«Нақты көрініс бұрмаланған». Депутат жұмыссыздық мәселесін көтерді
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев еліміздегі өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі – жұмыссыздықты көтеріп, Үкіметке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ол мемлекет басшысының халықтың жұмыспен қамтылуын және табысын сақтауды басты басымдық ретінде бірнеше рет атап өткеніне назар аударды.
Алайда осы басымдықты іске асыруға жауапты министрліктердің қазіргі әрекеттері үлкен сұрақтар тудырады. Себебі соңғы 15 жыл ішінде жұмыссыздықтың нақты деңгейі әдейі төмендетіліп, 4-5% деңгейінде сақталып отыр деген түсінік қалыптасты. Үкімет бұл көрсеткішті қалыпты жағдай ретінде қабылдай бастады. Нәтижесінде еңбек нарығындағы нақты көрініс бұрмаланып, халықты жұмыспен қамту бағдарламаларының тиімсіздігіне әкеліп отыр, – деді депутат.
Оның айтуынша, Үкімет бұл мәселені кешенді түрде шешудің орнына, күш-жігерін уақытша жұмыс орындарын құруға бағыттауда.
Дамыған Еуропа елдерінде, атап айтқанда, Финляндия, Франция, Италия және Испанияда жұмыссыздық деңгейі орта есеппен 7%-дан 12%-ға дейін жетеді. Бұл ресми деректер мен еліміздегі еңбек нарығындағы шынайы жағдай арасындағы алшақтықты айқын көрсетеді. Аталған елдерде жұмыссыздық статистикасы объективті өлшемдерге негізделсе, бізде бұл көрсеткіш мүлдем басқаша есептеледі.
Менің ойымша, бұл сандар арасындағы айырмашылық еліміздегі ресми статистиканы есептеу әдістемесінің дұрыс еместігінен туындап отыр. Жұмыспен қамтылғандар қатарына маусымдық жұмысшылар, қоғамдық жұмыстарға уақытша тартылғандар, сондай-ақ тұрақты табысы жоқ екі миллионға жуық өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар енгізіледі, – деді Елнұр Бейсенбаев.
Депутаттың айтуынша, тәуелсіз сарапшылардың есебі бойынша, еліміздегі нақты жұмыссыздық деңгейі әлдеқайда жоғары – кемінде 12%, бұл шамамен бір миллион адамға тең.
Сондай-ақ ол жоғары оқу орындары мен колледж түлектерінің 40%-ы алғашқы жылы жұмыс таба алмайтынын, ал 60%-ы өз мамандығы бойынша еңбек етпейтінін атап өтті.
Еңбекақының едәуір бөлігі «көлеңкеде» қалып отыр, бұл зейнетақы аударымдары мен медициналық қамтамасыз ету жүйесіне кері әсер етеді. Бүгінде 1 миллионнан астам азаматтың зейнетақы жинағы жоқ, ал 3,5 миллион адам міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне жарна аудармайды.
Неліктен әлі күнге дейін 3 миллионнан астам қазақстандық әлеуметтік қорғау жүйесінен тыс қалып отыр? Олар мемлекеттік органдардың есебінде жоқ, тұрақты табысы болмай, кездейсоқ табыс көздеріне сүйеніп өмір сүреді. Бұл елдегі экономикалық белсенді халықтың төрттен бірін құрайды, – деді депутат.
Оның пікірінше, еңбек нарығындағы осындай бұрмаланған жағдай халықты жұмыспен қамту бағдарламаларының тиімсіздігіне әкелуде.
Осыған байланысты бірқатар ұсынысын айтты. Олар: ұзақ мерзімді және тұрақты жұмыспен қамтуға жағдай жасап, лайықты табыс деңгейін қамтамасыз ететін кешенді стратегия әзірлеу; халықтың жұмыспен қамтылу жағдайын шынайы көрсететін нақты деректерді жинау мен талдаудың тиімді әдістерін әзірлеу; МӘМС жүйесінен тыс қалған 3,5 миллион адамды, зейнетақы жарнасы жоқ 1 миллион азаматты, 2 миллион өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамды және шамамен 400 мың «NEET» санатындағы жастарды заңды еңбек нарығына шығару үшін жүйелі шаралар қабылдау.