Жаңалықтар

Нұр-Сұлтан полицейлері сериялық қылмыскерді ұстады

Полиция қызметкерлері ұсталған азаматтың қылмыстың басқа да фактілеріне қатыстылығын анықтады
Нұр-Сұлтан полицейлері сериялық қылмыскерді ұстады
Фото: yar.mk.ru 02.07.2022 10:27 1583

Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің «Есіл» ауданы ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері 39 жастағы күдіктіні ұстады, —  деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы ведомстваның баспасөз қызметі хабарлады.

Тергеу барысында оның кешкі уақытта сыра дүкенінде белгісіз ер адаммен сөйлескені анықталды. Әңгімелескеннен кейін ол мобильді қосымша арқылы такси шақыруды өтінген. Ештеңеден күдіктенбеген ер адам оған маршрутты таңдай бастаған. Осы кезде қаскүнем оның қолынан телефонын жұлып алып, қашып кеткен.

Тонау фактісі бойынша ҚР ҚК 191-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Полиция қызметкерлері ұсталған азаматтың қылмыстың басқа да фактілеріне қатыстылығын анықтады. Сонымен қатар, күдікті Газаппаратура ауданында ер адаммен танысып, бірге ішімдік ішуді ұсынған. Дүкенге тағы да алкогольді сусын алуға барамын деген сылтаумен ақшасы жоқ екенін айтып, мобильді банкингті пайдалану үшін танысының ұялы телефонын алған. Содан кейін оқиға орнынан бой тасалаған.
Тағы бір алаяқтық фактісін, ол бірнеше күн бұрын ұрлап кеткен велосипедпен жасаған. Бұл жолы скутер мінген жас жігіттің жанынан өтіп бара жатып әдейі тоқтап, велосипедін қалдырып оның скутерін мінуді ұсынған. Қаскүнем күдік тудырмас үшін бір айналып, көлікті иесіне қайтарады. Содан кейін ол тағы бір айналып келуді сұрап, белгісіз бағытқа кетіп қалған.
Аталған фактілер бойынша ҚР ҚК 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қазіргі уақытта ұсталған азамат қамауға алынды.
Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті азаматтарды қырағы болуға, бейтаныс адамдарға сенбеуге ескертеді. Егер сізге қатысты құқыққа қарсы әрекеттер жасалса, дереу полицияға немесе «102» мобильді қосымшасы арқылы хабарлаңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға