Жаңалықтар

«Мыңдаған вакцинация актісі өтірік болып шықты». Депутат ветеринариядағы былық жайлы

«Мыңдаған вакцинация актісі өтірік болып шықты». Депутат ветеринариядағы былық жайлы
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі 04.09.2024 12:32 461

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев аулада сойылған малдың жанында ветеринариялық қадағалау болуы керек екенін айтты, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Бізде осы жылы шілде айына дейін 1 млн тонна ет өндірілді, соның 430 мың тоннасы үй шаруашылықтарынан келген. Кеше президент жолдауында миллиондаған мал басы жоқ екені анықталғанын айтты. Екіншіден, кеше Бас прокуратура ветеринариядағы былықты ашты, қаншама мыңдаған вакцинация актілері өтірік болып шықты. Демек мал немен егілетінін ешкім білмейді. Үшіншіден, малдың көп бөлігі аулада сойылады, 40 пайыз дегеніміз осы. Ауладағы сойылған малдың жанында ветеринариялық қадағалау болуы керек, олар еттің сапасын, ішкі органдарын көруі керек. Ол қасында тұрмайды. Сол ет кейін базарға түседі, мұны малдың иесі арыз жазып, ол мәлімет базасына енгізгенше 2-3 күн кетеді. Сол күннің ішінде ет сатылып кетеді. Бұл денсаулығымызға қауіп-қатер келтіретін қаншама саты. Соның бәрін ең соңында кім тексереді? Мынау базардағы ветеринариялық-санитариялық экспертиза, - деді депутат.

Депутаттың сөзінше, мұның барлығы жекеге беріліп кеткен.

Кез келген етке кез келген анықтаманы сызып бере салады. Бұл – шындық, базарға барсаңыз, өз көзіңізбен көресіз. Базардың маңындағы қоймаларда антисанитария. Оны ешкім тексеріп жатқан жоқ. Осы ветеринариялық-санитариялық экспертизаны мемлекет құзыретіне қайтару керек пе? Соған мемлекеттік ветеринариялық инспекция емес, Денсаулық сақтау министрлігінің санитариялық комитетіне беру керек пе? - деп сұрады Анас Баққожаев.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев депутат көтеріп отырған мәселе күрделі екенін айтты.

Неше жылдан бері Денсаулық сақтау министрлігінің немесе Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзыретінде болу керек деген дау болып жатыр. Егер мал қайта өңдеуден өтпесе, онда бұл мәселе шикізат ретінде Ауыл шаруашылығы министрлігінде болуы керек. Егер тауар ретінде шықса, бұл мәселені ДСМ қарайтын болады. Базардың мәселелеріне келетін болсақ, өткен жылы бұл мәселені екі рет қарадық. Біз базарды жаңғырту, тексеріс мәселелерін орындап жатырмыз, - деп жауап берді министр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға