Жаңалықтар

Н. Калашникова: Этноволонтерлік - қазақстандықтарға ғана тән, енді пайда болған жаңа ұғым

Н. Калашникова: Этноволонтерлік - қазақстандықтарға ғана тән, енді пайда болған жаңа ұғым
08.08.2019 13:57 3942

Қазақстан халқы Ассамблеясы өткен жылы «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасының тұсауын кесіп, халықтың назарына ұсынған болатын. Ғылыми сарапшылардың тарапынан қолдау тапқан жоба қазіргі уақытта жетілдірілуде.

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану – ел бірлігінің негізі» тақырыбында ғылыми-практикалық конференциясында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің саясаттану кафедрасының профессоры, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі, саяси ғылымдарының докторы, Халықаралық ақпараттандыру Академиясының академигі Наталья Калашникова аталған жобаның аясында маңызды ұсынысын көпшілікке жеткізді. Ол – этноволонтерлік.

— Наталья Павловна, әңгімемізді «Қазақтану» жобасынан бастасақ. Оның аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстардан хабардар ете отырсаңыз.

— Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІ сессиясында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған ауқымды «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы жаңа мазмұнмен толықтырылуда.

Соңғы бір жылда экспедицияның бірегей материалдары жинақталды. Жастар үшін оқыту жобалары жүзеге асып, «Қазақтану» достық пен бейбітшілік формуласын қалыптастырудың негізгі құралына айналды әрі қайырымдылық пен төзімділікті нығайтты. Бұл қазақстандық этностардың мәдениетін, қазақ халқының гуманистік дәстүрлері мен рухани құндылықтарын өзара байыту негізінде ұлттық сананы одан әрі жаңғырту үшін белгілі бір серпін береді.

Дегенмен жоба аясында жаңа зерттеулер талап етіледі. Олардың нәтижелері «Қазақтану» сияқты қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің қазақстандық үлгісінің іргелі құрамдас бөлігі ретінде берік болатыны анық. Күн тәртібінде тұрған мәселелерді ескеретін болсақ, жоба мазмұнын саналы жаңғырту керек.

Н. Калашникова: Этноволонтерлік - қазақстандықтарға ғана тән, енді пайда болған жаңа ұғым

— Сіз конференцияда ұсыныс жасадыңыз. Сол туралы өзіңізден толығырақ біле отырсақ.

— Әңгіме бірегей феномен – этноволонтерлікте. Оның тамыры Ұлы дала кеңістігіндегі ежелгі дәуірден бастау алады. Этноволонтерліктің өзіндік тарихы, әдет-ғұрпы, басты жалпыұлттық әдеп құндылығы, қайырымдылығы мен жасампаздығы бар, оның мәні өркениеттің даму негізінде, бірінші кезекте – Ұлы Жібек жолында жатыр.

Бізге белгілі болғандай, меценаттықтың ежелгі сақ өркениетінен көрініс табады, сондықтан Еуразия халықтарының арасындағы еріктілік осыдан жүздеген жыл бұрын пайда болып, әрбір адамның рухани міндетіне жақындарына жақсылық жасау қажет деген ұғым енгізілген.

Қайырымдылық және ынтымақшылдық – қазақ халқына тән іргелі тарихи дәстүрлердің бірі. Бүгінде бұл тарихи феномен зерттеулер нысанына айналып отыр. Лев Гумилевтің сөзімен айтқанда, Ұлы Дала – бұл Еуразияның мәдениаралық және интеграциялық кеңістігі мен қазақтардың негізгі біріктіруші рөлін тарихи түрде жасаған адамдар және табиғат. Лев Гумилев өзінің бұл жұмысын «адамгершілік императиві» деп санады.

Өз еңбектерінде қазақ ойшылдары әділдіктің құлықтылық табиғатын және қоғамдық өмірдің еңбексүйгіштік, өзара көмек, қайырымдылық, қадір-қасиет және тағы басқа құндылықтарының мәнін көрсеткенін жиі кездестіремін. Бұл өзгелерді бастан кешкен қиындықтарға, бақытсыздықтарға төзімділік танытып, қжақындарынан айырылғандарға жанашыр болуға бейімдесе керек. Мысалы, «Асар» әдет-ғұрыбы ұйымдасқан ақысыз еңбек ретінде дала халқының дәстүріне айналды. Қазақ ауылы ағайындылықтың және бірліктің жарқын үлгісі болды. Жарияланған асарға келмеу – лайықсыз әрекет деп саналды.

Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясы Түркістан облысының Арыс қаласындағы қайғылы оқиғаға қосқан үлесін айта кеткім келеді. Ассамблея бауырластық, ниеттестік және қайырымдылықты іс жүзінде танытты. ҚХА құрылымдарының барлық аймақтардағы гуманитарлық көмегі 107 млн теңгеден асты.

Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күннен бастап, татулықты, достықты, қоғамдық келісімді және халықтың бірлігін нығайту мақсатында елімізде қайырымдылықты дамытуға жәрдемдесіп келеді. Аталған бағытта үйлестіру жұмыстарын жүргізіп, жан-жақты қолдау тауып отыр.

Ассамблея «Қайырымдылық керуені», «Алғыс айту күні», «Мың бала», «Ұлы Дала Елі», «Түркі дәуірінің рәміздері» секілді қайырымдылық акцияларымен және жобаларымен айналыса отырып, қазақстандық бірегейлікті нығайтуға баға жетпес үлес қосып, халық, этномәдени бірлестіктер арасында гуманистік жобалар - қайырымдылық пен меценаттықты дамытуда.

Н. Калашникова: Этноволонтерлік - қазақстандықтарға ғана тән, енді пайда болған жаңа ұғым

— Бұл мәселеге көпшіліктің назарын аудартуға қандай әдісті қолданбақсыз? Жалпы этноволонтер қандай жұмыспен айналысатын болады?

— Алдағы уақытта өтетін «Жібек жолындағы әңгіме» атты халықаралық мәдени жобада маңызды тақырып – этноволонтерлікті талқылауға болады. ҚХА-ның 25 жылдық мерейтойына орай Ұлы Жібек жолы кеңістігі өткен ғасырлардағыдай түрлі этностарды біріктіріп, қазіргі заманғы мемлекеттерді байланыстыратыны туралы материал шығару керек. Тарихи мұраны білу – заманауи жаһандық және интеграциялық үдерістерді терең түсінуге мүмкіндік береді.

Қазақ халқында көптеген салт-дәстүр, әдет-ғұрып бар. Мысал ретінде солардың бірқатарын айтып өткім келеді. Қонақасы – қонаққа арналған дәм, ас мәзірі. Қазақ үйіне тосыннан я болмаса арнайы шақырылған қонақтың құрметіне сыбағалы табақ тартады, қонақасы – ет табақпен мүше тарту. Тағы да жол жүретін адам ауылдың үлкен үйінен дәм татып аттанатын ырым бар. Оны «ауыз тию» деп атайды. Бұл сол «қара шаңырақтың киесі қолдасын» деген сенімнен шыққан. Қазақтың дәстүрінде үйге келген адамға дәм ауыз тигізбей шығармайды. Мұның бәрі қонаққа деген ықыластың белгісі. Сонымен қатар қазақта достасып-бауырласу немесе тамыр болу әдет-ғұрпы бар. Бұл рәсім куәлардың көзінше салтанатты жағдайда өткізіледі. Рәсім кезінде дос болуға ниеттескен екі адам қылыштың не қанжардың жүзін сүйіп, адал дос болуға серттесіп, ант ішіседі. Мен мұны не үшін айтып отырмын десеңіз, «Қазақтану» жобасы қазақты тану, қазақты білу дегенді білдіреді ғой, ал менің ұсынысым соны этноволонтер арқылы жүзеге асыру.

Әлемнің көптеген халықтарында кездесе бермейтін қазақтың бірегей қонақжайлық дәстүріне тамсанған поляк жерінен жер аударылып келген А. Янушкевич былай деп жазды: «Егер бүкіл жер шарының бойында қазақтар тұратын болса, олардың арқасында бүкіл әлемді бірде бір тиын жұмсамай-ақ айналып өтуге болар еді». Қараңызшы, бір ауыз сөзде қанша мән бар?! Бұдан қазақтың бар болмысын тануға болады.

Олжас Сүлейменовтің, Шыңғыс Айтматовтың, Шоқан Уәлихановтың, Мұхтар Әуезовтың еңбектерінде қазақтар туралы маңызды дүниелер қозғалған.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Керуен жолдарын мінсіз ұйымдастырып, қауіпсіздігін қамтамасыз еткен Ұлы дала халқы ежелгі және орта ғасырлардағы аса маңызды сауда қатынасының басты дәнекері саналды. Дала белдеуі Қытай, Үнді, Парсы, Жерорта теңізі, Таяу Шығыс және славян өркениеттерін байланыстырды» делінген. Сонымен қоса славян этностары қайырымдылығының ежелгі христиан дәстүрі, түркі халықтарының рақымшылдығы мен жанашырлығының әдет-ғұрыптары бүгінгі таңда жүйелі түрде зерделенетін қазіргі заманғы этноволонтерлікті қалыптастыруға өз үлесін қосқан біріктіргіш бірегей палитраны құрайды. Осыған байланысты Елбасының тапсырмасы бойынша ғалымдар құрған және Қазақстан халқы Ассамблеясы сайтында 3D форматта орналастырылған бірегей «Қазақстан халқы» интерактивті ғылыми тарихи картасының әлеуеті соңына дейін пайдаланылмай отырғанына назар аудартқым келеді. Сондықтан Ассамблеяның қолдауымен этномәдени бірлестіктердің тікелей қатысуымен мектептерге, жоғары оқу орындарына арналған әдістемелік ұсыным-жол көрсеткіш әзірлеу қажет. Осы орайда Елордалық Достық үйі Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтымен бірлесіп осы маңызды жұмысқа кірісті. Ал ҚХА ғылыми-сараптамалық қауымдастығы қазақстандық феномен – этноволонтерлік зерттеулерінде барынша қолдау көрсетуін жалғастырады.

Этноволонтерлер аймақтарға экспедициямен шығып, барған жерлерінің ерекшеліктерін зерттейтін болады, нақты бір аймақта қандай мәдениеттер бір-бірімен астасып кеткен деген сауалға жауап іздейтін болады. Жалпы жобаға жаңашылдық енгізетін уақыт келді.

Н. Калашникова: Этноволонтерлік - қазақстандықтарға ғана тән, енді пайда болған жаңа ұғым

— Ал енді этноволонтер дегеніміз не? Түсіндіріп беріңізші.

— Этноволонтер – жаңа термин. Ол ешқандай сөздікте көрсетілмеген. Мен оны былай түсіндіремін: қайырымдылық іс-шараларды ұйымдастыратын және оны өткізетін адамдар. Ұлы Даланың тарихы, оның ішінде біздің эрамызға дейінгі уақыттардың негізінде еліміздегі этностардың күшін біріктіріп, еріктілік қызметті жүргізуді дамытады.

Кейде маған волонтерлікті бөліп қарастырғаным үшін қарсы пікір айтатындар кездеседі. Ал мен бұл қоғамдық келісімді қалыптастыру үшін керектігін айтып жүрмін. Әр этностың тұрып жатқан жеріне деген сенімділігі мен оның тарихы маңызды екенін түсінуіміз керек. Біздің дәуіріміздің өркендеуінде біз тамаша көне мәдениетімен бірге қазақтардан бар жақсыны, бар позитивін алдық. Бірге өмір сүріп жатқан этностардың этномәдени бірлестіктерінің волонтерлері қайырымдылық пен рақымшылдықты насихаттайды. Игі миссияға ие мәдениеттердің бірігуі, ал миссия тұрақты қайырымдылық көмек көрсету, мейірімділік, жанашырлыққа негізілделеді, біздің қоғамның құндылығы ретінде мені осындай тұжырымдаманы әзірлеуге итермеледі. Бұл терминді шығармастан бұрын әуелі жіті зерттедім, Қазақстандағы этностардың психологиясына қатты мән бердім. Олар қандай? Әр этникалық топтың өзіне тән қандай ерекшеліктері бар? Оның ішінде әлеуметтік-гуманитарлық дамуы тұрғысынан қарадым. Сосын Қазақстанда этостардың пайда болуы тарихын зерттедім. Олар қандай себептермен келді? Айтпақшы, бұл туралы assembly.kz сайтындағы интерактивті картадан көруге де болады. Зерттеулерімде қай этностар қазақтардың мәдениетіне бейімделгеніне мән бердім.

Ұлы Жібек жолындағы сауда қатынасында адамдар бірін-бірі қалай қолдады, қалай әлеуметтенді деген сұраққа жауап іздедім. Өйткені бұл да дәстүр ғой. Бұл жобада бір қызықты зерттеу жұмысы бар: Ресейлік ғылым академиясы жиырма алты елден сарапшыларды тартып, оның ішінде Қазақстан да бар, жалпыұлттық ынтымақтастықты қалыптастыру үдерісі. Бұл ұғымды біз жиі ұмытып кетеміз. Большевиктерге телінген ұғым деп те айтатын кездер болды. Бірақ олай емес, бұл ұғым көне дәуірде қалыптасқан. Қазақтардың өз еліне басқа ұлттардың келуін қабылдап, оларға бауырластық танытқандығы – «жалпықазақстандық ынтымақтастық» түсінігін қалыптастырды.

Кейде қазақстандықтар өздерінің бірегей толеранттығын мақтаныш етеді дейді. С. Ожегов толеранттылықты «төзу, шыдау» деп түсіндіреді. Ал енді Қазақстандық зерттеулер «өзгені қабылдау» деген ұғымды білдіретінін дәлелдей алды. Бұл төзу емес, қабылдау – қоғамда өзгені, өзге дәстүрді қабылдау.

Менің бұл зерттеуім әлі аяқталған жоқ, дегенмен өз ортамда жылы қабылдап жатыр.

Бірде маңызды мемлекеттік қызметкерлердің семинар-тренингісін өткізуге шақырту алдым да, онда мен этностар психологиясының ерекшелігі мен жалпы дәстүрдің қалыптасуы туралы айтуым керек болды. Міне, соған дайындалғанда біз өзімізге нені сіңірдік деген ой келді. Мысалы, «асар» дәстүрі басқа да этностарда да бар. Осыдан біз өмір сүріп отырған қоғамда этноволонтерлік жалпы ұғымы пайда болды. Яғни, ортақтастыру арқылы қазақ болмысын бойымызға және дәстүрімізге сіңірдік.

Н. Калашникова: Этноволонтерлік - қазақстандықтарға ғана тән, енді пайда болған жаңа ұғым

— Волонтерлік қызметте Қазақстан үлесінің көрсеткіші қандай деңгейде?

— Волонтерлік қызмет бүкіл әлемде жаһандық ауқымға ие екенін атап өткен жөн. 1987 жылдан бастап 2018 жылға дейін еріктілер қозғалысына қатысқан адамдар саны сексеннен үш жүз жиырма миллионға дейін өсті. Бүгінгі таңда еріктілер алты континентте белсенді жұмыс істеп жатыр, әлемнің бір жүз жеті елінде үш мыңнан астам жоба жыл бойы жүзеге асырылуда.

Британдық «Charities Aid Formation» халықаралық қайырымдылық ұйымының бастамасы бойынша жүргізілген зерттеулерде Қазақстан халқының қайырымдылық көмекке көзқарасы тұрғысынан әлем елдерінің жетістіктерін өлшейтін көрсеткіш бойынша бір жүз елу үш мемлекеттің арасында тоқсан алтыншы орында тұр (дүниежүзілік қайырымдылық индексі – The World Giving Index). Дегенмен бірқатар әлеуметтік құрылымдар, атап айтқанда, Қайырымдылық ұйымдар қауымдастығы мен қоғамдық пікірді зерттеу орталығы ұсынған деректерде қайырымдылық көмек көрсетуге дайын және оны жүзеге асырып жүрген қазақстандықтардың өсіп келе жатқанын байқатады (88,3%), бірақ тек 9,7% тұрақты, 11,8% ешқандай көмек көрсетпейді, қалғандары сирек жағдайларда көмектеседі.

Менің ойымша, тағы бір айта кетер мәселе – этномәдени бірлестіктер тарапынан қайырымдылық қызметті ынталандыру және қайырымдылық істерді әділ есепке алу мақсатында республикалық этномәдени орталықтарды қоғамдық аккредитациялау кезінде олардың қайырымдылық қызметін бағалау индикаторын енгізу қажет.

Сөзімді Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойының қарсаңында елімізде белсенді өтіп жатқан әдеби эстафета аясында 45 қара сөзінің он төртіншісінде айтылған пәлсапасымен аяқтасам деймін: «Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп езіне ойлағандай, оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі».

Бөлісу:

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға