Нұртас Оңдасыновтың 7 ерлігі.
Ел басқарған Нұртас Оңдасынов туралы не білеміз? Нұртас атамыз Қазақ ұлты үшін қандай еңбек сіңірді? Келешек ұрпақ біліп жүрсін деген ниетпен Оңдасыновтың 7 ерлігін еске түсірдік.
Орманшы мамандығын бітірген Нұртас ағамыз жастайынан басшылардың назарына ілікті. Ұлт үшін толағай теңіз еңбек сіңірді. Республикада бірінші болып суармалы жер көлемін көбейтуді көтерді. Осы мақсатта, Қызылқұм өңірін суландыруды мәселе қылып көтерді. Шардара су қоймасын салуды бастады.
Үкімет басқарған тұста да, қазақ үшін жанын салды. Хрущевтің Қазақстанда мұнай іздеуге тыйым салғанына қарамастан, Маңғыстау мұнайын ашты. Ұлутасты алғаш рет құрылыс материалы ретінде қолданысқа ендірген де Нұртас ағамыз екенін біреу білсе, біреу білмейді.
Мәскеу Қазақстанның темір жолдары үшін қаражат бөлмей қойған кез. Соған қарамастан, «бізге тек рұқсат беріңдер, шойын жолды өзіміз-ақ саламыз» деп «Орталықтан» рұқсат алып, талай жолдың салынуына ықпал етті. Оңдасыновтың тікелей бұйрығымен Мойынты – Шу, Қандағаш – Ор, Ақмола – Павлодар, Өскемен – Зырян темір жолдары салынды. Жол құрылысына тек қазақ жігіттерін ғана қатыстырып 16 мың адамды жұмыспен қамтыған.
Қазақстан Үкіметін Нұртас Оңдасынов басқарған тұс. Қарағандының шетіндегі кішкентай Самарқан қалашығында соғыстан кейінгі жылдары жаңа құрылыстар, өндіріс орындары салынып қала кеңейе түсті.
Сөйтіп, Нұртас ағамыз Мәскеуге барып, КСРО Ауыр өнеркәсіп министрімен кездеседі. Министрге Самарқан кентін металлургтер қаласы етіп бекітуді сұрайды. Министр Оңдасыновтың тыңдап болған соң, Өзбекстанда да Самарқан қаласы барын еске салады. Бір елде екі қала болмайды дегенге келтіреді. Сөйтіп артынша қазақтардың металды қалай атайтынын сұрайды. Нұртас ағамыз «Темір» деп жауап береді. Министр басын изейді. Соны пайдаланған Оңдасынов: «Болашақта темірді тау-тау қылып өндіреміз. ТЕМІР сөзіне ТАУ сөзін қоссақ қалай болады?» - деп сұрақты төтесінен қояды. Министр келісім береді. Міне, осы сапардан кейін Самарқан қалашығы Теміртау болып өзгеріпті. Ал Самарқан атауы Нұра өзенінен жиналған қала ортасындағы көлге берілген.
Ыбырай Жақаев, Шығанақ Берсиевтердің аты шығуына тікелей Нұртас ағамыздың ықпалы болды. Үкімет басқарған кезде негізгі күшті егін шаруашылығына бағыттады. Сөйтіп, тарышы Шығанақ Берсиев, күрішші Ыбырай Жақаевтардың мемлекет жоспарын артығымен орындауына әсер етті. Жеміс түгіл шөп шықпайтын,Батыс аймақтарға алғаш рет көкөніс ектірген осы Оңдасынов. Мал басын сегіз жылда төрт есеге дейін өсіргені тағы бар.
Үкіметті он үш жылдай басқарды. Осы тұста Ғылым академиясының жеке шаңырақ болып ашылуына тікелей әсер етті. Тұңғыш президенті болып Қаныш Сәтпаевтың тағайындалуын да өзі қолдады. Нұртас ағамыз Сәтбаевты бір мақаласын оқып, ұнатып, басшылық қызметке шақырған екен. Сәтбаев та Оңдаыновтың үмітін ақтады. Қазақ даласындағы темір, мыс, қорғасын, мыс, боксид секілді қазба байлықтарды кеңінен зерттеп, қара металлургия индустриясын дамытуды ұсынған. Сөйтіп, атақтыТеміртау металлургия зауытының негізін қалаған болатын. Мұны да қазір ешкім білмейді.
Ұлттық консерваторияны ашқан адам осы Оңдасынов. Консерватория ашу үшін КСРО Наркомының алдына бірнеше рет кіріп, ақыры дегеніне жеткен. Шымкенттегі Технологиялық институт жабылып қалғанда Сталинге кіріп, қайта аштырған. Оңдасынов КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің басшысы Вознесенскийге хат жазып, Қыздар педагогикалық институтының (ЖенПИ) ашылуына мұрындық болған.
Кино өнеріне де Нұртас ағамыздың еңбегі сіңудей-ақ сіңді. Соғыс кезінде Өзбекстанға көшкелі тұрған «Мосфильм» мен «Ленфильмді», Қазақстанға алып қалған. Үкімет тарапынан қолдау білдірген. Міне, соның арқасында бүгінгі «Қазақфильмнің» негізі қаланған.
Оңдасынов ұлттық өнердің де қамқоршысы болды. 1943 жылы ұмытылып кеткенақындар айтысын тірілтті. Алматыда айтыс ұйымдастырып, ақындардың елінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтауына мүмкіндік берді. Сөйтіп, соғыс зардабын тартқан елге демеу болды. Бұдан кейін бәйге, көкпар, қыз қуу секілді ұлттық ойындарды қайта жаңғыртты.
P.S.Теміртауға келген бойда бірден ойыма осы кісі оралды. Оңдасыновтың ел үшін атқарған игі еңбектерін бүгінгі ұрпақ білуі керек. Біліп қана қоймай, ұрпақ жадында сақтауға міндеттіміз!
Авторы: Серікбол Хасан.