Жаңалықтар

Н. Нәдіров: «Ассамблея бірліктің мызғымас белгісі»

Қазақстан жеке мемлекет ретінде шаңырақ көтергенде ұлтаралық татулықты сақтау маңызды міндеттің бірі болды.
09.02.2015 04:56 4014

Қазақстан жеке мемлекет ретінде шаңырақ көтергенде ұлтаралық татулықты сақтау маңызды міндеттің бірі болды. Бұл бағытта көптеген жұмыстар атқарылды. Айталық, 1992 жылы Қазақстан халықтарының бірінші форумында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мұндай басқосуды тұрақты түрде өткізіп тұру идеясын ұсынды.Осылайша 1995 жылдың 1 наурызында – Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылып,  этносаралық мәселелерді шешудің тетіктері қалыптасты. Ассамблея Қазақстанды мекен еткен ұлттардың ортақ мүддеге ұйысуына негіз болды. Ассамблеяның қоғамдық-саяси өміріміздегі орны жайында «Барбанг» күрдтер қауымдастығының құрметті президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, академик Нәдір Нәдіровпен әңгімелескен едік.

Н. Нәдіров: «Ассамблея бірліктің мызғымас белгісі»

Пейлі кең, көңілі дархан – Қазақстан

– Нәдір мырза, 90-шы жылдардың басында Мемлекет басшысы елімізде ұлтаралық татулық жолында көп еңбектенді. Бұл бағыттағы жұмыстарды іске асыруға өзіңізде үлес қостыңыз. Сол кезде қоғамдық-саяси өмірде ұлтаралық татулықты сақтау қаншалықты маңызды еді?

– Көп ұлтты мемлекет үшін ұлтаралық татулықты сақтау маңызды міндеттердің бірі. Бірақ мұндай ізгілікті мұратқа қол жеткізу оңай болған жоқ.

Әлі есімде, төрткүл дүниенің дүр сілкіндірген Кеңес Одағы ыдырап, одақтас республикалар бірінен соң бірі жеке мемлекет болып жатқанда Қазақстандағы қарапайым күрдтер маған келіп: «Енді жағдаймыз не болады?» деп қатты алаңдағаны есімде. Олардың бұлайша алаңдауы орынды еді. Сол кезде мен киелі қазақ жерін мекен еткен қандастарыма басу айттым. «Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанда ұлтаралық алауыздықтың туындауына жол бермейді. Алдағы уақытта келешегіміз бұдан да жақсы, жарқын болады. Сары уайымға салынбай, тәуелсіз Қазақстанды нығайтуға өз үлестеріңді қосыңдар. Қазақстанға жер аударғанда бізді қазақ бауырыларына қалай басқанын бәрің жақсы білесіңдер. Сол құшағы мейірімге толы қазақ елі ғасырлар бойы армандағын тәуелсіздігіне қол жеткізді. Билікті өз қолына алған мейірбан халық өзге ұлттарды өзекке теппейді. Ендігі жерде біздер ортақ отанымыздың іргетасын нығайтуға күш салуымыз керек», – деген едім. Айтқандай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда ұлтаралық дүрдараздыққа жол бермей, қайта ынтымақ пен бірлікті нығайта түсті. Бұған Президент бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы көп үлес қосты деп санаймын. Ондаған жылдар бойы өзінің даму кезеңін артқа тастаған қоғамдық институт қазақтардың доспейіл, меймандос халық екенін төрткүл дүниеге паш етті.

– «Қазақстандық брендке» айналған Ассамблея осындай биікке көтерілетіне көпшілік қауым сол кезде сенді ма?

– Бұл бағыттағы жұмыстардың сәтті іске асып кетеріне біраз адамдар күдікпен қарағаны жасырын емес. Осы уақытқа дейін әлемнің көптеген елінде болып, белгілі қоғам қайраткерлерімен тілдестім. Оларға Ассамблея жайында айтқанда зор қызығушылықпен тыңдады. Керек десеңіз, мұндай қоғамдық институтты өркениеттің шыңына шыққан Батыс елдерінен кездестіре алмайсыз. Осы жайтты ой тезіне салғанда, Ассамблеяның мұншалықты биік деңгейге көтерілуінің сыры қазақ халқының пейілінде жатқанын аңғарасың. Президенттің Қазақ­станды мекендеген өзге ұлт өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстыруы өте дұрыс саяси шешім болды деп санаймын. Осыдан жиырма жыл бұрын пайда болған бұл идея өзінің өмір­шеңдігін әлі де дәлелдеп келеді. Алдағы уақытта Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстанның дамып, гүлденуіне өз үлесін қоса беруі тиіс.

Әлемдегі күрдтер бізге қызыға қарайды

– Сіздің сөзіңізден тәуелсіз Қазақстанның негізгі саяси басымдықтарының бірі ұлтаралық татулықты сақтау болғанын аңғарғандай болдық…

– Әлбетте. Ассамблеяның шаңырағын көтеріп, уығын шаншығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі біздің болашақта бағындыратын асулар мен шығатын биіктерге ауыз бірлігіміз барынша жәрдемдесетінін айтқан еді. Мен оның осы сөздеріне сан мәрте көз жеткіздім. Сол бір кездері журналистер «тәуелсіз Қазақстан қандай халықтық идеяны ту етіп көтеруі керек?» деп зиялы қауымға сауал тастағанда «халықтық идеяның өзегі ынтымақ пен бірлікке негізделуі керек» екенін айттым.  Елбасының ту етіп көтерген бірлік пен мемлекеттік тұтастық миллиондаған аза­маттың жүрегін нұрландырды. Осының арқа­сында Қазақстан ғаламат экономикалық жетіс­тік­терге қол жеткізіп, өзінің тілі мен дәстүрін жаңғыртты. 2002 жылы ел тәуелсіздігінің 10 жылдығында Елбасы Алматыдағы резиденциясында еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің жетекшілерін жинап, 6 сағат бойы кеңес өткізгені есімде. Сол жиынған мен де қатыстым. Галстуксыз өткен жиында Президент те, біз де көкейде жүрген ойларымызды ортаға салдық. Сондағы айтылған әңгімелерідің түйіні қол жеткізген табыстарымыз ауызбірлік пен ынтымаққа барып тіреле берді. Осы бір жайттан-ақ Қазақстан халқының тұтасуы Тәуелсіздік жылдарындағы айшықты кезең болғанын кімде болса ұғынады деп есептеймін.

– Нәдір мырза, сіз Қазақстандағы күрдтердің жетекшілерінің бірісіз. Бүгінде Қазақстандағы күрдтердің жағдайы, жайы қалай?

– Осыдан бірнше жыл бұрын күрд халқына арнап бір кітап жаздым. Сол кітабымда мен өзіміздің «қазақстандық күрд» екенімізді мақтанышпен айтуға болатынын анық жаздым. Өйткені біздің басқа күрдтерден айырмашылығымыз бар. 1937 жылы бірінші рет күрдтер жер аударғанда, оларды жойып жіберуге тырысты. Бірақ қазақ халқының бауырмалдығының арқасында біз үлкен дәрежеге жеттік. Қазіргі кезде күрдтер көптеген салада жұмыс істейді. Мемлекеттің қалыптасуына өз үлесін қосып жатыр. Дүниежүзінде күрдтердің саны 40 миллионнан асатынын өзіңізде білетін шығарсыз. Мен басқа мемлекеттердегі күрдтердің жағдайын жақсы білемін. Шетелде тұратын туыстарымыз бар, олар бізге келіп тұрады. Осыдан біршама жыл бұрын Иранда тұратын ағайындарымыз келді. Сол кісі «Сендер қандай бақыттысыңдар», – деп айтқаны есімде. Бүгінде Күрд мәдени орталығының директоры Князь Мирзоев Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары қызметін абыроймен атқаруда. Осы жайттан-ақ күрдтер қазақтардың бауырмалдығын жоғары бағалайтынын аңғаруға болады.

 

Бір шаңырақ астында

Деректерге қарағанда бүгінгі таңда әлемде 40 миллионға тарта күрд ұлты бар. 2009 жылғы халық санағының негізінде анықталғандай қазіргі күні Қазақстанда тұратын күрдтердің саны барлығы – 38 мың адамды құрайды. Осынау ұлттың Қазақстанда өмір сүргеніне міне, 75 жылдан асты. Күрдтер көп ұлтты елдің бірлігі мен ынтымағын бекемдеуге, атап айтар болсақ отандық экономика, бизнес, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, гүлдендіруге өз үлестерін қосып жатыр. Өткен жылы «Барбанг» Қазақстандағы күрдтер қауымдастығының төрағасы Князь Мирзоев Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Елімізде күрд тіліндегі түрлі саладағы кітаптар, сонымен қатар «Нубар» ғылыми-шығармашылық журналы мен «Жийана курд» басылымы тұрақты түрде шығып тұрады. Негізінен күрдтер қоныстанған жерлерде күрд тілін үйретуге бағытталған кешкілік мектептер ашылған, үйірмелер құрылған.


 Әңгімелескен, Жарбол КЕНТҰЛЫ

Материал мына жерден алынды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға