Жаңалықтар

Мыңнан аса музыкалық аспап бар ерекше орын

Ықылас атындағы музыкалық халық аспаптары мұражайы
Мыңнан аса музыкалық аспап бар ерекше орын
21.04.2020 13:59 7956

Мұражай – өнер мен мәдениеттегі, қала берді ғылыми баға жетпес құндылықтарды сақтап, тарихи жәдігерлерді кейінгі ұрпаққа жеткізіп, таныстырушы. Ол танымдық тәрбие беретін көптеген қыры бар ақпараттық институтқа да жатады. Бүгін біз сөз еткелі отырған Ықылас атындағы музыкалық халық аспаптарының музейі Орталық Азия жерінде ең бірінші боп қабырғасы қаланған тарихи орын. Оған қоса, әлем бойынша түрлі халықтың музыкалық аспаптарына арналушы 5-ші мұражай боп саналады екен.

4a8e370166eb4b84ed344cc623a2e281.jpg

Музей ХХ ғасырдың 80-жылдары Қазақстан үкіметінің 1 тамызда шығарған жарлығына орай ұйымдастыру жұмысын бастап кетті де, 1981 жылдың 24 сәуірінде көпшілікке қолжетімді орын ретінде ашылған болатын. Ықылас атындағы музыкалық халық аспаптары мұражайының ұйымдастырылып, қалыптасуына бірден бір үлес қосқан жан, белгілі қайраткер академик Өзбекәлі Жәнібеков болған еді. Музейге 1990 жылы наурыз айының 11 жұлдызында қазақ халқының аспапты музыка өнерінің негізін салушыларының бірі және бірегейі, атақты композитор, қобызшы, қобыз мектебінің негізін қалағандардың бірі боп есептелетін Ықылас Дүкенұлының атын беру жөнінде шешім шығарылған еді.

Мұражай құрылған уақытта Алматы қаласының Панфилов және Жібек жолы көшелері бірігетін тұста екі қабаттан тұратын шағын келген ғимаратта орналасқан болатын. Ашылу салтанатына сол кездегі Орталық Комитеттің хатшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі қатысқан. Кейінірек музей көшкен соң, ол орын өз алдына тарихи үйге айналып шыға келді. Аталған ғимарат арнайы қорғауды талап ететін ғимараттардың тізіміне енгізіліп, мемлекеттік қорғауға алынды. Шағын үйде не түрлі Кеңестік жиындар мен диқандардың, шаруалардың келіп қонатын арнайы мекені болғандығын да ұмытпауымыз керек.

Музей үйінің шағындығын ескеріп, Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Ахметұлы 1983 жылы Мәдениет министрінің орынбасары болып тұрған Өзбекәлі Жәнібекұлына осы күнгі Гоголь мен Зенков көшелерінің қиылысында тұрған тамыры тереңде жатқан тарихи орынға көшуге рұқсат беріпті.

Ол ғимаратты ХХ ғасырдың бас кезінде атақты сәулетші Зенковтың өз жобасымен тұрғызған. Андрей Павлович Петербордағы инженерлік оқу орнын тәмамдағаннан кейін сол кездегі Верныйға табан тірейді. Қазақ жерінде кафедралық Собордің жобасын жасауға атсалысады. Оның құрылысы 1907 жылы біткен соң, келесі жылы Верный әскери мәжіліс үйінің (қазіргі музей ғимараты) жобасына кірісіп кетеді. Сәулетші бұл ғимаратты ағаш сәулет өнерінің ерекше үлгісімен салған еді. Ол үйде өз уақытысында офицер жеке құрамының клубы, Жетісу өлкесінің 1 ауылшаруашылық және өндірістік көрмесінің көрме павильоны, «Қызыл жұлдыз» кинотеатры, аймақтық офицерлер үйі секілді бірнеше айтулы жиындардың өткені белгілі. Толық бір ғасыр бойы қаншама тарихи оқиғаларға куәлік еткен ғимарат бүгінде өзі де «тірі» тарихи ескерткіштің біріне айналып отыр. Музей құрылған бірінші уақыттары академик Ө.Жәнібековтің шешімімен тек қазақ халқының емес, көршілес жатқан басқа да ұлттардың аспаптарын қою жөнінде шаралар ұйымдастырылып, олардың басын біріктіріп, экпозиция залдарын жинақтау жұмыстары қызу жүргізілді. Сол кездері мұражай экспонаттарының қатарына елімізде тұрып жатқан түрлі этнос өкілдерінің музыкалық аспаптары, Алматыдағы ұйғыр және корей театрында қолданылған аспаптар, Мұхтар Әуезов атындағы академиялық театрындағы, сондай-ақ ХХ ғасырдың 30-50 жылдар аралығында Құрманғазы атындағы ұлттық аспаптар оркестрі ойнаған аспаптар, қалада оқитын шетелдік студенттердің өз мемлекетінен әкелінген аспаптары енгізілген еді. Осы жұмыстардың нәтижесінде аз уақыттың ішінде мұражайда көптеген ұлттардың музыкалық аспаптары жинақталып, қоры кеңейе түсті. Сол сияқты мұражайдың жаңғыруына жанынан құрылған «Сазген» ансамблінің қосқан үлесі орасан десе де болатындай. Ансамбль өз өнерін паш ете отырып, музейдің қарыштап дамуына барынша демеу көрсетті. Музей 2012-2013 жылдары қалпына келтіру жұмыстарын бастан өткерген еді. Соның арқасында осыдан жеті жыл бұрын, мамырдың 15 жұлдызында Ықылас атын алған музыкалық аспаптар мұражайы қайта келушілерге есігін айқара ашты. Айта кету керек, бұл құрылыс жұмыстары кезінде экспозицияның тек сырты емес, музейдің концепциясына да өзгертулер мен толықтырулар енгізіген еді.

8b15f4d6f92dca87a0b60fad54e75eeb.jpg

Мұнда қазақ халқының көне ұлттық аспаптарынан бастап, түрік халықтарының, сол секілді қырықтан аса әлем елдерінің муызкалық мәдениеті көрініс береді. Музейдің қорында жалпы 1244 экспонат бар екен. Сол сияқты сегіз экспозициялық залдың келушілерге есігі ашық. Олардың ішінде шеберлер залы, халық музыкасының басталу залы, үрмелі, соқпалы-шулы музыкалық аспаптарының залы, мемориалды музыкалық аспаптар залы және тағы басқалары бар. Жалпы музей экспонаттарды сақтап қана қоймай, оларды көпшілікке насихаттап, музыкалық құндылықтарды дәріптеумен айналысады. Ғимаратта музей экспонаттарын ғылыми тұрғыдан зерттеумен айналысатын ғылыми бөлім, қор сақтау бөлімі мен мәжіліс залы және жүз жиырма орынға арналған лекция-концерт залдары да бар.

28 гвардияшылар-панфиловшылар саябағында орын тепкен музей оңтүстік астанамыздағы ең танымал тарихи-мәдени орындарының қатарына жатқызылады.

Тарих ғылымдарының кандидаты Шара Оңғарқызы музей үй өзінің өзгеше сыртқы пішінімен-ақ көздің жауын алатынын айтады:

«Музейге жан-жақтан экспонаттар әкелу нәтижесінде тамбир, хош, саз, халун, чонгутар секілді көптеген аспаптар жиналды. Сол секілді ұлттық өнерімізді жаңғырту мақсатында музейдегі концерт залында шығармашылық кештері, концерттер жиі ұйымдастырылып тұрады. Музейдің тағы бір артықшылығы – ұлтымыздың бай музыкалық фальклорын өткеннен бүгінге жеткізуші, халықтық музыканың керемет стильдерін бойына сақтаушы тамаша халық орындаушылары мен белгілі азаматтардың ұстаған аспаптарын сақтап қана қалмай, оның дыбысталуын да қадағалап келеді. Әлгінде айтып кеткендей, концерт залында жиі өткізілетін концерттерге қатыса отырып, рухани әсерлі кешкке куәгерлік етіп, жан-дүниеңді байытып, ерекше шабытқа бөленіп қайтуға мүмкіншілік жасалған. Мұнда шолу мен әртүрлі тақырыптың экскурсиялар өткізіледі. Сонымен қатар, музейдің қызметкерлерінің ұйымдастыруымен викториналық сұрақтар қойылып, түрлі тақырыпта өте қажетті дәрістер оқылады».

Бұл музейге бас сұққан адам қазақ халқының сирек кездесетін аспап түрлерімен ғана емес, түрік және әлем халықтарының аспаптарымен бетпе-бет таныса алады. Мәселен, желбуаз, шертер, адырна, жетіген, қобыз секілді өзімізге таныс музыкалық құралдарды жақыннан тани аласыз. Оған қоса уд, тар, дутар, сатар, гиджак және саранги, эрху, мандолина сияқты ешқашан естіп көрмеген аспаптарды да көруге болады.

Шынар Ибрашева музейдегі ең көне әрі тарихы тым тереңде жатқан қобыздардың тарихын былай жеткізеді:

«Тағы бір айта кетерлігі, мұнда байырғы аспаптардың бірі болып саналатын қобыздың алар орны ерекше. Ол қобыздapдың қaтapындa осыдaн бeс ғaсыp бұpын жaсaлғaн Жapaс бaқсының нapқобызы, ХIХ-ХХ ғaсыpдa қолдaныстa болғaн Зepдeгүл бaқсының қылқобызы, Мeкeнбaй Қойбaғapұлы мeн Исaбeк бaқсылapдың қылқобыздapы бap. Жалпы, бақсылық сарынның ұлттық музыкада сақталғанын жақсы білесіздер. Байырғы дәуірде бақсылар алатаяқ, кепшік, дауылпаз сияқты ұрмалы аспаптарды жиірек қолданса да, олардың басты құралы болып, қасиетті қобыз саналған. Себебі, қобыздың сазында жан-жүйеңді шымырлатар, жүректі тереңнен қозғар керемет үн жатыр».

d148841a9cee4b2704c347ee76ffcd69.jpg

Қазақ бақсыларының өнерімен қобызды байланыстыруға әбден болады. Жай адамдармен салыстырып қарасақ, бақсылар түрліше ырғаққа беріле отырып сайрайтын, ақын да, күйші де, емші де. Тіпті болашақты айта алатын қасиеттері болған. «Мәселен, қазақтың бақсылары қобыз арқылы зарлы үн шығарып, көптеген адамдардың жейке жүйесіне әсер ете отырып, олардың дерттеріне шипа тапқан», – дейді Ш.Оңғарқызы.

«Жалпы қобызшылардың көбінің бақсылығы болған деп айтуға негіз бар. Мұражай экспозициясындағы сондай адамдардың бірі ретінде Жарас бақсыны айтуға болады. Оның қасиетті қобызы осында тұр. Сонау ХVІ ғ.жасалып, қолданылған Жарас бақсының қобызын музейге жамбылдық Бижан Құлтасов атты азамат осыдан 37 жыл бұрын әкеп өткізген еді. Жалпы, сол қобыз осы мұражайдағы экспонаттардың ішіндегі ең байырғысы. Сол сияқты оның тарихи маңызы да ерекше. Тарихи маңызы деп отырғанымыз, нарқобыз 1942 жылға шейін ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келген. Бір қызығы, музыкалық аспап Жарас бақсының алты ұрпағына дейін сақталып, беріліп отырыпты. Ол өз дәуірінде қобызын жанынан тастамай, бақсылық құрыпты. Одан кейін бұл құнды аспапты Бeйcенбeт, Құлтac, Бұpалқы сынды ұрпақтары арғы бабасының ерекше мұрасын кейінгілерге аманаттап жеткізген. Бірақ, Бұралқы соғысқа кеткеннен, аман қайтпайды. Содан нарқобыз Бердібектің қолына өтіп, ақыры Бижанға келіп жетеді. Қобыз әбден ысталып, қарайғандай. Оның көне жәдігер екені көзге ұрылып тұрады. Қабыз өрік ағашынан ойылып дайындалыпты. Шанағы нар түйенің терісінен тартылған, шегі жылқы қылынан жасалыпты. Қобыздың жалпы ұзындығы бір метрге жетсе, шанағы жиырма тоғыз сантиметр, ал шанақ ені отыз жеті сантимерді құраса, шанақтың аумағы бір метрдей. Үш сылдырмағы бар».

Халық музыкасының бастауы залы

Мұражайдың кіреберіс залында ең ескі жәдігерлер қойылған. Мұнда қазақ аспапты музыкасының жалпы тарихымен жақынырақ танысуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, ұлттық саз аспаптарының жалпы түрлері бойынша да мәлімет аламыз. Музыканың тылсым күш арқылы дүниеге келгенін аңыз бойынша былай жеткізуге болады: «Көк аспанда шарықтаған ғажап ән қазақтың дархан даласын шарлап жүргенде, төмендеп кеткеннен, жұртшылықтың бойына дарып, қазақ халқы ерекше музыкалық дарын мен талантқа ие болыпты».

Қазақтың дәстүрлі музыкасы өзінің түп тамырын ерте замандағы Еуразия құрлығының кең даласын қырық ғасырдан бері мекені еткен протоевропоид, одан кейін, сақ, ғұн, үйсін, түркі, қаңлы және тағы басқа да этностардың мәдениетінен ала білген. Иә, қазақтан шыққан мықты композитор, күйші, әнші, орындаушылар нағыз түркілік музыкалық құндылықтың ізбасарлары екенін аңғаруға болады. Жалпы, біздің музыка өзінің қоңыр, жұмсақ, биязы, тылсым дыбыстарды шығара алатындығымен ерекшеленеді. Қазақтың музыкасында табиғи дыбыстардың жанымызды тебірентіп, жүректерімізді елжіретіп, санамызды серпілтетін ерекше қасиет бар секілді. Әсерлі де әуезді дыбыс шығаратын музыкалық аспаптар түрлі ағаш түрлерінен, қамыс пен қыштан, тіпті жануарлардың терісі мен сүйектерінен, мүйіздерінен, кейбір металлдардан жасалынған. Табиғи материалдарды пайдаланғандықтан да болар, олардан шыққан дыбыс қарапайым әрі құлаққа сондай жағымды естіледі. Аспаптарды жасау тәсілдері мен оларды орындаудың шеберлік сабақтар атадан балаға жетіп отырған.

Шеберлер залы

Бұл залдың тарихы қолөнер шеберлерінің байқауымен тығыз байланысты. Алматы қаласы әкімдігі мен Алматы қаласының мәдениет басқармасы осы музеймен біріге отырып, «Аңыз Домбыра» атты қолөнер шеберлерінің республикалық бәйгесін ұйымдастырып, жеңімпаздардың қолдарынан шыққан дүниені музей жәдігерлерінің қатарына қосуды ойластырған еді. Бұл байқау-бәйге кең байтақ қазақ даласының түкпір-түкпірінен нағыз «сен тұр, мен атайын» деген кілең мықтылардың басын қосқан еді. Оның жас ұрпаққа да берер тәрбиесі мол болды. Ықылас атындағы қазақ музыкалық аспаптар музейіне келген келушілердің барлығы да он саусағынан бал тамған шеберлеріміздің дүниелерін осы залдан тамашалай алады.

69741f6486d9c06bedb360504268d8b0.jpg

Қобыз залы

Қобыздың тарихы тым тереңде жатыр. Сондықтан да болар, бұл аспаптың қазақ музыка мәдениетінде өзінің бір төбе орны бар. Біздің халық оны ауыртпалықтан, уайым-қайғыдан, ажалдан құтқаратын ерекше құдіретке ие деп сеніп, қастерлеген.

Қорқыт бабамызға дейін де, онан кейін де бұл аспап адамды тылсым күш әлемімен тығыз байланыстырушы сиқырға ие болған деп есептейді көпшілік. Қобызды тартып отырған бақсылар медитациялық күйге кіріп, басқа әлемнің құшағына енгендей болады екен. Біздің ұлт қобызда ойнау арқылы қиыншылық пен бақытсыздан арыламыз деп есептеген. Музейдегі қобыз залында бақсы-қобызшылардың бізге дейін жеткен аспаптары қойылған. Оның ішінде өзіміз ілгеріде айтып кеткен Жарас бақсының Сармұқан Бабасұлының, Зерегүл бақсының, сонымен қатар қобызшы-күйшілер Жаппас Қаламбаевтың, Дәулет Мықтыбаевтың және тағы басқалардың қобыздарын тамашалауға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, 1901-1955 жылдар аралығында ғұмыр кешкен Әукен Байбосыновты да ерекше атап өтуге болады. Ол Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданына қарасты Басау ауылында туған. Ел ішінде аспап жасайтын шеберлігімен танымал болған, сол сияқты қылқобызда өте керемет ойнай білген. Тоқа, Ықылас сияқты халық композиторларының күйлерін жеткізуші болып табылады. Оның қобызын 1987 жылы Қазақстан Республикасының халық әртісі Қайрат Байбосыновтың өзі әкеліп, тапсырған еді.

Үpмелi, соқпaлы-шyлы aспaптap зaлы

Ұpмaлы, дaбылды-соқпaлы және де шyлы-сылдыpлы, үpлеп ойнaлaтын aспaптap зaлындa бiздiң зaмaнызғa дейiн ешқaндaй өзгеpтiлмей жеткен ең көне мyзыкaлық aспaптapды көpyге болaды.Байырғы заманда ән мен би осындай ұрып-қағып ойналатын аспаптар арқылы сүймелденгенін білеміз. Сол сияқты бақсылық салт та осында үүрмелі, шулы аспаптардың әртүрлісін өмірге әкелуге себепкер болған. Бірінші үрмелі аспаптарға қосымша саңылаулар салынбаған, олардың жұмысы жай ғана белгі беру секілді болған. Түтігінде қосымша саңылау-ойықтардың жасалуы оларда ойнауды қиындата түседі. Біздің халықта мұндай аспаптардың алғашқы қолданылған кезін сонау ерте замандағы батырлар жырларынан байқауға болады. Ертеде кеңінен таралған аспаптардың бірі – дауылпаз. Оны аңға шыққанда, діни түрлі салт-жоралғыларды орындау кезінде, көші-қонда белгі беру мақсатында кеңінен қолданған.

34c4a2c2cf858250b4bfa3e5d9740242.jpg

Дудыға – сілкіп-қағып ойнайтын аспаптың бірі, оны ағаштан, теріден, металлдан да жасай береді. Ал шыңды байырғы заманда егіншілікті кәсіп еткен халық құстарды үркітіп, ұшырып жіберу мақсатында пайдаланған. Сол сияқты аңға шыққанда оларды қуып тығу үшін де қолданылыпты. Саятшылық құрғанда да оның көмегіне жүгінген. Ілгеріде айтқан музыкалық құралдармен қатар, мұнда бақсылардың қолданысында болған аспаптардың да біршама түрлері бар. Оның алғашқысы – асатаяқ. Ол шамандық кезеңнен, тіпті ХХ ғасырдың бас кезіне дейін жұрт ішінде аруақ шақырып, науқастарды аластау мақсатында қолданылған басты құралдардың бірі. Кейін келе музыкалық аспап ретінде пайдаланыла бастайды. Асатаяқ таяқтың басына түрлі пішіндегі сылдырмақтар ілген соң, музыка шығаруға қабілетті. Көне аспаптардың бірі болып есептелетін дабыл жаугершілік кезде әскери белгі беру үшін, жорықтар мен саяттарда көргендердің мысын басып, өзінің рухын көтеру ретінде пайдаланылған. Екі дауылпазды бір-біріне түптерін жалғау арқылы дүниеге келген тағы бір аспап қосдүңкілдек деп аталады. Оның шанағы ағаштан істелсе, бетіне теріні тартып қояды. Ал шыңдаyылды баяғыда аңшылық пeн саятшылықта жәнe дiни салт-жоpалғылаpды оpындаy кeзiндe пайдаланған.

Әлeм халықтаpының мyзыкалық аспаптаpы залы

Музейдегі бұл ерекше залдан азиялық, еуропалық, африкалық және де Балтық теңізі бойын мекен еткен халықтардың аспаптарын көруге болады. Жалпы алғанда дүние жүзінің жиырма жеті елінің сексеннен аса музыкалық аспабын кездестіреміз. Сол арқылы түрлі ұлттардың музыкалық құндылықтарымен жақын танысып, олардың пайда болу тарихын білуге болады.

(Суреттер мұражай галереясынан)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға