Мыңдаған сәби өмірге келмей шетінейді: Ана мен бала өмірін қалай сақтаймыз?

Қазақстанда ана мен бала денсаулығы мәселесі әлі де өзекті. Өкінішке қарай, босану кезінде әрбір бесінші ананың өміріне қауіп төнсе, мыңдаған сәби өмірге келмей, шетінеп кеткен. Жақында бұл мәселені депуттар да Мәжіліс мінберінде көтерді. Бұл жағдайларға түбегейлі шешімдер қажет екені анық. Ана мен бала өлімінің себебін El.kz тілшісі мамандардан сұрап көрді.
Статистикасы не дейді?
Қазақстанда ана мен бала денсаулығына қатысты мәселелер әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Бұл тақырыпқа қатысты жағдайлар мен статистика тек алаңдаушылық туғызып қана қоймай, мәселенің күрделілігін көрсетеді. Оны депутат Нартай Сәрсенғалиев мәжіліс отырысында көтеріп, өзінің депутаттық сауалында статистикалық деректерді тілге тиек етті.
Мәселен 2019 жылы елімізде 3360 сәби өмірден өтсе, 2020 жылы бұл көрсеткіш 3286 сәби болды. Ал 2021 жылы – 3732, 2022 жылы – 3154, 2023 жылы – 2998 сәби бақилық болды. 2024 жылы – 2598 сәби дүниеден озды. Сәби өлімінің статистикасы бойынша, Абай, Ақтөбе, Алматы, Жетісу және Ұлытау сынды 5 облыста бұл көрсеткіштер артқан.
Ана өлімінің артуы
Сонымен қатар 2019 жылдан бастап елімізде 563 ана босану кезінде көз жұмған. Әсіресе, Жетісу, Қостанай, Ұлытау және Ақтөбе облыстарында ана өлімі айтарлықтай көбейген.
Әрине, ресми органдар сәби өлімінің азайғанын алға тартады. Бірақ соңғы жылдың өзінде 2 жарым мың бөпеден айрылып қалу көңіл көншітетін көрсеткіш емес. Ана өлімі мәселесі тағы бір өзекті тақырып. Ресми мәліметтерге қарасақ, бұл мәселе көңіл қынжылтады. Соңғы алты жылда Қазақстанда 563 ана босану кезінде өмірден озды. Бұл жағдайдың ең сорақысы — еліміздің 10 облысында ана өлімі көрсеткіштері артып келеді. Атап айтқанда, ана өлімі ең көп тіркелген облыстар: Жетісу, Қостанай, Ұлытау және Ақтөбе облыстары. 2024 жылдың қорытындысы бойынша, көз жұмған аналардың 54%-ы қалаларда, ал 46%-ы ауылдарда тұрады екен, – деді депутат.
Мәжілісмен бұл мәселеде қорқынышты тенденцияның бірі төрт немесе одан да көп баласы бар әйелдер арасында өлім-жітімнің көбеюі екенін айтып, салдарынан 97 бала тірі жетім қалып отырғанын жеткізді.
Бұдан өзге депутат салада бірқатар түйткілдер әлі де барын атап өтті.
Мәселен Астана қаласындағы перзентханаларда 550 төсек орны жетіспейді. Бұған қоса, мамандардың тапшылығы да байқалады. Қазақстанда 4 702 акушер-гинеколог қызмет атқаруда, алайда тағы 389 маман қажет. Босандыру ұйымдарында жұмыс істейтін акушер-гинекологтардың саны 1 679, оның ішінде тек 560-ы ғана (35%) ампутация жасауға қабілетті. Ал акушериядағы операциялардың барлық түрлерін тек 438 дәрігер (21%) ғана орындауға мүмкіндігі бар. Бұл — айтарлықтай күрделі мәселе, – деді депутат Нартай Сәрсенғалиев.
Депутаттың сөзінше, бұған қоса медициналық жабдықтардың тозуы мен мекемелердің төмен деңгейде жарақтандырылуы да өзекті мәселе болып тұр. Кейбір орталықтарда УДЗ, КТГ аппараттары, анестезия аппараттары, ҚСТ анализаторлары және СМАД аппараттары жоқ екенін айтты.
2020-2021 жылғы пандемияның салдары
Экомед клиникалар желісінің медициналық директоры, акушер-гинеколог Жанерке Әжетова соңғы кездері ана мен баланың өлімі көбейіп жатыр деп айтылған пікірмен келіспейтінін айтты.
жеке мұрағат
Егер нақты деректер мен статистикаға көз жүгіртетін болсақ, соңғы он жылда ана өлімі көрсеткіші шамамен 11, 12, 13 адамнан жүз мың тірі туылған балаға шаққанда осындай деңгейде болған. Бірақ 2020 және 2021 жылдары бұл көрсеткіш екі-үш есеге артты. Оның негізгі себебі — бүкіл әлемді қамтыған COVID-19 пандемиясы. Сондықтан да бұл ана өлімінің тікелей акушерлік асқынулармен немесе медициналық көмек жеткіліксіздігімен байланысты деп айтуға болмайды. Өлімнің нақты себебі анықталды, оның көп бөлігі, әрине, COVID-19 пандемиясымен байланысты, – дейді маман.
Сондай-ақ акушер-гинеколог 2024 жылғы көрсеткіштер әлі Ұлттық статистика бюросында ресми түрде жарияланбаса да, алдыңғы жылдарға қарағанда ана өлімі көрсеткішінің төмендегені байқалатынын атап өтті.
Толығырақ мәліметтерді кейінірек алатын боламыз, бірақ қазірдің өзінде бұл көрсеткіштің төмендеуі біз жасалып жатқан шаралардың нәтижесі екендігін көрсетеді. Мемлекет тарапынан қолдау шаралары, ұйымдастыру жұмыстары, дәрігерлердің біліктілігін арттыру, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және жаңа перинаталдық орталықтардың ашылуы сияқты қадамдар бірігіп әсерін тигізуде. Алайда ана өлімі мен бала өлімі тек медицина қызметкерлерінің қолында ғана емес. Бұл мәселе тек медициналық шаралармен шешілмейді. Мұндай жағдайлар әлеуметтік факторлармен де тығыз байланысты, – дейді акушер-гинеколог.
Мәселе тек медициналық шаралармен шешілмейді
Маман медицина қызметкерлерінің көмек көрсетуі, әрине, өте маңызды, бірақ бұл тек 20-30% жағдайды ғана шешеді деп отыр.
Қалғаны — қоршаған орта, әлеуметтік жағдай, азаматтардың өмір салты. Сондықтан да дамыған елдерде, орташа өмір деңгейі жоғары болған елдерде ана мен бала өлімі көрсеткіші төмен болады. Медицина саласында соңғы жылдары айтарлықтай жетістіктер бар. Кемшіліктер болса да, оларды жөндеу және жақсарту бағытында үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Енді бұл мәселенің барлығы тек медициналық қызметкерлердің ғана емес, барлық қоғамның, мемлекеттің бірлескен күш-жігеріне байланысты, – деді Жанерке Әжетова.
Сарапшы бала өліміне қатысты соңғы 2023-2024 жылдардағы статистикалық көрсеткіш төмендегенін алға тартты.
Дүниежүзілік деңгейде дамыған елдерде бала өлімі көрсеткіші бір мың туған балаға шаққанда шамамен төрт мыңды құрайды. Ал біздің елімізде кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш алтыға, тіпті тоғызға жетеді. Орташа алғанда, бұл көрсеткіш жеті бүтін алтыдан, ал 2024 жылы алты бүтін сегізге дейін төмендеді. Бұл жақсы көрсеткіш деп айтуға болады, себебі дамыған елдерде бала өлімі көрсеткіші үш, төрт немесе бес болып есептеледі, ал кейбір елдерде бұл көрсеткіш біздікінен екі есе жоғары болуы мүмкін, – дейді.
Абсолютті санмен емес, коэффициентпен есептеу әдісі
Жанерке Әжетованың айтуынша, абсолютті санмен, мысалы, екі мың немесе үш мың бала қайтыс болды деп айта алмаймыз. Өйткені бала өлімінің көп болуы үшін туылатын балалардың саны да жоғары болуы керек деп есептейді.
Сондықтан біз бұл көрсеткішті ресми статистика бойынша коэффициентпен есептейміз, яғни бір мың туған балаға шаққанда. Бұл әдіс бала өлімінің деңгейін нақты көрсетеді. Бала өлімін азайту үшін елімізде көптеген шаралар қолға алынған. Оның ішінде біздің дәрігерлердің, әсіресе неонатологтар мен анестезиологтар, рематологтар, мамандардың жұмысы ерекше маңызды. Қазіргі кезде біздің дәрігерлеріміз бес жүз граммнан туған балаларға көмек көрсету арқылы олардың өмірін сақтап қалу үшін жаңа технологияларды меңгеріп, қолдануда. Бұл балалардың денсаулығын сақтау үшін көптеген жаңа әдістер енгізілген. Мысалы, қазіргі таңда бір мың граммнан жоғары туылған балалардың өмірін сақтап қалуға толық мүмкіндік бар, – дейді маман.
Сондай-ақ дәрігер дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысына сәйкес, баланың туу салмағы мен мерзімі туралы жаңа стандарттар енгізілгенін айтты. Мәселен көптеген елдерде бала туылғанда оның салмағы 700 граммнан басталып, 24 аптадан кейін тірі деп есептеледі.
Бізде әлі де 500 граммнан басталатын стандарт бар, бірақ бұл көрсеткіштер жыл өткен сайын жақсарып келеді. Жасалып жатқан шаралар мен мамандардың кәсіби біліктілігі арқасында бала өлімінің көрсеткіші жылдан-жылға төмендеп келеді, – деді.
Бала өлімінің негізгі себептері мен алдын алу шаралары
Бұдан өзге акушер-гинеколог бала өлімінің негізгі себептері мен медицина тұрғысынан қолданылатын шараларға тоқтала кетті. Айтуынша, көбінесе мезгілінен ерте туылған немесе салмағы өте кішкентай балалар, сондай-ақ туа біткен аурулар мен тұқым қуалаушылық факторларымен байланысты.
Ал хирургиялық емдеуге жатпайтын, яғни емделмейтін ақаулар да жиі кездесетін себептер қатарына жатады. Осы факторлар бала өлімінің жоғары көрсеткішіне әсер етеді. Мемлекет тарапынан және әрбір емхана мен аурухана деңгейінде жүзеге асырылатын шаралар бала өлімінің деңгейін төмендетуге ықпал етеді. Мысалы, дұрыс уақытында жүргізілген профилактикалық шаралар маңызды. Ең бастысы — әрбір жүктілікті жоспарлау. Жүктілікті жоспарлаудың маңызы зор, өйткені ол әйелдің денсаулығының дұрыс қалыптасуына ықпал етеді, – дейді.
Жүктілікті жоспарлау және оның әсері
Яғни, әр жүктіліктің аралығы кем дегенде екі немесе үш жыл болуы тиіс деп санайды. Бұл уақытта әйел организм толық қалпына келіп, келесі баланы дені сау етіп туу үшін барлық қажетті микроэлементтер мен витаминдерді қабылдай алады.
Сонымен қатар жүктілік жоспарлаған ерлі-зайыптылар дәрігерлердің кеңесінен өтіп, фолий қышқылы мен басқа да қажетті заттарды қабылдаса, бұл баланың дені сау туылуына едәуір кепілдік береді. Әрине, бұл 100 пайыздық кепілдік болмаса да, 80 пайызға дейін бала денсаулығына оң әсерін тигізеді, – деді акушер-гинеколог.
Бұдан бөлек маман қазіргі таңда денсаулық сақтау министрлігі тарапынан жүзеге асырылып жатқан шаралардың бірі жүктілікті жоспарлауға арналған жеке қаржыландыру көзінің қарастырылуы екенін айтады.
Әрбір емханаға осы мақсатқа арнайы ақша бөлініп, бұл жүктілікті жоспарлау жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл шара дәрігерлердің көрсеткіштері бойынша маңызды индикатор болып саналады, яғни аймақтық терапевт немесе акушер-гинекологтың міндеті – фертильді жастағы (балалы бола алатын) әйелдерді жүктілікке дайындық бойынша тексеріп, жоспарлы түрде жұмыс жүргізу. Осылайша, уақытында жасалған дайындық әйелдердің денсаулығын сақтауға және болашақта дені сау баланың туылуына ықпал етеді. Бұл шаралардың тиімділігі күннен-күнге артып, біздің көрсеткіштеріміз одан да жақсарады деп сенеміз, – деді Жанерке Әжетова.
Қауіп-қатер топтары және алдын алу шаралары
Сонымен бірге маман дәрігерлердің қолынан келетін маңызды шаралардың бірі — жүкті әйелдерді толыққанды тексерістен өткізу. Ультрадыбыстық тексерістердің сапасын жақсарту үшін мамандар жыл сайын өз білімдерін арттырып, оқу курстарынан өтетінін жеткізді.
Шетелден өз елімізге танымал мамандарды шақыру немесе өзіміздің білікті мамандарды оқыту да тұрақты түрде жүзеге асып отыр. Бұл шаралар жүкті әйелдердің денсаулығын бақылап, қажетті көмекті дер кезінде көрсету үшін өте маңызды. Акушер-гинеколог дәрігерлер жүктіліктің ерте мерзімінен туудың алдын алу үшін барлық мүмкін көмекті көрсетеді. Уақытында тексеру жүргізіп, аурулардың алдын алу үшін әртүрлі шаралар қабылданады. Қазіргі уақытта әйелдер арасында семіздік, жүктілік кезіндегі қант диабеті және гипертензия (артериалды қысымның жоғары болуы) жиі кездеседі. Бұл жағдайлар мезгілінен бұрын босануға, яғни жүктіліктің ерте үзілуіне себеп болуы мүмкін, – дейді.
Сол себепті акушер-гинеколог жүкті әйелдерге алғашқы тексеру кезінде осы аурулардың бар-жоғын анықтап, қауіп-қатер топтарын құру маңызды деп есептейді.
Осы топтарға кіретін әйелдерге алдын алу шаралары, қажетті дәрі-дәрмектер тағайындалып, тиісті көмек көрсетіледі. Бұл шаралар мезгілінен бұрын босанудың алдын алып, баланың дені сау тууына ықпал етеді, – деді Ээкомед клиникалар желісінің медициналық директоры Жанерке Әжетова.
Қысымның ана мен бала денсаулығына әсері
9 жылдық тәжірибесі бар психоанализ бағытындағы психолог Шолпан Мықтыбек дәрігерлер мен акушерлердің психологиялық қысым көрсетуі ана мен бала денсаулығына теріс әсер етуі мүмкін екендігін айтады. Әйелдерде кінә сезімі мен өзіне деген сенімсіздік артып, олардың психоэмоционалдық жағдайын нашарлатады.
жеке мұрағат
Бірақ бұл әсерді жүз пайыз деп айтуға болмайды. Себебі әр әйелдің жағдайы әртүрлі. Мысалы, егер әйелдің өзінде кінә сезімі мен өзіне деген сенімсіздік басым болып, жұрттың сөзіне өте сезімтал болса, ол жағдайда оған манипуляция жасау немесе қорқыту оңай болады. Егер дәрігер немесе акушер әйелді ұрсып, мысалы: «Неге кеш келдің? Сен неге витаминдерді ішпедің? Неге скринингтен өтпедің?» деп қысым көрсетсе, бұл әйелдің психологиялық жағдайын нашарлатуы мүмкін. Мұндай жағдайда, әйелде кінә сезімі басым болып, ол дәрігерлердің сөзін қабылдайды да, одан әрі өзін нашар ана, нашар әйел, нашар адам ретінде сезінеді, – дейді психолог маман.
Бұдан өзге маман психологиялық қысым осындай әйелдердің өздерін қателескен және толық емес сезінуіне алып келеді деп отыр.
Бұл өз кезегінде олардың психоэмоционалдық жағдайына әсер етіп, ауыртпалықты одан әрі көбейте түседі. Сондықтан дәрігерлер мен акушерлердің әйелдерге көрсеткен қолдауы өте маңызды. Негізінде перзентханада тек медициналық көмек ғана емес, әйелдің психологиялық тұрғыдан да қолдау алуы өте маңызды. Әрбір жүкті әйел баланы көтеруге дейін, кем дегенде үш ай бұрын психологиялық терапия алып, оны жүктіліктің соңына дейін немесе босанғаннан кейін тағы бір жарым-екі жылдай терапияны жалғастырса, бұл өте пайдалы болар еді. Өйткені әйелдер жүктілік кезінде түрлі қорқыныштармен бетпе-бет келеді, – дейді маман.
Психологтың айтуынша, олар өздерін қалай ана болатынын, баланың қандай болып туылатынын, ауытқулар мен аурулардан қорқатындығын ойлап, «Мен бұл балаға қамқор бола аламын ба?» деп күмәнданады дейді. Мұндай күмәндар мен қорқыныштар көбінесе жүктілік кезінде пайда болады, сондықтан оларды терапия арқылы шешу маңызды деп есептейді.
Босанғаннан кейін де әйелдерде түрлі қорқыныштар мен күмәндар туындайды. Әрбір жаңа туған бала әйел үшін жаңа тәжірибе, әрі әрбір бала оны ана болуға үйретеді. Балаға күтім жасауды үйрететін арнайы «ана мектебі» жоқ, бірақ бала өзі әйелді ана болуға үйретеді. Сол себепті әйелдердің психологиялық күйін жақсарту үшін, жүкті әйелдер мен жаңа ана болған әйелдер терапевтке барып, қорқыныштарымен жұмыс істегені абзал. Перзентханаларда әйелдерге психологиялық қолдау көрсету өте маңызды. Егер босанар алдында, мысалы, әйелді бір-үш күн бұрын перзентханаға қабылдап, онда осы уақыт ішінде психологиялық көмек көрсетілсе, босанудан кейін де шамамен үш-бес күндей психотерапевтпен жұмыс жасалса, бұл әйелдер үшін өте пайдалы болар еді, – дейді психоанализ бағытындағы психолог Шолпан Мықтыбек.
Психологиялық кеңестер мен қолдаудың рөлі
Маман психолог күн сайын әйелмен 45 минуттық сеанс өткізіп, оның қорқыныштарымен жұмыс жасаса, бұл әйелдер үшін өте күшті көмек және ана мен баланың денсаулығы үшін жақсы әсерін тигізеді деп санайды.
Жүкті әйелдердің қорқынышын азайту үшін бірнеше маңызды әдістерді қолдану қажет. Ең бастысы, менің ойымша, әйел адамға ешқандай сұралмаған кеңес берілмеуі керек. Мысалы, кәсіби емес кеңестер, яғни көшедегі басқа әйелдер немесе қариялардың айтқан пікірлері. Бұл кеңестер көбінесе әйелдің өзіне деген күмәнін арттырып, өзін дұрыс ана немесе дұрыс әйел болмағандай сезінуіне алып келеді. Сұралмаған кеңестер әйелдің эмоционалды жағдайын нашарлатып, қорқыныштарын күшейтеді. Сол себепті әйелдер тек кәсіби мамандардан кеңес алып, жақындарынан тек қолдау күтсе, бұл оның психологиялық күйін әлдеқайда жақсартуға көмектеседі, – дейді.
Демек психологтардың немесе акушерлердің ұсыныстары негізінде кеңес алу әйелдің қорқыныштарын азайтуға мүмкіндік береді. Ал жақындарының қолдауы оған өзіне сенімді болуға көмектеседі. Бұл әдіс әйелдің эмоционалды жағдайына және психологиялық денсаулығына оң әсер етіп, оның жүктілік кезеңін жеңіл әрі сенімді өткізуіне ықпал етеді.
Алдын алу шаралары
Ана мен бала өлімін азайту үшін психологиялық алдын алу шаралары өте маңызды. Менің ойымша, терапияны босанғанға дейін, яғни жүкті әйелдің алғашқы күнінен бастап, тоғыз ай бойы жүргізу керек. Осы кезеңде біздің поликлиникаларда психологиялық көмек көрсететін мамандар болуы қажет. Әсіресе, тәжірибелі психологтар әрбір жүкті әйелмен жұмыс жасап, оның қорқыныштары, күмәндары мен эмоцияларын бақылап, қолдау көрсетуі керек. Әрбір поликлиникада бір психолог жеткіліксіз болады. Кем дегенде үш психологты бір жерде жұмыс істету қажет, – деді.
Маманның пікірінше, тоғыз ай ішінде ананың психологиялық денсаулығына назар аудару, оның қорқыныштарын жеңуге көмектесу, жалпы психоэмоционалдық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Бұл ретте әйелдің өзіне деген сенімі артып, ол босануға дайын бола алады. Сонымен қатар бұл шараның нәтижесінде ана мен баланың денсаулығының сақталуына, өлім-жітімнің азаюына үлкен әсер етеді. Жалпы кез келген мәселені жан-жақты қарастырып, қажет болған жағдайда психолог, психиатр немесе дәрігердің көмегіне жүгіну керек. Жүктілікті жоспарлаған кезде әйелдің денсаулығы мен психологиялық дайындығы маңызды. Әйел өзіне сұрақ қоюы тиіс: «Мен осы баланы не үшін қаламын? Күйеуіме немесе басқаларға ұнау үшін бе?» Сондықтан дәрігер мен психологқа барып, жүктілікті алдын ала жоспарлау өте маңызды. Бір баладан кейін екінші баланы туып, әйелдің организмі қалыпқа келмей жатып қайта жүкті болуы – өзіне деген қамқорлықтың жетіспеуі, – дейді.
Бұл жағдай әйелдің денсаулығына, өмір сапасына немқұрайлы қарауын білдіреді және әйелде депрессия болса, ол өміріне салғырт қарап, ауырса да ештеңе істемейді, тіпті түрлі қайғылы жағдайларға түсуі мүмкін екенін айтады.
Жүкті әйелдердің күйзеліске ұшырауы босану процесіне үлкен ықпал етеді. Күйзеліс пен депрессияның негізі көп жағдайда балалық шақта қалыптасады. Әйел адам бала кезінде қандай ақпарат алды? Мысалы, анасы немесе басқа адамдар босану кезінде өздерінің қиындықтарын айтқан болса, бұл қыз баланың бойында қорқыныш пен тітіркену тудырады. Бұл жағдайда ол босанудан қорқады және дайын емес сезінеді. Қоғамның «туу керек» деген қысымы әйелді жүктілікке мәжбүр етеді, бірақ ол өз қалауы бойынша емес, сыртқы әсерлерден туып жатуы мүмкін. Осылайша, психикасы дайын емес, оның бойында қорқыныш пайда болады, – дейді.
Психолог маман егер әйел дайын болмай босанса, бұл оның денсаулығына және босану процесіне кері әсерін тигізуі мүмкін екенін айтады. Себебі босану кезінде жарақат алу, қиындықтар туындау немесе кесар тілігі қажет болуы мүмкін.
Жүктілікке қатысты мәселені әрбір әйел өз алдына жоспарлап, дайын болу керек деп есептейді. Бұл психологиялық және физикалық тұрғыдан дайындықты қажет етеді. Әйел өзін өз денсаулығына және болашақтағы өміріне қатысты жақсылап ойлануы керек. Себебі «қазір мен баланы қалап отырмын» деген сұраққа жауап беруге тиіс. Осы шешім тек біреудің көңілін табу немесе күйеуіне ұнау үшін болмауы керек. Сондықтан жүктілікті жоспарлауда дәрігерлер мен психологтардың кеңесіне жүгіну өте маңызды, – психоанализ бағытындағы психолог Шолпан Мықтыбек.
