Жаңалықтар

Нағыз қазақ – домбыра

Нағыз қазақ – домбыра
25.09.2019 19:12 2010426

Ұлттың ұлылығын бір ғана ағаш аспаптың шанағына сыйғызғанын көріп пе едіңіз?! Домбыраның бірде күмбірлеп шыққан, бірде шертілген ойлы дыбысы бабалардың ұрпаққа аманат еткен музыкалық мұрасы ғана емес, ұлт шежіресін жеткізуші ұлы жәдігер.

Нағыз қазақ – домбыра

Бүгін елордадағы Достық үйінде қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған «Ұлы даланың киелі мұрасы – ұлттық домбыра» атты шығармашылық кеште домбыраның қасиеті дәріптеліп, ұлттар мен ұлыстарды жақындастырған музыка өнері туралы мағыналы сұқбат құрылды. «Өнер десе ішкен асын жерге қоятын» түрлі этнос өкілдері бас қосқан келелі кеңесте жыраулық дәстүрді жалғастырушы, белгілі жырау Алмас Алматов, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали, ағаштан түйін түйген шебер Тельман Құжиман талай аңызға арқау болған домбыра туралы сыр шертті.

Сондай-ақ, домбыраның қоңыр үніне құмартқан түрлі этнос жастары өнер майталмандарының алдында домбырадан күй төгіп, ән шырқады. Талантты жастың бетін қақпай, белін буған ағалары олардың өнеріне баға ретінде үкілі домбыра тарту етті.

Нағыз қазақ – домбыра

Жыраулық өнер – ұлттық дәстүр

Әлқисса делік, домбыраның ескі заманның жәдігері екені ақиқат. Оған түркі елдерінің арасында кеңінен тараған аңыз әңгімелер дәлел бола алады. Домбыраны сөйлеткен дәулескер күйші, ұлық жыршылардың мұрасын жалғастырған бүгінгі ұрпақтың ұстазы деуге лайықты тұлғалардың бірі Алмас Алматов ұлттар арасындағы достықтың түп тамыры оның мәдениеті мен музыкалық өнерінің табиғи, тарихи тереңдігінде жатыр деді.

Нағыз қазақ – домбыра

Алмас Алматов, жыраулық дәстүрді жалғастырушы, белгілі жырау:

«Жыраулық дәстүр бүкіл түркі халықтарына ортақ мұра. Өнер мұрагер ұрпақтары арқылы дәстүрлі сипатқа айналады. Бүгінгі жыраулық өнер сондықтан да ұлттық дәстүр болып қалыптасты.

Түркі халықтарының туыстығы - оның мәдениеті мен музыкалық өнерінің табиғи, тарихи тереңдігінде жатыр. Сондықтан өнер бұл достықтың, бауырластықтың тал бесігі. Қазақстанды мекендеген әрбір ұлттың ата-бабасынан қалған мыңжылдықтарда қалыптасқан музыкалық-фольклорлық мұралары бар екені талассыз. Бүгін біздің алдымызда ұлттық өнерді рухани-ағартушылық деңгейге көтеру міндеті тұр. Сондықтан әр ұлттар мен ұлыстардың өзінің мәдениеті мен музыкалық болмысын тануға, танытуға әрекет жасауымыз керек. Мен домбыраны бала кезімнен жаныма серік еттім, жыраулықты қанымызда бар қасиет деп білдім. Қазақтың әрбір баласы осындай тәлім мен тәрбиеде, домбыраның үнінен әлди тыңдап өсуі керек. Ән, күй немесе би болсын, оны орындаушы ретінде ғана дәріптеу аздық етеді, әрбір өнер адамы қоғамда рухани ағартушы тұлға болып тәрбиеленуі керек. Әрбір орындаушы өз өнерін ғылыми, теориялық-педагогикалық, метадологиялық тұрғыдан талдай, зерттей алатын қоғамның бүгінгі болмысына рухани жетекшілік ете алатын дәрежеге сай болуы керек.

Тарихтың иірім қойнауынан алтын тін арқау жібін үзбей жеткен жыраулық өнер - тірі жәдігер. Себебі, бір ғана Қазақ елінде 550-ден астам батырлықты дәріптеген жыр бар. Ол бізге қағаз парақтарында жеткен жоқ. Атадан балаға, баладан немереге, немереден шөбереге, осылайша жеті ұрпаққа жалғасып жеткен, қанымызға сіңген өнер. Тағдырдың толқыны неше қайтара толқытты, қоғамда ұлттық құндылықтарға шектеу қойылып, жойылды. Алайда, ақпаратты сақтайтын жеке адам емес, қан, генофонд. Міне, сол қанға сіңген қасиет біздің аталар жолын жалғастыруымызға себеп болды».

Классикалық музыка шоу-бизнестің тасасында қалмасын

««Әу демейтін қазақ жоқ» нақылын Шоқан Уәлиханов өз жазбаларында «Ән құсы қазақ даласына жеткенде жер бауырлап жағалап ұшқан, бұл қазақтың даласына өнер дарытқан» деп аңыздан үзінді келтірген. Қазақ өнерді жоғары бағалаған халық. Бірақ, өкінішке орай, бүгінде сол өнердің киесін қашырып, бағасын арзандатып жүргендер де жетеді» деген дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали классикалық музыка шоу-бизнестің тасасында қалмауы керек дейді.

Нағыз қазақ – домбыра

Ерлан Рысқали, дәстүрлі әнші:

«Біздің әншілік өнеріміз аймақтық ерекшеліктеріне байланысты мектептерге, салаларға бөлінеді. Ежелгі заманда көшпелі халықтың мәдениеті мен өркениеті ортақ болды. Ал бүгінде әр өңірдің іргесіндегі елдермен өнерінде ұқсастық байқалады. Мәселен, оңтүстік Қазақстанның жыр өнеріне өзбектердің ән мұраларының ықпалы бар, ал батыста қарақалпақ, түркімендердің, Арқа өңірінде татарлардың әншілік мектептерімен ортақ дүине көп.

Ән бізге есту арқылы, тыңдау арқылы жетті. Қазақта «ұстаз, көрген батасын алған» деген сөздер бекер айтылмаса керек. Жыраулар арасында ұрпақтар сабақтастығы сақталып келеді.

Мәселен, Италияда ән айту өнері жан-жақты зерттеліп, дауыс қою әдістемелігі жасалған. Ал қазақта дала мектебі ғана болған. Әйтсе де, қазақ халқының ғасырлар бойы келе жатқан далалық өнер мектебі сол италияндықтардың ән мектебімен пара-пар, иық тіресіп тұра алады.

Алаңдататыны, өнердің қай саласын алмайық, құлдырау басым. Оған бірден бір себеп, әуені жеңіл, сөзі мағынасыз дүниелердің халық арасына көптеп тарап кетуі. Бұл өнердің бағасын арзандатып жіберді. Классикалық дүниелер шоу бизнестің көлеңкесінде қалып қойды. Әйтпесе, шоу бизнестің бір мықты деген әншісіне Біржан салдың әнін немесе қандай да бір ария айтқызып көрсеңіз, оған оның шамасы жетпейді. Өйткені олар әнді сыбырлап, сөйлеу мәнерімен айтып үйреніп қалған».

 Домбыраны жетілдіру керек

Ерлан Рысқали эстрадаға лайықталып жасалған электрадомбыралардың үнін де сынға алды. Оның айтуынша, соның салдарынан домбыраның қоңыр үні жоғалып барады. Алайда, дәстүрлі әнші домбыраны жетілдіретін, бүгінгі өнер сұранысына сай дамытатын уақыт жетті деп есептейді. «Мойындауымыз керек, домбыраның о бастағы құрылысы киіз үй ішіндегі шағын аудиторияға арналған. Бүгін біз оны үлкен сахнаға микрофон арқылы ғана шығарып отырмыз. Егер оны концерттік аспапқа айналдырамыз десек, оның шегінің жасалуына мән беруіміз керек. Қазір домбыраға қармақтың сымы тартылып жүр. Ол ширатылып, есілмегеннен кейін күшті дыбыс бере алмайды. Сондықтан домбыраның бұрынғы табиғатын бұзбай, бүгінгі технологияларды пайдалана отырып дамытып, жетілдіре түсу керек деп ойлаймын», - дейді бұл туралы өз ойымен бөліскен Ерлан Рысқали.

Ал жансыз ағашты сөйлеткен шебер, белгілі әнші Тельман Құжиман домбыраның түрлері мен жасалуы туралы айтып берді.

Нағыз қазақ – домбыра

Тельман Құжиман, белгілі домбырашы, шебер:

«Домбыраның рас, мыңжылдық тарихы бар. Бұрынғы домбыраның шанағы мен мойыны тұтастай қарағай ағашынан ойылып жасалып, ағаш шегемен шегеленетін болған. 1934 жылы Құрманғазы оркестрін құрған кезінде академик Ахмет Жұбанов қолданысқа жетілдірілген шанақты домбыраны енгізді. Ол ағаштың жеті, тоғыз қиындысынан желімделіп құрастырылады. Домбыраның тарихын танимын десеңіздер, Алматы қаласындағы Ықылас атындағы музыка саз аспаптары музейінде Ақан сері, Балуан шолақ, Біржан сал, Кене, Жамбыл аталарымыз ұстаған ұлт аспаптарын көруге болады. Бұрын домбыраның шегіне ешкінің ішегі пайдаланылса, қазір оның қармақтың сымынан тартылатыны да жасырын емес. Домбыраның түрі көп, олар шанақтарына қарай, қозықұйрық домбыра, тамшы домбыра, шаппа домбыра болып бөлінеді».

Нағыз қазақ – домбыра

 

Бөлісу:

Нұргүл Қалиева 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша none;text-underline:none">ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.



Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға