Жаңалықтар

Мұрат Нұрәсіловтің балалық шағы

Сол бала махаббат, орындалмай қалған шала махаббат 
Мұрат Нұрәсіловтің балалық шағы
12.05.2017 11:32 7268

Жас кезде қателесуден қорықпалық. Қайта солардан сабақ алалық.

Қартайғанша қателесумен өмір өткізуден сақтасын.

Йоганн Вольфганг фон Гёте

Әр апта сайын El.kz сайтының тілшісі Жарқынбек Жұмаділ елге еңбегі сіңген танымал тұлғалармен сұхбаттасып,олардың балалық шағына саяхат жасайды.

Біз бұл сұхбатымызда ел алдында жүрген елеулі азаматтардың балалық шағына саяхат жасау арқылы,оқырмандардың бақытты балғын шақтарын есіне оралтуды басты мақсат еттік. Бүгінгі саяхатымыз Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері белгілі актер Мұрат Нұрәсіловтың балалық шағына жасалады. Танымал актердың балалық шағына саяхат үш бекеттен тұрады.

Алғашқы бекет «Балалықтың базары»

─ Туған жеріңіз қай өңір?

Қазіргі Талдықорған облысы Қапал ауданы Қоңыр ауылында дүниеге келдім. Жер жәннаты  Жетісу өңірі менің туған өлкем.

─ Оңаша қалған сәттерде, балалықты еске алғанда, алғашқы болып ойыңызға оралатыны не?

─ Ойыма бірден оралатыны шаңғы. Біздің аулдың балалары қыста үш шақырым жердегі мектепке шаңғымен баратынбыз. Сабақтан тарай сала үйшігінен ағытылған қозыдай аппақ қардың үстінде үйге қарай жарыса сырғанай жөнелеміз. Бір жағы спорт, бір жағы мектепке мінер көлік. Осылай тоғыз жыл тарпылдатып шаңғы тепкеннің нәтижесі өз жемісін берді. Сегізінші сыныпты бітіріп тоғызыншы сыныпқа аяқ басқан кезімде шаңғы спортынан екінші дәрежені қорғадым.

─ Есіміңізді кім қойды?

  Біздің қазақтың бала асырап алу дәстүрін жақсы білесің. Әсіресе баласы жоқ ерлі зайыптылар «өзгеден емес, өзімізден шыққан перезенті асырайық» деген ниетпен туыстарынан асырап алуға тырысады. Баланы туылған кезден асырап алатындар өздері ат қояды. Менің есімімді мұратына жетсін деген ниетпен Мұрат деп асырап алған шешем қойған деседі. Ол кісі менің туған анамның әпекесі болатын. Өзі науқас аурушаң болғандықтан ол кісіде бала болмаған көрінеді. Біздің үйдегілер ақылдаса келе, көңілі көтеріліп, қуанып жүрсін деп мені сол кісінің баурына салған екен. Мен ол кісіні «шеше» деп білдім, ал туған анамды «тәте» деп атайтынмын. «Айналдырған ауру алмай қоймайды» деген бар ғой. Мені асырап алған шешем не бары қырық екі жасында сол сырқат себебінен дүниеден озды.

─ Шешеңізге еркелеп тентек болдыңыз ба?

─  Жоқ, тентек болмадым. Себебі бала болсам да ауру анамның жүрегін жаралап алудан қорқатын едім. Әлі есімде, біздің жақта қара бүлдірген өсетін. Бір күні ауылдың қара сирақ, қара домалақтары жиылып бүлдірген теруге бардық. Қара бүлдіргенді етегімізге толтырып алып, бұрап, езгілеп шырынын ағызып оны әдейілеп бетімізге жақтық. Түрміз қан-жоса құдды төбелескен адамдай көрінді. Сол бетімен алба-жұлба болып үйге ентіге кірдім де анама «төбелесіп қалдым» дедім. Шешем түрімді көріп шошығанынан талып қалды. Сол кезде қатты өкіндім, екінші олай тентектік жасамауға бекіндім. Әрі  жүрегі әлсіз адаммен екінші рет олай ойнауға, олай алдауға болмайтынын түсіндім. Тентектікті де сол кезде түбегейлі тастадым десем болады. Бірақ еркелгім әлі қалмаған еді. Күні бүгінге дейін көз алдымда біздің заман қазіргідей бірін тастап бірін киетін молшылық дәуір емес еді. Үстімізге не ілінді, қымсынбай соны киеміз. Ол кезде аяққа пима, кең болса да қорпылдатып кете береміз... Күні бойы ойынның түбін түсіріп, кеш бата «тамақ қайда?» деп үйге оралған кез еді. Мен келсем үйдегілер тамақ ішіп отыр екен. «Жылайын деген балаға сылтау көп» дегендей, өкпелей бастадым. «Мені күтпей неге тамақ ішесіңдер» деп мұрынымды тартып қойып, бұртиып отырдым. Пимамды да қолмен емес, аяғымды сілкілеп шеше бастадым. Маған назар аударар түрі жоқ, әркім өз алдына тамақтарын ішіп жайына отыр. Олар елемегесін жылармандай болып аяғымды қатты сілкіп-сілкіп қалып едім пимам ұшып барып қазандағы көжеге былыш ете қалды. Тәтемнің түрі бұзылып, маған ашуланарын сезген шешем қазандағы пиманы алып жерге қоя салды. Өзіне бір кесе көже құйып «болды ештеңе етпейді. Міне тап-таза екен, ақ қардың үстінде жүрген аяққа не жұғар дейсің тәйірі» деп, түк болмағандай іше салды. Тағы бір жолы үй бетін көрмей ойынға кетіп кешке оралсам, үйдегілер тамақтарын ішіп алған екен. Қарын ашып келгенде ішер деп менің несібемді бөлек қалдырыпты. Мен бұрынғы әдетіме қайта басып, «маған азын қалдырып, өздерің көбін жедіңдер ғой, ішпеймін» деп өкпелей бастадым. Осы жолы тәтем менің еркелгіме шыдамады білем, «ішпесең әкел мен ішейін» деп менің тамағымды түгін қалдырмай жеп қойды. Бірдеңе десеңші дегендей жәутеңдеп анама қарадым. Ол кісі де тіс жарып ештеңе айтпады. Мен сол күні аш жаттым. Содан қайтып тамаққа өкпелемейтін болдым.

Екінші бекет «Ана мектеп»

Бала кездегі арманыңыз қандай еді?

─  Негізі мен тұлымшағым желбіреп жүрген тентек кезден бастап артист болуды армандадым. Неге десеңіз ол кезде халық театрларының ел арасында жұлдызы жанып тұрған кез. «Ауылға концерт келеді, театр келеді» дегенді естісек болды, елегізіп тұра алмайтын едік. Ол біз үшін үлкен қуаныш, мерекедей сезілетін. Ол күні баланың бәрі қамшы салдырмас елпек болып кететін. Үлкендер жұмсаған жағына қарай жүгіре жөнелетін. Үй шарауасын ерте тындырып концертке асығатын. Театр қойылымдарын билеті барлар есіктен, билеті жоқтар терезеден түсіп тамашалайтын еді. Халықтың сол кездегі өнер адамына деген қошаметін, әртістің жұрт алдындағы мәртебесі мен абыройын бала жүрекпен болса да сезетінбіз. Сол замандағы көз бояусыз, жалғандық жармаспаған саф алтындай таза өнерді көріп өстік. Содан болар мен бала кезден әртіс болуды армандадым.

─ Бала қиялмен арманның жетегінде жүріп, сабақ үлгірміңізді төмендетіп алған жоқсыз ба?

─ Сабақты сонша кереметтей оқыған жоқпын. Көштен қалмай, жұрттан озбай жүріп бітірдік.  Кей бір мектеп оқушысының жанын салып оқитын жақсы көретін сабағы болады да, және жек көретін сабағы болады. Менің қатты жек көретін пәнім математика болды.  Математика сабағы басталса болды көңіл-күйім түседі. Сондағы қырық бес минут қырық бес сағаттай болып әрең өтетін. Есесіне ең жақсы көретін сабақтарым әдебиет, география, тарих пәндері болды. Оларды беске оқыдым. Соның ішінде сүйіп оқығаным география пәні болды. Күні бүгінге дейін «қай ел жер шарының қай белдеуінде орналасқан? Астанасы қандай?» десеңіз ойланбастан айтып бере аламын. Әлі есімде, мектепте мынадай бір қызық болды. География сабағы жүріп жатқан еді. Сабақты Сәуле Мырзайева деген апай беретін. Мен ең алдынғы қатарда отыратынмын. Бұдан бұрын география сабағы болған сайын сабақ айтып бес алып жүрдім де, осы жолы үн-түнсіз отырдым. Апай менің үнсіз қалғанымды көріп сабаққа дайындықсыз келді деп ойлады. Сүйтті де «сабақ қарамай келгенде бір сынап көрейін» деді ме, мені тұрғызды. Ал мен іштей менен сұраса екен деп отырғанмын. Менен сабақ сұрайтынын да сезе қойдым. Орнымнан атып тұрдым да тақылдап айта жөнелдім. Мұғалім риза болып тағы бес қойды...

Соңғы бекет «Бала ғашық»

─  Сіздегі махаббат хикаясы мектептен басталды ма?

 Жалпы махаббат дегеннің өзі ұлы ұғым ғой. Менің естуімше махаббат төрт түрлі болады екен. Біріншісі: бала махаббат, екіншісі: шала махаббат, үшіншісі: шынайы махаббат, ал соңғысы: мәңгілік махаббат. Менің алғаш жүрегіме шоқ тастап, алғашқы бала сезімімнің оянуы жетінші сыныпта басталды. Мектептегі бір қызға есім кетіп ғашық болдым. Сыртынан қанша ынтызар болсам да, бет көрісе қалсақ ұялатынмын. Бір ауыз тіл қата алмай кездесуден қашатын едім. Қаншама рет сезімімді білдіруге серт байлап, жүздесуге бардым. Бірақ бәрібір тілдесуге жүрек құрғыр шыдамайтын. Бәрі де балалық, ұяңдық деп түсіндім кейін. Бәлкім ол да менің соншалық ұнататынымды сезген болар, тек іштей ғана. Сүйтіп жүріп мектеп бітірдік. Мен де сезімімді тұншықтырып, арман қуып алысқа аттандым. Кейін өмірдің ағысы бізді әр тарапқа алып ұшты. Әркім өз қиялының, өз мақсаттарының жетегінде кетті. Тіршіліктің күйбеңі таусылмай, мойын бұруға мұрсат бермеді. Сол бала махаббат, орындалмай қалған шала махаббат мәңгілікке есімде қалды. Жарты ғасыр өткеннен кейін жақын жолдастарымнан сұрадым «сол қызды осы жасымда бір көрсем» деп. Бірақ кешіккен екенмін, ол кезде әлдеқашан өмірден озыпты. Соны естігіенде бір әттеген-ай қалған сияқты көпке дейін есімді жия алмай жүрдім. Одан бұрын да іздеп баруыма болатын еді. Бірақ қалай барамын. Ол өз отауын тігіп тұрмысқа шыққан. Бақытты жанұясы бар ардақты ана еді...

─ Әдемі әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға