент Мәжілісінің жаңа шақырылым депутаттары алаңдаушылықтарын білдіріп, депутаттық сауал жолдаған.

Ал Президент Түркістандағы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде жастар арасында есірткінің таралуын ұлт саулығына қауіп төндіретін кесел деп атады. Мемлекет басшысы бұл мәселені айрықша бақылауда ұстайтынын айтты.

Қабылданған Кешенді жоспар сарапшылар арасында, соның ішінде Жастар саясаты жөніндегі кеңесте де кеңінен талқыланды. Құжаттағы жаңа тетіктер мен құралдар, ең алдымен, нашақорлықтың алдын алуды және есірткіге тәуелді адамдардың санын азайтуды көздейді. Кешенді жоспардың ең басты мақсаты – қоғамның, азаматтық институттар мен барлық билік органдарының күш-жігерін осы мәселеге жұмылдыру, - делінген Қариннің жазбасында.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға