Жаңалықтар

Музыкалық аспаптарды меңгерген мультиинструменталист

Музыкалық аспаптарды меңгерген мультиинструменталист
Фото: El.kz 01.11.2022 16:46 2846

Әр адамның өзіне тән ерекше қабілеті болады. Біз сондай азаматты таптық. Ол домбыра, үш ішекті домбыра, шаңқобыз, дабыл және тағы басқа аспаптарда еркін ойнайды. Оның есімі – Бауыржан Бекмұханбет.

 – Музыка өнеріне қызығушылығыңыз қалай басталды?

 – Алғашқы үйренген музыкалық аспап – домбыра болды. Домбыраны меңгеру кез келген қазақ үшін оңай. Өйткені ұлттық аспаптың рухы қазақ ұлтымен бірге жасап келеді.

Домбыра тартудың әліппесін Ырыскүл апайдан үйрендім. Белгілі өнертанушы Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті Қалыбек Ақтаевтан дәріс алып, Күләш Ахметованың сабағына қатысып жүрдім. Бірақ кәсіби тұрғыдан дамуым мәдениет қайраткері Шынарбек Асқаровтың жетекшілігімен басталды.

2003 жылы мәдениет қайраткерінің бағыт-бағдары бойынша Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжіне оқуға түсіп, ұлттық аспапты меңгеруге қызығушылығым арта түсті. 2006 жылы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерватория қабырғасында оқып жүріп, ұлттық аспап түрлері жайлы мол ақпарат ала бастадым. 2007 жылы «Сарын» фольклорлық ансамблінде Зәмзәгүл Ізмұратовадан тәлім алдым. Ол түркі әлемінің мәдениетімен таныстыра отырып, шаңқобыз, сазсырнай, шертер, даңғыра, дабылдың үнін танып, әр аспаптың ерекшелігін терең түсініп, үйренуіме жол ашты.

 – Қандай аспап түрлерінде ойнай аласыз?

 – Жоғарыда айтқан аспаптың барлығында ойнай аламын. Әр аспаптың өзіндік ерекшелігі бар. Техникалық жағынан алып қарағанда, қиындық жоқ емес. Әр аспаптың дыбыс шығару, болмыс-бітімі мен үндестігі бөлек. Орындаушы аспаптың қасиеті мен болмысын тануы тиіс. Өз ойым, кез келген жетістікке жетуде 99 пайыз еңбекті қажет етсе, 1 пайызы талантты керек еді.

 – Күй адамның жан дүниесін ашып, көңілін сергітеді. Күйшілік өнер сіздің бойыңызға қалай, қайдан келді?

 – Жетісу өлкесінде атақты күйші Қожеке Назарұлы өткен-ді. Бабам Мергенбай Ерденеұлы би болып, елге кесімді сөз айтып, болыс болып, жұрттың қамын жеген тұлға. Ол Жетісудың Оңтүстік-шығысындағы күйшілік мектебінің белді өкілі. Одан тараған ұрпағынан көптеген өнер саңлақтары, қолынан бал тамған күйшілер шықты.

1998 жылы С.Медеубекұлы, Б.Мүптекеевтің авторлығымен шыққан «Жетісу  күйлері» кітабынан бабамның күйшілік өнері туралы қанықтым. Зерттей келе, орындаушылық өнер текпен келген қасиет екенін білдім. Қанмен дарыған қасиетті ұстаздарымның қолдауымен оятып, орындаушылық өнерімді жетілдіріп келемін.

 – Қазіргі таңда немен айналысып жүрсіз?

 – Қазақ ұлттық өнер университетінде (колледжде) сабақ беремін. Сондай-ақ «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің мүшесімін. Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік ұйымдағы «Халық қазынасы» өнер орталығында солист қызметін атқарамын.

Орындаушы ретінде елордада өтетін түрлі деңгейдегі рухани-мәдени іс-шараларға жиі қатысамыз. Күнтізбелік жоспар бойынша қараша айында өнер көрсететін концерттер көп. Гастрольдік сапарлар да күтіп тұр.

 – Ансамбльмен күйді орындау қаншалықты қиын? Дайындық қалай жүреді?

 – Музыка жазарда ансамбльде жұмыс істеген ыңғайлы. Себебі ансамбль мүшелері идеяны ортаға салып, белгілі бір тақырып бойынша бағыт ұстанамыз. Сосын сол тақырып желісіне сәйкес күйдің концепциясын мен сценарийін ойластырамыз. Мысалы, күйдің бір тұсында табиғатты домбыра үнімен сипаттап келтірсек, екінші тұсына басқа аспаптың дыбысын қосуымен сюжеттің дамуын көрсетеміз. Күйдің әрбір бөлімі мен нүктесін аспаптарға бөліп қарастырамыз. Солай бесеуміздің атсалысуымен музыка композициялық тұрғыда толығып, барынша мазмұнды, мәнді әуен туады. Осындай жоспармен жүрмесек, күй шашыраңқы оймен және жүйелі түрде шықпайды.

 – Шабытты қайдан аласыз?

 – Атқа мінгенді, тауда серуендегенді ұнатамын. Көркем табиғаттың көрінісінен көңіл серігіп, рухани қуат аламын. Жиі кітап оқып, ойлау өрісін кеңейтуді басшылыққа аламын. Біле білген адам, адам оқу үлкен мәдениет. Ондағы көркем тіркестер, шытырман оқиғалар адамның ой-өрісін дамытумен бірге, шығармашылық адамдарға шабыт береді.

Күй деген адамның ішкі жан-дүниесінің суреті сынды. Бір күні күй сергек әуезбен шықса, екінші күні мұңға толы болады. Бұл – көңіл қалауы, шабыт шырағы.

 – Шығармаларыңызды қандай тақырыпқа арнайсыз?

 – Көбіне Жетісу өмірі туралы туындылар шығарамын. Жетісу жерінің музыкалық мәдениетіне тән стильде жазу маған ұнайды. Себебі бұл жердің домбыра өнеріндегі маңызы зор, күйлерінде жалпытүріктік сарын жақсы сақталған. Тек қазақ халқының ғана емес, тамырластығымыз бар халықтардың әуездері бірден құлаққа естіледі. Техникалық орындауы да көрнекі әдіс-тәсілге бай. Күй шалу машығында төкпелетіп тарту да болады. Өзіме шертпе бағыты жақын. Өзімнің туындалырамның арасында «Алтыныма», «Қарқара көтерілісі», «Қожекенің аңсары» мен «Желдірме» күйін ерекше атап өте аламын.

 – Музыка сіз үшін қандай рөл атқарады?

 – Музыкамен өмір сүремін. Музыка – өмірімнің мәні, мазмұны деуге болады.

Шабыт келгенде түйдек-түйдек музыкалық дыбыстар көңілге түсіп, сол мезетте әуенді жазып алуға тырысамын. Көптеген адам музыканттың жұмысы осымен аяқталады деп ойлайды. Бұл қате түсінік. Өйткені бұл құрғақ опция, әлі де көптеген редакциялаудан, тақырыптан бастап аранжировкаға дейінгі ұсақ-түйек жұмыстан өтеді.

Күйдің тілі тіпті қиын. Оның жазылуы да, тыңдалуы да өзгеше. Шығармамды сахнаға шығаруға дейін ерекше баптаймын және өзіме қатал сынмен қараймын.

 – Мұғалім ретінде жас музыканттарды неге баулисыз?

 – Жетінші сынып оқушылары мен жоғары курстағы студенттерге дәріс беремін. Ұлттық аспапта ойнауды үйрету барысында әр балаға жеке-жеке мән беремін. Өйткені орындаушының психологиясы, ойлау дәрежесі мен физиологиясы әртүрлі. Тіпті оң мен сол қолдың домбыраға ұстауда қойылымын ескере отырып, өзімнің ұстаздарымның үйреткенін басшылыққа аламын. Теориялық біліммен қатар, тәжірибеммен бөлісемін.

Жас орындаушыларға әртүрлі жанрдағы күйшілерді тыңдап, әрқайсысынан қажетті техникаларды үйренуге кеңес беремін.

 – Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға