Жаңалықтар

Нүктелі массаждың денсаулыққа пайдасы

Иглотерапевт Есбол Мұқанұлымен сұқбат
Нүктелі массаждың  денсаулыққа пайдасы
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 25.01.2021 15:32 35526

Массаждың адам ағзасы мен денсаулығына әсері көп. Оның гигиеналық, классикалық, емдік, сегменталды, балды, нүктелі және тағы да басқа көптеген түрлері бар. Осы орайда біз нүктелі массаж туралы мәлімет алу үшін Қытайдан келген қандасымыз Шығыс медицинасын жетік меңгерген иглотерапевт Есбол Мұқанұлымен әңгімелескен болатынбыз.


Нүктелі массаж дегеніміз не?

Нүктелі массаж – организмнің биологиялық активті нүктелеріне әсер ететін массаж түрі. Клиникалық тәжірибе және эксперименталды зерттеулер нүктелі массаждың әсерінен организмде айтарлықтай өзгерістер болатынын дәлелдеген. Массаж жасаған нүктеде терінің температурасы көтеріліп, электр өткізгіш қабілеті жоғарылайды.

Нүктелі массаждың  денсаулыққа пайдасы

Жалпы массаж осыдан 4000 жыл бұрын пайда болған. Араб тілінен аударғанда «сипалау», «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Ал нүктелі массажға келер болсақ, Шығыс медицинасында массаждың бұл түрін «меридиандық» немесе «каналдық массаж» деп атайды. Меридиан дегеніміз – адам денесіндегі стандартты каналдар. Ол каналдарды Қытай медицинасында «джингмай» және «ломай» деп атайды. «Джингмай» сол каналдардың негізгі діңгегі деген мағынаны білдірсе, «ломай» оның тармағы деген сөз, – деп әңгімесін бастады маман.

Нүктелі массажды ғылыми тілде басқаша акупунктура немесе акупрессура деп те атайды. Аталаған массаж инемен емдеу әдісіне ұқсас, жүйке ұштарын тітіркендіреді. Оны жасағанда әр түрлі тәсілдер қолданылады. Ол қоздыру және тежеу деп екі түрге бөлінеді. Олардың өзіндік жасалу тәсілдері бар.

Нүктелі массаждың  денсаулыққа пайдасы

– Жалпы адам денесіндегі негізгі нүктелер меридианның бойында жатады. Меридиандар 14 түрлі болады. Оның ішінде он екісі стандартты меридианға жатады. Мысалыға үлкен саусақтың ішкі қыры өкпе каналы болып саналады. Ол тыныс жолдарының ауруларына жауап берді. Сол сияқты қуықтың каналы бастың артқы жағын айналып, ішкі және сыртқы симметриялы түрде аяқтың башпайына дейін келеді. Нүктелер сол каналдардың бойында орналасады. Сол сияқты біз әр аурудың нүктелерін меридиандардың бойынан анықтап, ем тағайындай аламыз, – деді иглотерапевт.

Нүктелі массаждың емдік қасиеттері

Бұл массаждың өзіне тән емдік қасиеттері бар:

·        Механикалық тітіркендіру арқылы адамның денесіндегі биологиялық активті нүктелерге әсер етеді. Сол арқылы емнің нәтижесіне жетуге болады.

·        Адам ағзасына дәрі-дәрмектер сияқты әсері болады.

·        Ауырсынуды басуға көмектеседі.

·        Қан айналымын жақсартып, кеңейтеді.

·        Қабынуға қарсы, сөлді ағызатын ауруларды емдеуге, қан қысымын түсіруге септігін тигізеді.

·        Шаршағанды басады.

 

Нүктелі массаждың түрлері

Нүктелі массаж адамның жас ерекшелігіне, дене мүшелерінің бөліктеріне байланысты және де қолдың істеу әдісіне қарай бөлінеді.

Нүктелі массаждың  денсаулыққа пайдасы

(Суретте: Иглотерапевт Есбол Мұқанұлы)

Нүктелерді табу үшін міндетті түрде адам анатомиясын білуіміз қажет. Массаж жасайтын кез келген маман адамның денесіндегі каналдардың орналасу ретін де жетік меңгеруі керек. Шығыс медицинасында оның ішінде Қытайда әр адамның анатомиялық ерекшелігі саусағына сәйкес келеді. Соның ішінде біз нүктелердің орнын табамыз. Үлкен саусақтың алғашқы сүйегі мен екінші саусақтың алақан сүйегінің ортасын тұтастырған кездегі сызықтың тең ортасында хыгу нүктесі орналасқан. Аталған нүктенің рөлі – адамның бет бөлігінің, бастың, инсульт, қан қысымы жоғарылау кезінде қосымша қолданылады. Оны уқаласаңыз бастың ауруларын жазуға, бет пен көздің ауырсынуын басуға болады. Ол жерді уқалауға да, ине салуға да болады. Соның ішінде нүктелерді табу үшін әр науқастың саусақтарының анатомиялық ерекшеліктеріне сәйкес келеді. Бірінші бір сүн деп атаймыз. Ол өлшем бірлік атауы. Әр науқастың нүктесін алу үшін өзіндік ерекшелігі мен белгілі өлшем бірлігі болады. Бір, бір жарым, екі сүн деп бөлінеді. Әдетте бұларды өлшеп өлшемін табамыз. Олардың ішінде адамның денесін түрлі бөліктерге бөлуге болады. Айта берсек бұл өзіндік бір ғылым,– дейді маман Есбол Мұқанұлы.

Нүктелі массаждың  денсаулыққа пайдасы

Маманның айтуынша, нүктелі массаж бен жай массаждың айырмашылығы бар. Соңғысы тек профилактика ретінде немесе адам денесіндегі бұлшық еттерді босаңсытуға, адамға бір жайлылық әкелу үшін жасалады екен. Ал нүктелі массаж болса емдік мақсатта қолданылады. Оны кез келген ауруға жасап, емдік нәтижеге жетуге болады.

Нүктелі массажды жасауда қолданылатын аспаптар

Шығыс медицинасына нүктелі массажды жасауда саусақпен уқалау, тұқым арқылы емдеу, диагностикалық таяқша, нүкте терең орналасса жылыту құрылғылары қолданылады.

Нүктелі массаждың  денсаулыққа пайдасы

Барлық аурудың өзіндік нүктесі бар. Оны ешқандай дәрі-дәрмексіз емдеуге болады. Нүктелі массажбен жоғарғы нәтижеге жетуге болады. Бірақ жедел ауруларда оның әсері айтарлықтай болмайды. Ал созылмалы аурларды емдеуде нүктелі массаждың рөлі жоғары болады. Біздің практикада нүктелі массаж жасауда инені қолданамыз. Инені қолдану арқылы нүктелерге терең енуге болады. Бірақ қояншық ауруына, өте жоғары температураға, қан қысымы жоғары болған кезде, тері ауруларында массаж жасауға тиым салынады. Басқа жағдайдың барлығында массаж алуға болады. Диагноз бойынша жүйке ауруларды алсақ, онда инсульттан кейін қайта қалпына келтіруге болады. Жүйке ауруларында бет жүзінің салдануы, омыртқа аралық жарық (грыжа), протрузия, аяқтағы ауырсыну сезімі, қол мен аяқтың істемеуі жағдайында қайта қалпына келтіру үшін жиі қолданамыз. Жүрек қан тамырлары ауруларына келсек артерияның гибертензия ауруларымен келетін науқастар да болады. Оларға да нүктелі массаж жасап, ине салып, қан қысымын түсіруге болады,– дейді дәрігер Есбол Мұқанұлы.

Нүктелі массаждың  денсаулыққа пайдасы

Сонымен қатар әңгіме барысында иглотерапевт ішкі органдардың ауруларына жататын асқазан және өттің толуы, несеп жыныс жолдарының ауруларында және буын қозғалыс тірек қимыл аурулары: артрит, артрозда нүктелі массаждың үлкен әсері бар екендігін айта кетті.

Нүктелі массаждың  денсаулыққа пайдасы

– Біз негізінен нүктелі массажды қолмен уқалау әдісі арқылы жасаймыз. Әдетте тұқым арқылы құлақтың нүктелеріне тарымен уқалап нүктелерге енуге болады. Мысалы Қытайда тарыдай ғана магнит бар. Оны да массаж барысында қолданады. Сонымен бірге жылу өткізетін тастарды қыздырып адам денесіне қоямыз. Оның да айтарлықтай үлкен әсері бар. Және де массажға арналған жақпа майларды денені қыздыру үшін пайдаланамыз, – деді дәрігер маман.

   Нүктелі массаж жасауда ем тағайындау

Адам денесінде нүктелердің саны көп. Соның ішінде меридиандардың бойында 720 нүкте бар. Медицинада солардың ішіндегі 360-сы көбірек пайдаланады. Ал күнделікті ауруларда 120 нүкте жиі қолданылады екен. Мысалы шаршағанды басатын нүкте табанда орналасады. Себебі адамның табаны үлкен бір ғылым. Онда 20 мыңнан астам нүкте бар.

-Массаждың әсеріне келетін болсақ, бір курс адамның диагнозына байланысты ең аз дегенде 1 апта уақытты алады. Мысалы белі ауыратын кісілерге нүктелі массаж бір сеансына 20-25 минут жасалса, инсульт алған науқастарға 50 минутқа дейін жасаймыз. Белге жасалатын массаждың нәтжесі бірінші күннен-ақ көріне бастайды. Бірақ оны түбегейлі емдеу үшін бір апта немесе 10 күн ем тағайындаймыз, – дейді иглотерапевт.

Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулыққа байланысты. Дертке шалдыққанша денсаулықтың қадірін ешкім білмейді. Сондықтан ауырып ем іздегенше, ауырмауды жолы іздейік.

 

Назар аударыңыз! Бұл материалдағы мәліметтер тек қана ақпараттық танымдық мақсатты көздейді. Мұнда айтылғандар кәсіби дәрігер-маманның консультациясын алмастыра алмайды. Ол диагностика немесе емдеу емес. Өзін-өзін емдеу денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін. Аурудың алғашқы белгілері көріне бастағаннан дәрігерге қаралуға кеңес береміз.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға