Жаңалықтар

Мюзикл жанрында бағымды сынағым келеді – Айман Есенқызы

Жастар театрының әртісі Айман Есенқызымен сұхбат
Мюзикл жанрында бағымды сынағым келеді – Айман Есенқызы
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан 27.10.2022 18:30 3224

Астана қаласындағы «Жастар» театрының әртісі Айман Есенқызымен сұхбаттасып, театрдағы қызметі жөнінде білдік.

– Сізді Жастар театрының әртісі ретінде білеміз. Жалпы, театрға жолыңыз қалай түсті?

– Әртіс болу бала күнгі арманым. Телеарнадан фильм көріп отырып, сондағы басты кейіпкердің іс-әрекетін қайталап, өзімше сомдайтынмын. Театр өнеріне деген қызығушылық сол кезде оянды. Арманым қанат бітіріп, Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының есігін аштым. Онда музыкалық өнер факультетінде білім алдым.  

Жоғары оқу орнына шығармашылықтан емтихан тапсырған кездегі оқиға әлі есімде. Этюд пен мысал өлең айтуым керек болған-ды. Ұялуды, қысылуды білмейтін, ашық адаммын. «Этюд» дегеннің не екенін білмей, емтихан қабылдаушылардан сұрадым.  Сол кезде «кез келген жан-жануар немесе аң-құсты келтіру» деген жауап алып, содан ауылдағы ешкілерді келтірдім. Сөйтіп, жастарды өнерге баулитын жоғары мектепке оқуға түсіп, театр өнерінің қыр-сырын үйрене бастадым.

Университет қабырғасында белсенді болып, қоғамдық жұмыстарға араластым, ұстаздарымның бағыт-бағдарына мән беріп, өнерімді шыңдауға тырыстым.

Оқуды бітіруге 5 ай қалғанда ұстазым Нұрғанат Жақыпбай 8 студентті іріктеп, Астанаға шақырды. Көп ойланбастан Жастар театрына келуге бел будым.  

– Жастар театрының алдында үлкен міндет тұр. Ол – жастарды театр көру мәдениетіне баулу. Жастар театры бұл міндетті қалай атқаруда?

– Театрға келгеніме 13 жыл болды. Осы жылдар ішінде көптеген жұмысты атқардық. Ең алдымен, театрымыздың тұрақты көрермені қалыптасты. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Бізді іздеп, сағынатын, қауышатын, үлкенді-кішілі көрерменіміз бар. Қазақстанның қай қаласында да біздің қойылымымызды асыға күтетін көрермен аз емес. Театрымымызға билет таппай, 2-3 мәрте спектакльдерді қайталап қоюға тура келген күндер болды.

Мұның бәрі театрға көрермендердің ықылас-ниетін көруге болады. Меніңше, театрды ұлттық идеологияның өзегі деп түсінсек, онда мемлекеттілік болған кезде, театрда өз жұмысын заманға сай жүйелеп, дами береді.

Астанаға алғаш келгенімде Пирамидада айына 2 рет спектакль ойнайтынбыз. Ол кездері адам көп жиналмайтын. Әрі кетсе екі қатарға ғана толатын. Тіпті, 1-2 адам ғана келген күндері есімде. Шүкір, бүгінде жастар театрында адам қарасы қалың...

– Жастар театры несімен ерекшеленеді? 

– Театрымыздың ең бірінші ерекшелігі – әртістердің 80 пайызы ұстазымыз Нұрғанат Жақыпбайдың шәкірттері. Сосын көптеген спекталіміз ән мен биге құралған. Сапалы, жақсы ән адамның бойын жадыратып, рухын асқақтатады. Ән арқылы көрерменнің жүрегінен орын алып, олардың керемет сезімге бөленіп шығуына тырысамыз.

– Сіздің ең алғашқы басты рөліңіз  есіңізде ме? Сол кездегі эмоцияны жеткізе аласыз ба?

– «Алтын балапан» ертегісіндегі балапанның рөлі болатын. Ол ұл бала болатын. Ол кезде театрымыз жоқ, балабақша, мектептер мен мәдениет үйлерін аралап, жиі көрініс қоятынбыз. Әрине, балапанның рөлі арқылы нәзік жаратылысты сомдауым тиіс болды. Бұл рөлді өз деңгейінде ойнадым деп ойлаймын. Сол кезде көрермендердің ерекше ықыласын алдым. Мұны сөзбен айтып жеткізе алмаймын. 

Ең бірінші үлкен рөлім Түркиядағы театр фестивалінде «Ғайыптағы мәңгілік махаббат сазы» спектаклін қойып, Айдың рөлін сомдап шықтым. Сол кезде қатты қобалжығаннан белім ауырып, мазам кетті. Басты ерекшелігі – биге құралған спектакль еді. Шетелде өтіп жатқандықтан жауапкершілікті түсініп, жедел жәрдем шақырып, екпе қабылдап, қойылымды әрі қарай жалғастырдым.

– Сізге қай жанрда рөлді сомдау көңіліңізге жақын?

– Театр маманы болғандықтан белгілі бір жанрды таңдаймын деп айта алмаймын. Менің жұмысым маған берілетін рөлді үздік сомдап шығу. Ол қай жанрға болмасын, ең бастысы өз деңгейінде алып шығу. Дегенмен, болашақта мюзикл жанрында өзімді сынап көргім келеді.

– Аға буыннан кімді үлгі тұтасыз?

– Үлгі тұтатын адамдарым көп.  Дегенмен, өзіме жақында жаңа актрисаны аштым деп айта аламын. Жақында Ұлан Мырзаның «Бақ» деген спектаклін тамашаладым. Сол жердегі Жанат Чайкинаның рөлі маған қатты ұнады. Бұған дейін ол кісіні қатты танымайтынмын, бірақ «Бақ» спектакліндегі болмысы, өзін жеңіл ұстауы, сұлулығы және жасы үлкен болса да жастардың жанында өзін берік ұстауы маған қатты ұнады.

– Сіз қандай рөлді сомдауды армандайсыз?

– Болашақта өзімі моноспектакльден байқап көргім келеді. Бірақ, бұл спектакль арқылы көрермен өзіне қиянат істемесе немесе өзініңжағымсыз тұстарын көріп зиян келтірмесе екен, керісінше, қойылымнан кейін маңызды түйін түйгенін қалаймын.

– Бос уақытыңызда немен шұғылданасыз?

– Бос уақытымды пайдалы істерге жұмсағанды жақсы көремін. Саябақта серуендеу немесе судың жағасында демалудың өзі пайдалы. Сонымен қатар, жанымда жақын адамдармен бірге пайдалы ақпаратты бөлісіп, құнды ойлармен бөліскенді қалаймын.

– Әлемдік театр салаласында Қазақстандық театрдың қандай орны бар деп ойлайсыз?

– Қазақстанның театрлары соңғы 2 жылда жаңа бағытқа көшкендей. Жаңа спектакльдер, жаңа жас режиссерлар, жаңа толқын, жастардың талпыныстары көзді қуантады. Осы қарқында жалғаса берсе, Қазақстанның театрлары әлем деңгейінен еш қалыспайды деп ойлаймын. Бірақ, осы заманмен ілесеміз деп, өзіміздің қазаққа ғана тән қасиетіміз бен болмысымызды жоғалтып алмасақ жарар еді.

Өз театрымыз жайлы айтатын болсақ, біз шетелдегі фестивальдерге жиі шығамыз. Әр барғанымыз сайын үлкен жүлдені қанжығамызға байлап қайтамыз. Бізді қолдап, қошемет көрсеткендер көп болды. Қай спектальмен барсақ та, үлкен сыңшылардың оң көзқарасын естіп қайтамыз. 

Биыл Түркияға 3 рет бардық. Көптеген елден келген театр мамандары бір фестивальде бас қосты. Сол кезде спектакльден бөлек, фестивальдің шымылдығын ашуды бізге ұсынды. Бұның өзі біз үшін үлкен құрмет. Көптеген елден келген меймандар дәл біздің спекталімізді 2 күн бойы тамашалады. Бірінші күнгі қойылым көңілдерінен шыққан соң, екінші күні қайта сұрап, өтініш тастады.  

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан   

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға