Жаңалықтар

Н. Нұржігітов: Аудан әкімдері «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруда жекелей жауап береді

Н. Нұржігітов: Аудан әкімдері «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруда жекелей жауап береді
Фото: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі 13.05.2023 20:50 1123

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруда халықтың табысын арттыру және инвестиция тарту жөнінде жиын өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қазіргі жағдай мен биылғы жоспар жөнінде облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек баяндады. «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға 26 ауылдық округтің 72,8 мың тұрғынынан өтініш келіп түскен (24 млрд. теңге).

Жыл басынан бері 10 ауылдық округтің 722 тұрғыны 28090 бас мал сатып алған (67,7 % - ы біздің облыстан, 32,3 % -ы өзге өңірлерден). Ірі қара малды қолдан ұрықтандыру технологиясын ендіру нәтижелері де талқыланды. Биылғы жылға 5 886 бас ірі қараны қолдан ұрықтандыру жоспарланған.

Баяндамашы, сонымен қатар, Шу ауданындағы Жаңақоғам ауылы мен Мойынқұм ауданындағы Кеңес ауылдық округінде жобаны іске асырудағы аралық қорытындының талдау нәтижесін ұсынды.

Облыс әкімі анықталған кемшіліктерді түзетуді тапсырды. Нұржан Нұржігітов аудан әкімдеріне «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруда дербес жауапкершіліктерді ескертті.

Аудан, ауылдық округ әкімдерінің, басқарма басшыларының нәтижелі жұмыспен қамтуды дамытуда нақты жоспарлары болуы тиіс. Ол үшін барлық округтер туралы деректерді қамтитын статистика мен талдауларды қадағалау қажет, - деп тапсырды өңір басшысы.

Күн тәртібінің екінші мәселесіне тоқталған Қанатбек Мәдібек межеленген жоспардан артта қалып келе жатқан аудандарға назар аудартты. Биылғы 4 айдың қорытындысы бойынша өңірдің экономикасына 89,1 миллиард теңге инвестиция тартылған, нақты көлем индексі 107,4 пайызды құрады.

Аймақ басшысы аудандардың әлеуетін пайдалана отырып, қосымша инвестициялар тартуды және туындайтын проблемаларды уақытылы шешуді тапсырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға