Жаңалықтар

Мүмкіндігі шектеулі жандар жайлы 7 қызықты дерек

Олар өмірді өзгертті...
Мүмкіндігі шектеулі жандар жайлы 7 қызықты дерек
20.06.2018 14:59 20571

Біздің мақаламыздың тақырыбы сізге ерсі болып көрінгенімен, бірнеше қызықты деректерге куә боласыз. Бұл жандар мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамай, 12 мүшесі сау адамдар жете алмай жүрген табыстарға қол жеткізген. Сондықтан да, олар туралы ерекше мақала әзірлеуді жөн деп таптық.

БҰҰ-ның мүгедектер туралы есебі бойынша әлемде әр түрлі деңгейдегі мүмкіндігі шектеулі жандардың жалпы саны 1 млрд-қа жетеді екен. Бұл жер бетінде өмір сүріп жатқан адамдардың 15 %-ы. Олардың 110-190 миллионының функционалды шектеулілігі аса күрделі болып келеді.

Кейбір мүгедек жандар өз денсаулығының шектеулілігіне қарамай, дені сау адамдарға үлкен көмек беріп келеді. Олардың бірі ретінде тетраамелия синдромымен аяқ-қолсыз туылған Ник Вуйчичті айтуға болады. Ол әлемге танымал мотиватор, оратор, меценат және жазушы. Ник Вуйчичтің айтқан сөздері көптеген адамдардың өз жолын табуға көмегін тигізді. Қазірге дейін оның бір фильмі, 6 кітабы жарыққа шыққан. Тағы айта кетерлігі, Ник Вуйчич бүгінде 4 баланың әкесі атанып отыр.

Канадалық Терренс Стэнли Фокс 1977 жылы өмірін басқа арнаға бұрған оқиғаға тап болады. Дәрігерлер 19 жасар Фокстан рак тапқан еді. Спортпен белсенді түрде шұғылданатын ол операциядан кейін бір аяғынан айырылып қалды. Бұл оқиғадан кейін үш жыл өткен соң, ол Канаданың шығысынан батысына қарай, жүгіріп өтуге бел байлайды. Мұндай марафонға қатысудағы басты мақсаты – онокологиялық ауруды зерттеу үшін қаражат жинау. Терри Фокс 5373 шақырымға созылған жолға 143 күн жұмсады. Әр күн сайын 42 км алға жылжып отырған. Бірақ, оның сырқаты бастаған ісін аяқтауға мүмкіндік бермей, 1980 жылдың 1 қыркүйегінде жүгіруін тоқтатады. Себебі, рак өкпеге қарай шаба бастаған еді. Ол 9 айдан кейін, 23 жасына жетпей өмірден өтті. Десек те, оның акциясы елде үлкен резонанс тудырып, барлығы 24 миллион доллар ақша жиналды. Қазір Канадада ғана емес, әлемнің 50-ге жуық мемлекетінде Терри Фокс атындағы қайырымдылық марафоны ұйымдастырылып келеді.

Американдық Мэтт Стацман екі қолсыз дүниеге келген. Иә, қос қолсыз өмір сүру мүмкін еместей көрінетінін мойындаймыз. Бірақ, Мэтт аяқтарының көмегімен барлық нәселерді істей алады. Сонымен қатар,  ол әлемдегі ең мықты садақшылардың қатарына кіреді. Мэтт алыс қашықтықтан нысананы дәл көздеп рекорд орнатқан. Бірақ, ол өзінің үлкен жеңісі деп мемлекеттік жүйені қолы жоқ адамның машинаны жүргізе алатындығына сендіргенін айтады.  

1984 жылдың 31 желтоқсанында атақты рок-топ Def Leppard-тың барабаншысы Рик Аллен көлік апатына түсіп, сол қолынан толықтай айырылған еді. Бірақ, музыкант сүйікті ісімен айналысуын әрі қарай жалғастыра берді. Топ мүшелері де оған барынша қолдау көрсетіп, гибридті дыбыс қондырылған арнайы барабан жасатты. Риктің қатысуымен одан кейін де көптеген сәтті әуендер шығып,  Def Leppard тобы таныла түсті.

Атақты музыкантшылардың ішінен мүмкіндігі шектеулі деген екі адамды ерекше атап айтуға болады. Оның бірі зағип – Стиви Уандер. Ол көз жанарынан айырылғанына қарамастан, ХХ ғасырда музыканың дамуына ерекше үлес қосты. Әнші, продюссер, композитор, пианист, барабаншы 25 рет «Грэмми» премиясын алған.

Уандермен қатар, тағы бір зағип музыкантшы Рэй Чарльз да талантымен талайды тамсандырған. Ол рок-н-ролл, джаз, кантри, блюза жанрларында ерекше өнер көрсетті. 17 рет «Грэмми» премиясын жеңіп алған. Айтпақшы, Рэй құлағы естімейтіндерге арнап қор құрған. Көпшілік одан «неге құлағы естімейтін жандарға арнап құрдыңыз?» деп сұрағанда, «музыка – мен үшін өмір болды, оны ести алмау мүмкіндігім болмағанда қалай өмір сүрерімді білмеймін» деп жауап берген екен.  

Американдық Хелен Келлер бала кезінде-ақ көру мен есту мүмкіндігінен толықтай айрылып қалған еді. Негізі мұндай балалардың ақыл-есі дамымай, артта қалады. Бірақ, Хеллен таланты мен жігерлілігінің арқасында арнайы бағдарлама арқылы мектепті, одан соң, жоғары оқу орнын тәмамдады. Ол саналы ғұмырын саясатқа арнап, қоғам қайреткері болып, мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғаған. Хелен Келлер 12 кітаптың авторы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға