Жаңалықтар

Нұрлан Әлімжанов: «Елбасының батасын алу – мен үшін үлкен құрмет!»

«Балалық шағымның аспаны» атты Елбасы туралы алғашқы көркем фильмде Елбасы рөлін сомдаған Нұрлан Әлімжановпен «1 желтоқсан – Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні» қарсаңында кішігірім сұхбат құрдық.
28.11.2014 14:04 11044

«Балалық шағымның аспаны» атты Елбасы туралы алғашқы көркем фильмде Елбасы рөлін сомдаған Нұрлан Әлімжановпен «1 желтоқсан – Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні» қарсаңында кішігірім сұхбат құрдық.

Нұрлан Әлімжанов: «Елбасының батасын алу – мен үшін үлкен құрмет!»

Нұрлан Әлімжанов: «Елбасының батасын алу – мен үшін үлкен құрмет!»– Нұрлан, сіздің балалық шағыңыздың аспаны қандай болды? Қандай бала болдыңыз?

– Менің балалық шағымның аспаны... Ммм. Қызық сұрақ,  бұл сұрақты маған әлі ешқандай журналист қоймапты. Ойландыратын сұрақ екен.

Менің балалық шағымның аспаны мен үшін өте ыстық. Өйткені менің де тәтті балалық шағым өтті. Мен негізі ауылда тұрған азаматпын, балалық шағымның көбі дерлік ауылда өтті. 8-сыныпқа дейін ауылда оқыдым. Ол мынау Ақмола облысы, Еңбекшілер ауданы, Кеңащы деген ауыл. Сол жерде тудым, өстім, ер жеттім. Мектеп кезінде үш ай демалысым нағашылар жағы Алматы облысы Жаркент жері – Жоңғар Алатауының бөктерінде өтетін. Бала кезімде ат мініп, көкпар тартатынбыз, ұлулар жинайтынбыз. Нағашы ата-әжемнің сірнесін, құрт-қаймағын жеп, қымызын ішіп дегендей, сондай бір тәтті кездер болатын. Көкшетауда да балалық шағым қызықты өтті. Ол жақтың да табиғаты өзінше әдемі ғой. Малды өріске шығару, кешкісін малды қайтарып алып келу, қой кезекте атаммен, әкеммен қой бағатынбыз. Мал жайғап, жем-суын беріп дегендей. Ол кезде қиыншылық заман еді ғой, жарық жоқ. Май шаммен отырып, әкеміздің неше түрлі аңыз-әңгімелерін тыңдайтынбыз. Бәрі есімде... Менің балалық шағым осындай әдемі болды.

Нұрлан Әлімжанов: «Елбасының батасын алу – мен үшін үлкен құрмет!»

Сіздің осындай тұлға болуыңызға кімдердің ықпалы ерекше болды?

– Әрине, біз мұсылман адам болғасын, бірінші Алланы еске аламыз. Алланың қалауы. Екінші, мол мейіріммен өсірген ата-анамның тәрбиесі. Баланы, әрине, бастан тәрбиелеу керек, бірақ мейірімге де қанып өсу керек. Әке-шешемнің достары, ақын-жазушылар, зиялы адамдар үйге қонаққа көп келетін. Сол кісілердің айтқан ұлағатты әңгімелерін естіп өстім. Әке балаға сыншы дейді, әкем де өнер адамы. Сол кісінің жақсы тәрбиелерін алып өстім. Үшінші, бұл осы кезде менің «актер Нұрлан» болып сахнада жарқырап жүруімнің, жақсы киноларға түсуімнің бірден бір себебі, әрине, ол менің ұлағатты ұстаздарымның еңбегі. Менің үнемі аузымнан тастамай айтып жүретін ұстазым – марқұм Жайлау Ақшабайұлы Жабағин. Бұл кісінің маған берген қаншама еңбегін мен әлі ұмытпаймын. Ол менің өзінің актер шеберханасына алған адам. Содан кейін әншілік жағынан Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, бұлбұл дауысты әнші марқұм Амангелді Сембин ағамның орны ерекше. Одан кейін менің өнердегі әкем деп үнемі айтып жүретін ҚР еңбек сіңірген әртісі Айдос Бектеміров ағамыз, кейін Жанат Хаджиев ағамыз. Осы төрт ұстазымды ерекше атағым келеді. Айта берсек, басқа ұстаздарым да көп. Мұның бәрі қара шаңырақ Қазақ Ұлттық өнер академиясының ұстаздарынан алған тәлім-тәрбием деп ойлаймын. Аты аталғаны бар, аталмағаны бар маған ұстаздық еткен барлығына шексіз алғыс айтқым келеді. Төртіншісіне келетін болсақ, қажырлы, қайратты өзімнің еңбекқорлығым деп ойлаймын. Бойымдағы өзім бағалайтын қасиетім бұл – тынымсыз еңбекқорлығым. Өйткені, орыстар айтады ғой, «за красивые глазки» деп, әдемі көзіңмен алысқа бара алмайсың. Тек жан-тәніңмен беріліп, үлкен еңбек еткенде ғана оның үлкен жеміс берері анық.

