«Мұз-2025» акциясының қорытындысы жарияланды

Бес ай бойы жалғасқан Қазақстанда мұздағы оқиғалардың алдын алуға және халықтың қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған «Мұз-2025» ауқымды профилактикалық акциясы аяқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Акция кезеңінде еліміздің су айдындарында 18 595 рейд және патрульдеу жүргізілген. Оның ішінде 205 254 адамға қауіпсіздік ережелері туралы нұсқау берілді, халық арасында 228 740 жадынама таратылды. Осы іс-шаралар барысында 420 бұзушы су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Тепловизорлары бар ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен тәуліктің қараңғы уақытында жұқа мұзға шыққан 200-ден астам балықшы анықталды. Қауіпті су айдындарында 16 зияткерлік камера тәулік бойы бұзушылықтарды тіркеп, деректерді нақты уақыт режимінде жеткізді.
Тұрғындарға 112-ден бастап SMS-хабарламалар арқылы 500 мыңнан астам ескерту жіберілді. Сонымен қатар құтқарушылар Kundelik.kz мектеп порталы арқылы қауіпсіздік ережелерін балалар мен ата-аналарға жеткізді, мыңдаған оқушылар мұздағы қайғылы оқиғалардан қалай құтылуға болатынын білді.
