Нартай Аралбайұлы Президенттің футбол клубтары туралы ұсынысына пікір білдірді

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың футбол клубтарының қаржыландыру мәселесіне қатысты айтқан бастамасына қолдау білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Президент өз сөзінде: “Клубтар облыстық бюджеттерге ғана арқа сүйемей, шетелдердегі секілді өздері де табыс табуды үйренуі керек. Сондықтан мен кәсіпкерлерді клубтық футболға бизнес ретінде қарауға шақырамын. Футбол клубтары жекеменшікке өтпей, іс алға баспайды. Бұл – әлемдік тәжірибе. Клубтар жекеменшік болса, шетел спортшыларын шақыру құқығына ие болады”, – деген болатын.
Қазақстан футболының қаржылық ахуалы
Қазақстан премьер-лигасындағы (ҚПЛ) 14 клубтың 2023-2024 маусымындағы жалпы қаржысы 87 миллион еуроны құрады. Бұл қаражаттың 54 миллион еуросы футболшылардың жалақысына жұмсалған. UEFA-ның Еуропа клубтары арасындағы қаржылық есебіне сәйкес, бұл көрсеткіш Қазақстанды 28-орынға орналастырды, - дейді Нартай Аралбайұлы.
Алайда, сарапшылардың мәліметінше, ҚПЛ-дағы клубтардың қаржысының 81%-ы әлі күнге дейін мемлекеттік бюджеттен бөлінеді. Елімізде тек бір клубтың ғана мемлекеттік емес акционері бар, ал шетелдік инвесторы бар клуб мүлдем жоқ.
Әлемдік тәжірибе және болашаққа ұсыныс
Президенттің пікірінше, футбол клубтарының жекеменшікке өтуі – қаржылық тәуелсіздікке жетудің және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болудың басты жолы. Жекеменшік клубтар шетелдік спортшыларды тарту мүмкіндігіне ие болып, отандық футболдың дамуына серпін бере алады, - дейді депутат.
Нартай Аралбайұлының айтуынша, Қазақстан футболын дамыту үшін мемлекеттік қолдаудан бас тартып, бизнес-модельге көшу қажеттігі айқын байқалады. Бұл мәселе алдағы уақытта кәсіпкерлер мен инвесторлардың назарына ілігер деп күтілуде.