Нұрлан Әлімжанов: «Елбасының батасын алу – мен үшін үлкен құрмет!»

– «Балалық шағымның аспаны» фильміне қалай келдіңіз?

– Бұл – менің өмірімдегі үлкен тарихи сәт, тарихи белес. Мен үшін қуанышты кезеңдер. Бұл фильм ешқандай аға-көке демей, ешқандай тамыр-таныссыз, барлығы әділетті түрде өтті. Мені Ш.Айманов атындағы киностудияға фильмнің режиссері Рүстем Әбдірашев ағамыздың өзі шақырды. Осындай фильм түсірейін деп жатырмыз. Журналдың мұқабасынан, міне, сенің суретіңді көріп отырмын. Елбасы мен сенің араңда бір ұқсастықты көріп тұрмын. Маңдайының ашықтығы, жымиыстарыңа дейін, жастық кезі тіпті ұқсайды екен. Өзің ұқсастықты сезінесің бе деді. «Сезінемін» – дедім. Ол кісі тек сыртқы пішінге қарап қана емес, сенің жан-дүниеңді, артылар жауапкершілікті сезіне алуыңды өзінің ішкі сұрақтарымен әңгімеміз арқылы өрбітіп, өзіне керек жауаптарын тапқан сияқты. Кейінірек «Нұрлан, фото сынақ болады. Көрейік. Өту-өтпеуің белгісіз. Біз өттің деп айта алмаймыз» дегендей сенімсіздікпен айтты. Әрине, бірден бәрі бола салмайды. Бірақ, адамда «Ай, осы өтіп кетемін-ау» деген сияқты бір ішкі сенім тұрады.  Бір күні «Нұрлан, сен видео сынақ 99% пайыз өттің, қысқасы бәрінен өттің» деп қолымды алды. Елбасының рөлі саған бұйырып тұр екен деді. «Жақсы, бұл рөлді аманаттап тапсырған екенсіздер, аманаттарыңызды, үміттеріңізді ақтап шығуға уәде беремін» деп келісімге отырдық. Сөйтіп, фильмге «Бисмиллә» деп кірістік. Кеше ғана еді түсіп бастағанымызға, бүгін, міне бес жыл да болып қапты. Рүстем Әбдірашев бастаған фильм барысында жүрген біздің қаншама әріптес актерлерімізге шексіз алғысымды айтамын. Бәріміз тату-тәтті, бір жұдырық боп, бірлікпен осы фильмді түсірдік. Кемедегінің жаны бір дейді, сол кемеде 5 жыл бойы жүздік, әлі жүзіп келе жатырмыз. Бұл эпопея, бұның да жалғасы болады деген үміттеміз.

Нұрлан Әлімжанов: «Елбасының батасын алу – мен үшін үлкен құрмет!»

– Есте қалған қызықты оқиғалар бар ма?

– Әр фильмнің өз қызығы болады. Мен бұл фильмде жәй қызық қуып, босқа жүрмедім. Өйткені менің рөлім өте күрделі, жауапкершілігі мол.

Түсірілім барысы. Пойызда жатырмын. Мынадай сахнасы бар ғой. Дәурен келіп: «Ойбай, Сұлтан. Түрмеде отырған кісі бізге киімдер таратып жатыр, ұрланған киім ба? Қалай ойлайсың? Не істейміз? Мынау бізді соттап жібермей ма? Бір қауіп төніп тұрған сияқты, мен уайымдап тұрмын» – дейді. Мен айтам: «Егер де өз қолыңмен алдың ба, өз қолыңмен тапсыр. Қазірден қорықсаң, ертең өмір сенен қашады» деген сахнасы бар. Мен жанымды салып ойнап жатырмын, камера түсіріп тұр. Мұның бәрі Рүстем аға барлығы келісіп алған жағдай екен. Тағы да түсіреміз деді. Тағы түсіріп жатыр еді, сол камераның алдында үлкен бөтелкенің ішіне толтырып су құйып алыпты. Содан бөтелкедегі суды лақылдатып аузыма құйып кеп жіберсін (күліп). Қақалып-шашалып, тұншығып қалдым. Мұның барлығы камераға түсірілді. Сосын  бөтелкені басыма лақтырды да, қашып кетті. Мен Дәуреннің артынан қуған жоқпын. Операторға бір қараймын, режиссерге бір қараймын. Өзім түсінбей қалдым. Әрі қарай ойнайын ба, ойнамайын ба әлде актердің ойлап тапқаны ма деп аң-таңмын. Негізі мен ары қарай ұйықтауым керек болатын. Бір бес минуттан кейін далаға шықсам, бәрі күліп тұр, «съемка бітті, құттықтаймыз» деп жатыр. Фильмнің соңы болғасын маған су шашып әзілдеген екен. Кейін камерадан көріп, әбден күлдік (күліп). Оның бәрі дұрыс қой, әзілді көтеру керек қой. Өзім күліп, рахаттанып қалдым. Сондай қызықты сәттер бізде өте көп болды.

Нұрлан Әлімжанов: «Елбасының батасын алу – мен үшін үлкен құрмет!»

– Елбасының рөлін сомдау барысында қиналған сәттеріңіз болды ма?

– Шынымда айтсам, қатты қиналған сәттерім болған жоқ. Жауапкершілік сезіндім. Уақытымен ұйықтап, уақытымен тұрып, үнемі спортпен шұғылданып, ойымды сергек ұстап, жан-дүнием үнемі бір ізденісте болды десем болады.

– Түсірілімнен соң Елбасымен кездескеніңізді білеміз. Ол кісіден не естідіңіз?

– Әр фильм сайын бізбен кездесіп тұрды. Премьерасынан кейін өзінің ризашылығын білдіріп, батасын беріп жатты. Елбасының батасын алған мен үшін үлкен құрмет, үлкен мәртебе. Бұл – қайталанбас сәттер. Тіпті, Елбасының өз қолынан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын алу мәртебесіне ие болдық.

– Фильмнің әлі де жалғасы бола ма?

– Бұл жөнінде мен ештеңе айта алмаймын. Бейхабармын. Жалпы эпопея болғандықтан жалғасы болады деп ойлаймын.

– Фильм шығармашылығыңызға қаншалықты ықпал етті?

– Бұл фильмне мол тәжірибе жинадым, үлкен мектептен өттім. Атақты актерлармен, кино майталмандарымен бірге түсетін сәттер туды. Барлығы мен үшін үлкен қуаныш. Өйткені олардың әрқайсысы бір-бір мектеп қой. Өзімізден бастар болсақ, Нұржұман Ықтымбаев, Наталья Орынбасарова, Ресейден Евгений Сидихин, Евгений Стычкин, Валентин Гафт, Владимир Стеклов, Ксения Раппопорт сынды бетке ұстар осындай актерлермен бірге ойнадық. Төртінші бөліміне, көбінесе Ресейдің актерлері түсті. Себебі, Бұл бөлімнің басым көпшілігі Мәскеуде түсірілді.

Театрдан кетуіңізге не себеп?

– Театрдан кеткеніме 7 жыл болады. Себебі таңдауым қай жаққа бұрар деп жүрегіме үңілдім. Сөйтіп киноға бет бұрдым. Кинома түсейін, сосын әнімді айтайын, композиторлықпен айналысамын деген сияқты өзімнің жүрегімнің таңдауы осы болды.

– Жас актерлерге, актер боламын деушілерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Мектеп жасынан бастап дайындалғаны дұрыс. Не болса соған әуес болмай, ойын жинақтап, ішкі білімін жетілдірген абзал. Тарих, әдебиет пәндерін жақсы оқысын. Үш тілді жетік меңгергені дұрыс. Жанның ізденісінен бөлек, тәннің де дамуы керек. Қазірден бастап спортпен шұғылдансын, атпен шапсын. Өлең оқысын, қазақтың халық әндерін айтсын. Актер «губка» тәрізді болу керек қой, жақсының тек бойына сіңіре берсе екен деймін. Қазір қолдарынан келетіні осы. Жаман нәрселерден аулақ болсын, темекі шекпесін, ішімдік ішпесін. Көшеге шықпадым, клубқа бармадым демесін. Мен өз басым бала кезімде клубқа бармайтынмын да, мені жібермейтін де. «Сабағыңды оқы, балам. Қыдыруға үлгересің. Мұндай музыка, шумның бәрі саған әлі жауыр болады» дейтін. Сондықтан ата-анасын, ұстаздарын тыңдап, өнерін жетілдіре берсін деп тілеймін.

– Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рахмет!



Сұхбаттасқан – Құралай Ахмет.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға