Жаңалықтар

Нұғыман Залиев – Халық Ағарту комиссары

Алғашқы халық мұғалімі
15.10.2015 05:36 6593

Нұғман  Зәлиев  – алғашқы халық мұғалімдерінің бірі, қоғам қайраткері. Қазақстанда 1919 жылы шыққан тұңғыш педагогикалық басылым «Мұғалім» журналының авторы.

1922-1924 жылдардағы Халық Ағарту комиссары – Нұғман  Зәлиев  1889 жылы 5 мамырда Батыс-Қазақстан облысы, Жаңғали ауданындағы 7 ауылда бұрынғы аталуы бойынша  Астрахан губерниясының Қамыс-Самар қисымы, Жаңақала (Сетекбай-тоғай)  ауылында дүниеге келген. 

Әкесі – Зал Асанұлы орта шаруалы, мұсылманша сауатты кісі болған. Нұғыман әкесінен оқып, сауатын ашқаннан кейін, Қамыс-Самар бастауыш қазақ-орыс мектебін 1898-1902 жылдары оқып бітіреді. Орда қалалық орыс-қазақ Романов училищесін, училище жанындағы педагогикалық курсты 1905 жылы бітіреді. Сол жылы Қазақ мұғалімдер семинариясының тыңдаушылары, жерлестері: М.Сәрсенбин, С.Меңдешевтің ақылымен Қазақ мұғалімдер семинариясына қазына есебінен 20 сом стипендиямен оқуға қабылданады. Осында оқып жүріп: И.Қашқынбаев, Ғ.Бердиев, Ә.Иманбаев сияқты қазақ студенттерімен, М.Уахитов, Н.Никольский, В.Охотников тәрізді татар, чуваш, мары ұлты өкілдерімен бірге Алафузов фабрикасы жанынан құрылған РСДРП ұйымының оқушылар ұясына кіргені үшін 1906-1907 жылдары полицияның жасырын бақылауына ілінді. 1909 жылы оқуын бітіргеннен кейін алғашқы еңбек жолын Ғұмар Қараш, Ғабдолғазиз Мұсағалиев сияқты белгілі ағартушылар ашқан Тіленшісай мектебінде (қазіргі Казталов ауданындағы Қароба ауылы маңында) жағырафия, тіршіліктану пәндерінен сабақ берумен бастайды.

С.Меңдешов бастаған халық мұғалімдері тобы ұйымдастырған жартылай биресми «Халық мұғалімдері қоғамының» жұмысына қатысады. 1911 жылы Астрахан қаласынан келген полиция қызметкерлері саяси сенімсіз адам ретінде үйіне тінту жүргізеді. Қаржы жағынан қиындықтың болатынын түсінгенімен, халықтың қолдайтынына кәміл сенген ұлт зиялылары бұл іске бел шеше кіріседі. Осы мақсатта енді қалыптасып келе жатқан қазақ баспасөзін ұйымдастырады. 1911 жылы Елеусін Бұйрин, Ғұмар Қараштардың ұйытқы болуымен жарық көрген, түбегейлі демократиялық бағыттағы «Қазақстан» газетін шығаруға қатысады. Бұл басылымның беттерінде білім беру мәселесі ең басты тақырыптардың бірі болатын.

1916 жылы қазақ жігіттерін тыл жұмысына алу дүрбелеңі тұсында: С.Меңдешов, М.Сәрсенбиндермен бірге жұмысшы жасақтарына адам алуды шаруа жағдайына байланысты шегере тұруды талап етеді. Сол жылы тамыз айында хан ордасына келген Астрахан губернаторы Соколовскийдің қабылдауына С.Меңдешовпен бірге кіріп, жағдайы төмен, күн-көрісі қиын отбасынан шыққан жігіттерге жеңілдік жасауды сұрайды. Патшаның маусым жарлығына (1916) наразылығы үшін губернатор бұйрығымен: С.Меңдешов, Н.Залиев екеуі бірге тұтқындалып, Астрахан түрмесіне қамалады. Абақтыдан 1917 жылғы ақпан революциясынан соң шығып, Бөкей өңіріндегі революциялық қозғалысқа қызу араласты. 1918 жылы 28 қазанда РК(б)ПК мүшелігіне кандидат, 1919 жылы 28 қазанда мүше болды. 1918 жылы өткен Бөкей облыстық Кеңесінің І съезінің, Бөкей өңірі мұғалімдерінің І және ІІ съезінің делегаты, 1919 жылы Бөкей облыстық атқару комитетінің жанындағы ұлттық мектептер секциясының мүшесі. Сол жылғы тамызда С.Меңдешовтың орнына халық ағарту бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. 1920 жылы қаңтарда Ақтөбе қаласында өткен қазақ қызметкерлері конференциясына Бөкей коммунистері атынан қатысқан делегат, Бөкей облысының ІV съезіне делегат болып сайланды.

