Жаңалықтар

Мүлдем ескермей кеттік. Ринат Зайытов жанайқайын айтты

Мүлдем ескермей кеттік. Ринат Зайытов жанайқайын айтты
Фото: Ринат Зайытов / Видеодан кадр 05.04.2023 11:53 4060

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов ҚР Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке депутаттық сауалын жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«Біріншіден, менің сіздерге жолдап отырған сауалымның артында ҚР ондаған мың мәдениет саласының қызметкерлері тұр. Екіншіден, бұл «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасына еніп, халыққа берген уәдесі. Мемлекетіміздің идеологиясын дұрыс жүргізуде және отанымызды алыс-жақын шетелдерге таныстыруда мәдениеттің атқарып жатқан жұмысы аз емес. Республикамыз бойынша елеулі еңбек етіп жатқан 56 театр, 20 филармония, 267 мұражай, 3891 кітапхана бар. Ол аз десеңіз, Қазақстан бойынша қаншама мәдениет үйлері және тағы сол сияқты бірнеше өнер ұжымдары да бар. Ғ.Мүсіреповтің «Адам – өнерді қаншалықты жақсы көрсе, соншалықты қорғауға міндетті», деген насихат сөзі бар. Өкінішке орай, біз бүгінгі күнде мемлекеттің айнасы болып отырған мәдениет қызметкерлерін мүлдем ескерусіз қалдырудамыз», – деді депутат.

Сондай-ақ, ол қазіргі таңда қай мекемені алсаңыз да мәдениет саласының қызметкерлерінің жалақысы 60 мың теңгеден басталатынын айтты.

«100 мың теңгеге жетер жетпес межеден аса алмай тұр. Еңбекақысының төмендігі білікті мамандардың жұмыстан өз еркімен кетіп, мәдениет ошақтарының жұмысын тұралатуға әкеліп соғады. Сіз Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында бірлесіп жұмыс жасауға уәде берген едіңіз және де қайта жасақталған министрлер кабинеті «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын толықтай іске асыруға еңбектенетінін хабарлағансыз. Сол себепті менің сауалым оң шешімін табады деп сенемін, – деді Ринат Зайытов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға