Мың бояулы Бурабай
ҚР Президенті Іс басқармасына қарасты «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне баспасөз сапары өтті.
Сапар аясында БАҚ өкілдері ҚР Президенті Іс басқармасына қарасты «Бурабай-Даму» ЖШС ұйымдастыруымен өтіп жатқан дәстүрлі «Бурабай тұқы-2023» турнирін тамашалады.
Бұл турнир бұрын еліміздің өзге өңірлерінде өтетін. Биыл Ақмола облысында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Ереже бойынша, әр команда екі балықшыдан тұрады. Біздің жарысқа еліміздің көптеген облыстарынан 30 команда келді. Талап бойынша балықтың салмағы 1,5 кг болуы шарты. Егер балықтың салмағы 1,5 келіден көп немесе аз болса қайтадан көлге жіберіледі. Себебі үлкен балықтар көп жағдайа аналық болып келеді. Олар уылдырық шашатын болғандықтан аулауға тыйым салынған. Ал кішкентай балықтардың өсуіне мүмкіндік беру керек, – деді «Бурабай-Даму» серіктестігінің туризм және маркетинг бөлімінің бас менеджері Олжас Данияров.
Сондай-ақ, журналистер «Мирный» орман шаруашылығына барып, Ұлттық парк қызметкерлерінің жануарларға қысқы жемшөп дайындау барысымен танысты. Марал шаруашылығына да барды. Шаруашылықта 200 басқа жуық әсем жануар бар. Барлық бұғы-маралдарға үнемі ветеринарлық бақылау жасалады.
Инспекторлар аң-құстарға арналған фототұзақтардың қалай қойылатынын көрсетіп, оның маңызды рөлі туралы айтып берді.
Фототұзақ арқылы жергілікті аң-құстардың санын, өсімін, қай жерлерде жиі кездесетінін, жалпы тыныс-тіршілігін зерттейміз. Өздеріңіз көріп тұрғандай, ағаш діңіне 1 метр биікке бекітеміз, сонда бұлан, марал сияқты ірі аңдар ғана емес, сілеусін, сусар сияқты шағын аңдар да кадрға ілінеді, – дейді ғалым.
Оның айтуынша, фототұзаққа кейде табиғат ережесін бұзған адамдар да түсіп қалады екен.