Мүлік бөлісу кезінде нені ескеру керек?
2022 жылы Қазақстанда 128,5 мың жұп шаңырақ көтерсе, 17,7 мың отбасы ажырасқан екен. Ал биылғы қаңтар айында 7 550 жас некесін қиса, 1 212 отбасы ажырасып үлгерген. Ажырасу – еліміздегі ең өзекті әлеуметтік мәселенің бірі. Мамандар ажырасудың бірден бір себебі отбасындағы жанжал, зорлық-зомбылық, материалдық жағдайдың төмен болуы, бала тәрбиесіндегі түсінбеушілік және қаржының жетіспейтіндігінен деп топшалайды.
Заңгер Қамиша Есмұхамбетқызы көп отбасы ажырасу кезінде заңнан хабары болмағандықтан қателіктерге бой алдырып жататынын айтады.
Жеке мүлікке және ортақ мүлікке не жатады?
Заңгердің айтуынша некеге дейін алынған жеке мүлік ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіне жатпайды.
Некеге дейін алынған мүліктің барлығы жеке мүлік болып саналады. Сондай-ақ ата-анадан немесе жақындарынан қалған мұра, сыйлық және заңды некеде тұрған кезде де сыйланған сыйлық жеке мүлікке жатады, - дейді заңгер.
Ерлі-зайыптылардың ортақ меншігі ретінде неке кезінде алынған мүлікті ғана санауға болады.
Ерлі-зайыптының бірлесіп тапқан ортақ мүлкіне ақша қаражаты, зейнетақы жинақтары мен жәрдемақылар, жылжымалы және жылжымайтын мүлік, салымдар, бағалы қағаздар, несие немесе басқа ұйымдарға енгізілген капиталдағы үлестер, неке кезеңінде алынған мүлік жатады.
Ерлі-зайыптылардың әрқайсысының иелігінде ажырасу кезінде бөлінбейтін жеке мүлік болуы да мүмкін.
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің 35 бабы 5 тармағына сәйкес ерлі-зайыптылардың әрқайсысының мүлкін анықтайтын тізім жазылған. Оған некеге тұрғанға дейін әрқайсысына тиесілі мүлік кіреді. Ерлі-зайыптылардың неке кезеңінде сыйға тарту тәртібімен немесе өзге де өтеусіз мәмілелер бойынша алған мүлкі жатады.
Ерлі-зайыптылардың ортақ қаражаты есебінен неке кезеңінде сатып алынғанымен, зергерлік бұйымдар мен сәнді заттарды қоспағанда, жеке пайдаланылатын заттары, мысалы киім, аяқ киім және басқалары жеке меншігіне жатады.
Ажырасқаннан кейін ортақ қарызды қалай төлеу керек?
Өкінішке қарай ажырасудан кейін мүлектен бөлек, қарыздар мен несиелер де қалатын жағдайлар болады.
Кодекстің 44-бабына сәйкес ерлі-зайыптылардың бірінің міндеттемелері бойынша төлетуге тек осы ерлі-зайыптының бірінің жеке мүлкіне ғана қатысты болады.
Қарызға алынған қаражат отбасының қажеттілігіне толығымен жұмсалса, онда қарыздарды өтеу бірінші кезекте ортақ мүліктен төленеді. Егер ол жетпесе әр ерлі-зайыптының жеке мүлкінен алынады. Ал қарызға алынған ерлі-зайыптылардың бірінің ғана жеке мақсаттарына жұмсалса, онда сәйкесінше ерлі-зайыптылардың бірі жауапты болады. Сот үкімімен ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкі қылмыстық жолмен сатып алынған немесе ұлғайған деп танылса, онда өндіріп алуға оның мүлкі немесе оның бөлігі түседі.
Ипотекаға алынған үйді қалай бөлу керек?
Заңгер Тілеужан Кішкенбаевтың айтуынша, тұрғын үйді ипотекаға алған жағдайда оны толығымен төлеп болмай заң жүзінде екіге бөлінбейді.
Ипотекаға алынған үй банктегі қарызынан құтылмайынша бөлінбейді. Ерлі-зайыптылар ажырасу кезінде сот жүзінде үйдің ай сайынғы төлемін 50-де 50 деп бөліп төлеуге мүмкіндік ала алады. Дегенмен көп жағдайда сот ондай мүмкіндік бере бермейді, себебі, банктің құқығы бұзылуы мүмкін, - дейді маман.