Нұр-Сұлтанда өткен халықаралық марафон жеңімпаздары анықталды

Елордада өткен Nur-Sultan Half Marathon бірінші жартылай марафонына 24 елден 4 мың әуесқой спортшы қатысты, деп хабарлайды El.kzсайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Марафоншылар EXPO аумағынан бастап астананың ең көрікті жерлерімен жүгіріп өтті. Жарыс дистанциялары – 21.1 км, 10 км және 10 км скандинавиялық жүріс.
Ең ұзақ қашықтықты бағындырғандар арасында 75 жастағы Марат Балтабаев бар. Ақсақал үшін бұл бірінші марафон емес. Жүгіру – оның хоббиі.
– Мен 75 жастамын...Жақсы жүгіріп шықтым, бірақ өте ыстық болды. Алматыда сәуір айында 1 сағат 49 минут, ал бүгін 1 сағат 50 минут жүгірдім. 21 шақырымды еңсердім, - дейді М.Балтабаев.
Ерлер арасында 21 км жүгірген Ринас Ахмадеев жеңімпаз атанды. Оның мәредегі уақыты – 1 сағат 2 минут 54 секунд. Бұл Nur-Sultan Half Marathon трассасының 21.1 км-дегі жаңа абсолютті рекорды. Осы дистанцияда әйелдер арасында Евгения Прокофьева жеңімпаз болды. Оның уақыты 1 сағат 14 минут 15 секунд. 21 шақырымның абсолютті көшбасшыларына ақшалай жүлделер берілді: бірінші орын – 450 мың теңгеден, екінші орын – 400 мың теңгеден, үшінші орын – 350 мың теңгеден. Жас санаттары бойынша жеңімпаздар (10 км және 21,1 км) серіктестерден сыйлықтар алды.
