Мүмкіндігі шектеулі жандардың қаржы қызметтеріне қолжетімдігі төмен

Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қаржы қызметтеріне қол жеткізу деңгейі төмен. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ашық талқыға шығарған Реттеу саясатының консультативтік құжат-жобасында көрсетілген, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 1 сәуірдегі статистикалық дерегіне сай, Қазақстанда 955,4 мың адамның әртүрлі санаттағы мүгедектігі бар. Ал Мемлекеттік кредиттік бюроның 1 мамырдағы ақпаратына сәйкес, мүмкіндігі шектеулі 66,7 мың адам кредиттік ұйымдардан тұтынушылық займ алған. Бұл жалпы көлемнің 6,98% ғана құрайды. Осы көрсеткіш қаржылық қызметтердің аталған санаттағы адамдарға қолжетімділігінің төмен деңгейін көрсетеді, - делінген Ашық НҚА порталында жарияланған Реттеу саясатының консультативтік құжатында.
Сонымен бірге былтыр қазақстандықтар тарапынан банк және микроқаржы секторындағы ұйымдарының жұмысына қатысты 35 мыңнан аса өтініш түскен.
