Нүркен Әбдіров – әуені бағындырған қазақ
Нұркен Әбдіров 1919 жылы Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы №5 ауылында туады. Ұлты қазақ, Қызыл Армия қатарына 1940 жылы ақпан айында шақырылады.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Перзидиумның 1943 жылғы 31 наурызындағы Жарлығы бойынша оған қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.
Соғыс басталғанда Нұркен Орынбордың авиаучилищесінің курсанты болып оқып жүрген болатын. Оқуды бітіргеннен кейін оған қысқа мерзімді демалыс беріледі, бірақ ол демалыстан бас тартады. «Мен, - деп жазды ол үйіне, - фашистердің үнін ажал оғымен өшіру үшін асығып, үйге бармадым...».
1942 жылы 9 қазанда сержан Н. Әбдіров 267-шабуылшы авиация дивизиясының құрамына кіретін 808-шабуылшы авиация полкіне келеді.
23 қазанда ол тұңғыш рет жауынгерлік тапсырмамен ұшады. «Менің қолыма қорғасыннан жауға сыйлық тартатын тез ұшатын самолет тиді, - деді ол ұшар алдына жазған хатында. – Егер фашистерді біз жоймасақ онда олар бізді жояды, көңілді, бақытты өмір қайтып оралмайтын болады...» Нұркеннің ұшқыштық шеберлігі ұрыстан-ұрысқа дейін арта түсті. Нүркеннің ұшқыш Алексей Писанко, Петр Вычукжанин мен өзінің атқышы Саша Комиссаровпен жауынгерлік достығы майданның қатал жағдайында қалыптасады. Нұркен жауынгерлік тапсырмамен 16 рет ұшқынада фашистердің он екі танкісін, жиырма сегіз жүк машинасын, оқ-дәрі тиелген 18 машинасын, жанар май құйылған үш цистернасын, үш зеңбірегін және елуден астам жауынгері мен офицерін жойды.
1942 жылы 19 желтоқсанында соңғы 17-ші жауынгерлік тапсырманы орындап шығуға ұшып шықты. Бұл күні Нұркен Боковсая-Пономаренка ауданындағы дұшпанның көптеген танктер шоғырланған және күшті бекінген шебіне «ИЛ-2» самолеттер звеносын бастап баруға бұйрық алды. Әбдіров жаудың бірнеше дзотын, зенитті артиллериясының екі ұясын, алты танкісін жойды. Бірақ гитлершілер зенитчиктер Нұркеннің самолетіне оқ дарытып, самолет жана бастайды, самолеттен секіруге болатын еді, бірақ Әбдіров бұл ойдан аулақ болды. Ол капитан Гастелло сияқты өзінің жанған машинасын неміс техникасының шоғырланған жеріне қарай бағыттады.
Екінші самолеттің ұшқышы Алексей Писанко «Қош бол, Леша, Отанға деген менің жалынды сәлемімді жеткіз. Қарағандыға хат жазып жібер. Қош бол, досым!» - деген Нұркеннің ақырғы сөзін шлемофоннан естіді. Нұркен самолеттегі өзінің экипажымен, лапындаған жалын құшағында жау танктерінің қалың ортасына барып сүңгіп кетті. Онымен бірге ондаған фашист жауынгері мен офицерлері де келмеске кетті.
Батырлар мәңгі жасайды дейді халық. 1944 жылы Қарағанды шахтерлерінің өз еріктерімен берген қаржысына жасалған Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіров атындағы самолет фашистерге қарсы ұрысқа кірді.
Батырдың есімі өшпейтін болды. Нұркен Ростов облысындағы Вешенск ауданының Коньки хуторындағы бауырластар зиратына жерленген. Әбдіровке Қарағандыда, батырдың туған жері – Қарқаралы ауданының Нұркен Әбдіров атындағы совхозында ескерткіш қойылған.
Боков орта мектебінің 13-пионер отрядына батырдың есімі берілген. Батырдың анасы Бағжан Боков станицасының құрметті азаматы болып сайланды. Құрметті қонақты, Батырдың анасын өз станицасында Михаил Александрович Шолохов жылы шыраймен қарсы алды.
Батырдың ерлігін бүкіл ел мақтаныш етеді. Ростов облысының Вешенск ауданның Н. Әбдіров жерленген Коньки хуторында, Қарағанды қаласында, сондай-ақ өз есіміндегі ауылда (батырдың туған жерінде) Н. Әбдіровке ескерткіштер орнатылған. Қарағандыда Н. Әбдіров атындағы даңғыл бар. Жыл сайын Н. Әбдіров атыңдағы жүлде үшін еркін күрестен жарыс өткізіледі. Волгоградтағы Мамаев қорғанының етегінде Н. Әбдіров бейнелі зираты жасалған. Қарағандыдағы кеншілердің Мәдениет сарайының репертуарына Нүркен Әбдіров туралы балет енгізілген (музыкасы А. Руденскийдікі). Н. Әбдіров туралы Г. Якимов жазған «Мәңгілік өмір шыңына» («Пике в бессмертие») атты деректі повесть (Алматы, 1966 жыл) бойынша «Қазақтелефильм» студиясы фильм шығарды.
Қарағандыда Кеңес Одағының Батыры, атақты ұшқыш Нүркен Әбдіровтің ескерткішін жаңғырту жұмыстары басталды. Қалалық саябақтар басқармасының хабарлауынша, жөндеу жұмыстарын жүргізуге бюджеттен 9 миллион теңге бөлінген.
Қарағандыдағы Н. Әбдіров ескерткіші өзінің атындағы алаңға 1958 жылы орнатылды. Ескерткіш авторлары - мүсіншілер Анатолий Билык пен Юрий Гуммель, сәулетші Л. Воробьев. Композиция биіктігі - тоғыз метр, ал мүсін шойыннан құйылған.
Материал «Қазақстан Ұлттық энциклопедиясының негізінде даярланды.
Дәурен Омаров