Н.Залиев басшылығымен қазақтың тұңғыш педагогикалық басылымы «Мұғалім» тұңғыш қазақ совет журналын 1919 жылы Ордада басып шығарды. «Мұғалім» журналы - ұлттар істері жөніндегі халық комиссариаты қазақ бөлімінің Бөкей бөлімшесі мен қазақ мұғалімдері кәсіподағының органы. 1919 ж. не бары 10 номері жарық көрді. Редакция алқасына Ғ. Қарашев, Ғ. Мұсағалиев, И. Меңдіханов, Ғ. Бегалиев т.б. енді. Журнал бүкіл қазақ халқына, халық ағарту қызметкерлеріне арналды. Ол Ұлы Октябрь революциясының идеясын, Компартия мен Совет үкіметінің ұлт саясатын насихаттады, Қазақстанда оқу - ағарту ісін жолға қою және ұлттық әдебиет пен мәдениетті өркендету жайларын әңгімеледі, педагогика мен тәлім тәрбие мәселелерін көтерді. Журнал беттерінде Карл Маркс пен Ф. Энгельстің өмірбаяндары аударылып басылды, қазақ совет әдебиетінің алғашқы туындылары жарияланды

Мұнда РКФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты Бөкей бөлімшесінің қоғамдық саяси, ғылыми-педагогикалық, ғылыми, шаруашылық, әдеби және жергілікті хабарлар, т.б. бөлімдері болды. Саяси бөлімнің материалдарында оқырмандарды жергілікті билік органдарының жүргізіп отырған саясатымен таныстыруға мән берілген еді.

1920 жылы Қамыс-Самар уездік атқару комитетінің төрағасы болып көтерілген еді. 1922 жылы 2-өлкелік Бүкілқазақ конференциасында делегаттар бір ауыздан ҚазАКСР халық ағарту комиссариятының төрағасы қылып сайлайды. ҚазАКСР жалпы білім беретін мектептер мен мектеп жасына дейінгі мекемелерді, кәсіптік-техникалық оқу орындары мен жоғары оқу орындарын дамытудың жоспары әзірленеді. Негізгі күш - республикадағы сауатсыздықты жою мәселесіне жұмылдырылады. «Бастауыш мектептермен қатар, біз кәсіпшілдік мектептерді де, шаруа ғылымдарын үйрететін мектептерді де ескеруіміз керек. Шаруасы күйзелген жұрттың тез жөнделіп кетуіне, өзі шаруа жөнінде артта болса да, басқа шаруа мәдениеті жоғары, жұртқа жемтік болып, жетегіне еруге тіршілік міндетті қылып отырған қырғыз-қазақ жұрты тез арада қатарға ілініп кетуіне кәсіпшіліктің оқуы, шаруа ғылыми білгіштік айрықша керек» - деп айтқан замандасы Сұлтанбек Қожановтың сөзін үнемі еске ұстап, көз қарасы бір болса керек. 1924 жылы Гурьев уездік РК (б) ПК комитетінің хатшысы, 1925 жылы ақпанда уездік атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Атырау жерінде: мұнай, порт кәсіпшілігін, балық және мал шаруашылығын өркендетуге елеулі үлес қосты. Осы уезде алғашқы мойынсеріктер, қосшы одақтарын, мәдени ағарту саласын жолға қоя білді.

1925-1926 жылы Гурьев-Доссор тартабанды темір жолы Нұғыман Залиевтің басшылығымен салынды. 1927 жылы Орал губерниясының атқару комитетіне төраға болып тағайындалды. Осы жылдарда Орал өңірінде игі жұмыстар атқарған, 1930-1935 жылдары Қостанай, Ақтөбе губерниясының халық ағарту басқармасының бастығы болып еңбек етіп, осы губернияларда мектеп, ағарту саласының дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Нұғыман Залиевтің игі істерінің бірі – 1936-1937 жылдары Орынбор қаласындағы қазақ мұғалімдер курсының директоры болған кезеңі.

Ол кезде ұлан байтақ қазақ жеріне мұғалім маманын даярлау өте қажет еді. Қазақстанның Орта Азия республикаларының мұғалімдік мамандыққа сұранысы өте күшті болатын. Оның үстіне зиялы қауымды жаппай қудалап жатқан кезеңде, мамандыққа зәрулік күннен-күнге көріне бастады. Заман талабына сәйкес бұл мәселені шешуде Н.Залиевтің қосқан үлесі өте ауқымды. Оқу орындарында болашақ қазақ зиялы қауымын қалыптастыруда талас тудырарлық мәселелерді ақылға салып, салмақтылықпен шеше білді. Алаш зиялылары патшалық монархия тұсында қуғындалып, абақтыға жабылса да, атылып-асылған жоқ-ты. Оларды атқанда, асқанда, өлігін жасырып, бейітін белгісіз еткен де большевиктер орнатқан өкімет болатын. Ұлттықты ұран қылып ұстаған ғасыр басындағы қазақ оқығандарының екі буынының да ажалы сол өкіметтен болып шықты. Бұл қанды-қол саясат халықты қынадай қырған 1937-1938 жылдарға тура келеді. Жұрт миллиондап зауалға ұшырап жатқанда, олардың бетке шыққан қаймағы, саны аз оқығандарын қуғын-сүргінге түсіріп, біртіндеп шығындана бастағаны білінбей де қалды.

Қаралы кезең қазақ есігін осылай қағып келді. Бұл уақыттағы құрбандардың бірі – Н.Залиев болатын. Ол 1937 жылы 22 кыркүйек күні ҚР ІІХ органдары тарапынан тұтқындалып, 1938 жылы 15 ақпанда КСРО жоғары соты әскери коллегиясы «үштік» қаулысымен Ақтөбе қаласында 57 адамдық топпен бірге атылды. Зираты Ақтөбе қаласынан 25 шақырым жердегі Түйетөбе мекенінде. Соңында Нариман, Манал есімді ұл-қызы болған еді. Зайыбы Аппақ Нұғыманның Зелëнов ауданындағы туысы Залиев Дәулеткерейді сағалап барған, 1938 жылы қайтыс болған. Ұл-қызы жетімдер үйінде тәрбиеленіп өсті.

Ұлы Нариман Ұлы Отан соғысында қаза табады. Қызы Манал ҚазПИ-ді бітіріп, өмір бойы Алматы қаласында жалғызілікті өмір сүрді. 1982 жылы қайтыс болған. Әрине,   ҚазАКСР халық ағарту комиссариатының төрағасы болған кезінде ол ағарту айлықтары, ағарту аймақтарын ұйымдастырып, жергілікті үкімет адамдарын, дихандарды, жұмыскерлер мен оқығандарды халық ағарту айлығына қосылып, ағарту ісіне жәрдем жасауға шақырып, жұмылдыра білді.

Кейінгі жылдарда Кеңестердің ІІІ-ІV съездерінде ОАК-іне мүше болды.

1922-1923 жылдары ұлт мектептерiн төл оқулықпен, бағдарламамен қамтамасыз етуде бiраз шаралар iске асырылды, қазақ тiлiнде 14 оқулық шығарылды. Олардың iшiнде «Физика», «Грамматика», «Педагогика», «Алгебра», «Мектеп гигиенасы», т.б. бар. Бұл оқулықтарды жазуға А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабайұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Әуезов, С.Аспандияров, Жомартбаев, Қ.Сәтбаев, Ә.Ермеков, Т.Жолдыбаев, т.б. қатысты.

Шалғай ауыл-аудандарда мектеп ашу, мектеп жүйесін оқулықтармен, әдістемелік құралдармен жабдықтау, қазақша оқу құралдарын шығару ісін ұйымдастырады. В.И.Ленин шығармаларын қазақ тіліне аудару жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы болды.  

1923 жылы өлкелік бюджет қаржысымен 14 коммуна-мектеп ашылды.

1923 жылғы тамызда губерниялық оқу бөлімдері меңгерушілерінің Бүкілқазақстандық съезі өтті. 

1924 жылғы ақпанда өлкеде «Сауатсыздық жойылсын!» қоғамы құрылды.

Жалпы, Нұғыман Залиевтің өмірбаяндық деректері болғанменен, саяси қоғам қайраткері,  халық ағарту ісінің ірі қайраткері  ретіндегі қызметі толық зерттелмеген.


Дайындаған Сымбат МҮТАЛАПХАН,

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дегі  «Білім тарихы» музейінің меңгерушісі.

 

 

 

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға