Жаңалықтар

Ұмыт болған қандай салт-дәстүрлерді білеміз?

Ұмыт болған қандай салт-дәстүрлерді білеміз?
20.04.2022 16:26 63108

Қазақтың салт-дәстүрі тұтас ғылым десек те болады. Қазақ нарын деген ұлын, арын деген қызын дәстүрмен әдет-ғұрып арқылы ұтымды тәрбиелей білген ел. Қай халықты алсақ та, өзіне тән тұрмыс тіршілігі, күн көрісі, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлері бар. Салт-дәстүр халықпен бірге жасасып, тарихында өшпес із қалдырады. Бірақ ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлеріміз де жетерлік. Бұл жайында жазушы-этнограф Болат Бопайұлымен әңгімелескен болатынбыз.

Қазақта атадан балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүрлер баршылық. Бірақ жылдар өте ұмытыла бастаған ұлттық құндылықтарымызда бар. «Нағыз тәрбиенің тетігі алдыңғы буын мен өскелең ұрпақ арасындағы өнеге мен өрілетін сабақтастықта осы дәстүрде жатыр», - дейді жазушы-этнограф.

Ұмыт болған қандай салт-дәстүрлерді білеміз?

– Қазақ халқының салт-дәстүрлерінің тозығы жоқ. Ол – тозық болатын болса, бес мың жыл бойы халықпен ілесіп бірге жасамас еді. Елу ғасыр бойында талай сыннан сүрінбей өтіп, екшеліп, реттеліп, асылданып, жаңаланып, жаңғырып бүгінге сүрінбей жеткен ұлттық құндылықтарымызды жете түсініп, биік бағалап, ұрпақтарымызға одан ары сабақтап отыру - барша саналы азаматтарымыз бен азаматшаларымыздың, ақ жаулықты аналарымыз бен ақ басты аталармыздың мойнындағы ең үлкен парызымыз деп таныған абзал,-дейді Болат Бопайұлы.

   Иә, десе де көнеден жеткен көп асыл мұраларымыздың, бүгінгі таңда бұрмаланып, өзінің түп қазығынан ауытқып қолданып жүрген тұстары адамды қатты қынжылтады. Тіпті жүректі ауыртады,- дейді Болат мырза.

Бұл мәселеде жастарымыз ғана емес, егде жастағы, көпті көрген қарттармыздың да, салт пен дәстүрді, ырым мен тыйымды, ғұрып пен жол жосынды парықтай алмай жүргені көңілді ауық - ауық ауыртып тастайды. Оған бір жағынан өкпе жоқ. 70 жыл бойы ұлтымызды өзінің салт пен дәстүрінен ауаша тәрбиелеп, үркітіп, қорқытып тастағаны тағы бар. Бірақ тәуелсіз ел, тәуелсіз мемлекет болғанымызға 30 жыл толды. Енді ұлтымыздың ұлттық рухын ту етіп көтеретін, ешкімге қарап жаутаң көз болып өмір сүрмейтін дәрежеге жеттік. Аллаға шүкір деумізге болады.

– Бір нәрсені қанық әрі анық білуміз керек. Мынау жаһандану дәуірінде, тәуелсіздігімізді сақтап, алдағы ғасырларда , әлемдік үрдістерге төтеп беру үшін, мемлекетіміздің бір тұтастығын сақтап қалу үшін, көген көз ұрпақтырымызды ұл жанды, ұлық да ұлағатты ұрпақ етіп өсіру үшін де, мемлекеттік ұлттық идеология қалыптастырумыз керек. Онсыз болмайды. Ұлттық идеологияны қалыптастыратын алтын арқау ол - қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі, әдеп-ғұрып, пен ырым- тыйымдары, жөн - жоралғылары, тілі, ділі , мәдениеті өнері .   

Әрбір салт пен дәстүрді, ырым - тыйымдардың терең философиялық мәнін, әрбір дәстүрдің астарындағы ұлы ұғымдарды барынша терең түсіуміз шарт. Олардың парқын ажырата білуміз тиіс.

Ұмыт болған қандай салт-дәстүрлерді білеміз?

– Салт пен дәстүрдің көбі торқалы тойда , топырақты өлімде атқарылады. Мысалы, құда түсу, келін алу, қыз ұзату, бала сүндеттеу, көшіп - қону, жұрт жаңалау, жолушы жүру, барыс - келіс жасау, өлім - жітім ұзату, қайтқан адамның жетісін , қырқын, жылдық асын беру кездерінде, әр қайсысына тән мазмұны болады. Соған сай өткізілетін дәстүр мен салт, ырым мен тыйымдары бар. Оны үлкендер болмаса, жастар жан - жақты біле бермейды. Сол себепті де, ырым мен тыйм , дәстүр орнына атқарылатын, ауыс - түйіс жағдай жетіп жатыр,- дейді өз сөзінде жазушы-этнограф.

Дәстүр заманға байланысты түрленіп, жетілдіріліп отырады. Тек солай ғана өміршең болмақ. Салт-дәстүрдің ұмытылып бара жатқанының тағы бір салмақты себебі урбанизация. Статистика комитетінің мәліметінше, қазақстандағы халық саны он бір миллионнан асса, ауылдық жерлерде сегіз миллионға жуық адам бар екен. Ескеретіні, жыл сайын қаланың тұрғыны көбейіп, ауылдарда кеміп барады. Ал ауыл дәстүрдің діңгегі.

– Салт-дәстүрді сақтап қалу үшін мемлекеттік деңгейде түрлі шаралар ұйымдастырылып, қыруар қаржы бөлініп жатқаны рас. Бірақ әлі де жүйе мен нәтиже жоқ. Бұл мемлекеттің ғана емес, әр адамның жеке жауапкершілігіндегі іс болса керек. Себебі, тіл мен жер деңгейін ұлттың ұлт болып сақталуы салт-дәстүріне байланысты,- дейді Болат Бопайұлы.

Біз осы орайда салт-дәстүр, әдет- ғұрып, ырым-тыйымдарға аз-кем тоқтала кеткен жөн болар. Олардың парқын біреу білсе, біреу біле бермейді. Болат Бопайұлы: «Дәстүр – бір ұлттың өзіне тән, басқа ұлттар мен ұлыстарға ұқсамайтын ата - бабаларынан ғасырлар бойы ұрпағына жалғасып келе жатқан, әлеуметтік-мәдени мұра»,- дейді.

– Дәстүрдің мағынасы өте кең. Ол тек ата - баба мұрасы болып қана қалмай, әлеуметтік ұлттық сыйпаттарды да , оның ішінде әдіс-тәсілдерін де өз мазмұына қамтиды. Дәстүр - қоғамның барлық салаларынан көрініс табады. Анықырақ айтсақ, ол дендегі, тілдегі, ғылымдағы, өнердегі, әдебиеттегі, философиядағы, психологиядағы, тарихтағы басқа да салалардағы алар орны ерекше. Біз бұл жерде тек қана қазақ халқы арасында атқарылып келе жатқан дәстүр туралы айтамыз. Мысал ретінде баланың тұсауын кесу, кіндік шеше, құда түсу, қыз ұзату, табалдырық аттау, құда күту, т.б. Айта берсек, біздің қазақ халқының дәстүрлері жетерлік. Дәстүрдің ерекшелігі мен мазмұны кең.

Бүгінгілер білмек тұрмақ, естімеген талай дүние бар. Дәстүрдің озығы мен тозығы бар деген мақалды мықтап санаға сіңірген бүгінгі буын өзінің оң жанбасына келмегенің тозығы жеткен деп келместің кемесіне артып жіберетін болған. Бірақ, бұрынғы қазақ ақымақ болған жоқ. Сол салт-дәстүрдің, ырым-тыйымның арқасында алып атырапты ат төбеліндей елді уыздай ұйытып отырды. Бірақ, мәселе тек ұмыт қалуда емес, қазір салт-дәстүрмен ғұрыпты һәм ырымды ажырата алмайтындар көп.

– «Ошақтың үш пұты болғанымен, қазаным біреу еді ғой. Үш жүзге бұра тартқаныммен, қазағым біреу еді ғой» дейтін біздің қазақ қазіргі таңда ырым мен тыйымды ажырата алмайтын хәлге түсіп отыр. Ата-бабамыздың бұрыннан жалғасып келе жатқан ырым-тыйымдары бар. Олардың мағынасын кейбір адамдар біле бермейді. Басым көпшілігінде ырым-тыйымды, шектеу мағынасында қолданады. Мысылы: «табалдырықты баспа», «босағаны керме», «Маңдайшаны тартпа», «Босағаға отырма», «көк шөпті жұлма», «Құстардың балапанын өлтірме», «жұмыртқасын шақпа» тағы басқа көптеген ырымдар бар. Осындай үлгі де келетін тыйымдар ырым түріне жатады. Оның аржағында «Жаман болады», «Обал болады», «Ұят болады», «Күнә болады» деген төрт үлкен жауап жатыр. Осы дәстүрлер мен ырымдар, жөн - жоралғылар, кәделер осының барлығы жиналып келіп салтқа айналады. Ат тұлдау, қазан төңкеру, қаралы ту шығару, ұшықтау, ескі бұйыды өртеу не сындыру ғұрыпқа жатады. Жолдық беру, сүйінші сұрау, алыс-беріс, бұйымтай сұрау сынды дүниелер жөн - жоралғыларға жатады. Жалпы айтқанда осының бәрін жиннақтап «Салт – дәстүр» деп атаймыз.

– Ұлттық салт-дәстүрлер исламға дейінгі заманнан бастау алып, ислам арқылы шариғатпен, сүннетке негізделіп күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан біздің өмір сүру дағдымыз болып табылады. Дүниеге келген баланың азан шақырылып ат қойылғанынан бастап, дүниеден өткен адамның жаназасын оқып, жер қойнына бергенге дейін, яғни тал бесіктен, жер бесікке дейінгі аралықта көптеген дәстүрлеріміз исламнан нәр алғанын байқаймыз. Сондықтан да ислам мен дәстүріміздің арасындағы қарым-қатынас өте тығыз, айырып ажырату оңай емес.

Ұмыт болған қандай салт-дәстүрлерді білеміз?

Қай заманда болсын, адамзат алдындағы басты міндет ол - білімді, саналы, еңбексүйгіш ұрпақ тәрбиелеп өсіру. Осы міндетті әр халық өзінің салт-дәстүрлеріне орай іске асырады. Яғни, әр халық өзінің сынынан өткен сұрыпталған және озық салт-дәстүрлері арқылы болашақ ұрпақты тәрбиелеп отырған. Ендеше салтымыз санамызда мәңгілік жаңғырып тұру үшін, дәстүрлер сөйлесін.

– Қазіргі кезде ат тұлдау, қаралы ту шығару, қазан төңкеру, қаралы киім киу сынды ғұрыптар ұмыт болып барады. Қыз ұзатқандағы қыз сыңсуы, көрісу айту салттары мүлдем жоқ деуге болады. Олжа байлау, қазан шегелеу, сыралғы сынды дәстүрлер атқарылмайды,- дейді этнограф Болат мырза.

Төменде ұмыт болған кейбір салт-дәстүрлерге мысал келтіре кетуді жөн көріп отырмыз.

Босаға майлау

Біздің салтымызда көнерген дәстүрлер бар. Отау тігіп, шаңырақ көтерген екі жасқа жасалар жөн-жоралғы да айтылар тілек те мол. Осындай салттың бірі- босаға майлау. Бұл дәстүрді көреген әжелер мен ақ жаулықты аналар жасайды. Екі жастың үйіне шашуын шашып, ақ ниетін білдіріп келеді. Үлкендер «Жас отаудың босағасы майлы болсын, қазаны оттан кетпесін, еліне қалаулы болсын» деп тілек айтқан. Мұндағы тілек келіннің қазаны оттан түспесін, елге майдай жұғымды, көп түсетін үй болсын деген ырыммен жасалады. Жас келін бір үйдің ұрпағын көбейтуші жан. Яки, сол үйге бақ-береке қонсын, майдай жұғымды болсын деген ниетпен барады. Босағасын майлаған адамға шаңырақ иелері кәде береді. Бүгінде евро ремонт жасатқан бүгінгі жастар босағасына май жаққызы ма? Жоқ па? Бұл үй иесінің құзырында.

Қалау айту

Тағы бірі «қалау айту», біреудің жақсы малына немесе мүлкіне көзі түскен адам сол үйдің иесіне немесе әйеліне, баласына бір бағалы тарту әкеліп, сол үйдегі өзі ұнатқан дүниені көрсетіп, «менің қалауым осы» деп сұрайды. Әсілінде текті қазақ қонақтың қалауын қайтармайтын болған.

Әмеңгерлік

Әйел ерден кетсе де, елден кетпейді деген қағиданы ұстанған ата-бабаларымыздың әмеңгерлік деген салты бар. Бұл үрдісті бүгінде ел ішінде сирек ұстанады. Аға өмірден өтсе, жеңге мұра, іні қайтса келін мұра деген дана халқымыз. Бақилық болған жандардың жылын беріп болған соң, жесір қалған әйелді қайын ағасына немесе қайын інісіне қосады. Мұның астарында немерелеріміз ешкімге жалтақтамай, өз туысының бауырында өссін, өзге біреу өгейлік көрсетпесін деген қағида жатыр. Әмеңгерлік мәселесін ру ақсақалдары кеңесіп, ағайын арасында талқыға салады. Сүйіп қосылған жарының ыстық сезімін өзгемен бөліскісі келмесе де, үлкендердің сөзін жерге тастап, ата салтын аттауға болмайды. Бұл келіннің ақылдылығын көрсетеді.

Ерулік

Ерулік – жаңадан көшіп келген адамдарға көршілерге арналған қонақ асы. Ерулік жаңа көршілерді жақындастыруды көздейді. Жылқы еті, қазы-қарта, жал-жая мүшелері немесе қой еті сойылып дастархан жайылады.

Түйін

Сан қилы өмір үдерісінің желкенінен шықпай бізге жеткен, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан салт-сана, әдет-ғұрыптарымыздың көбісі бүгінгі таңда ұмыт болып, тіпті кейбіреуі жоғалуға да айналды. Ұлт мұрасына, ұлт мәдениетіне даңғыл жол ашылып, жаңа мәдениет құрудың ұлы жорығы ел болып, шеру тартып отырған тұста ұлттық салт-сана, әдет-ғұрыпты жинау, зерттеу, саралау кәдеге жарату әрбір есті адамзаттың борышы саналады. Халқымыздың өткені мен бүгініне ой көзімен қарасақ, салт-дәстүрдің кейбірі бүгінгі мына дәуірде арамыздан ізі кете бастағандығы шындық.

(Суреттер ашық ғаламтор көздерінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға