Жаңалықтар

Мұхтар Шахановтың жұбайы өмірден озды

Мұхтар Шахановтың жұбайы өмірден озды
Фото: instagram.com/qyzpukz 18.04.2025 09:55 760

Қазақтың көрнекті ақыны Мұхтар Шахановтың жұбайы, белгілі ғалым, педагог Розалинда Әшірбайқызы Шаханова қайтыс болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

1951 жылы Павлодар қаласында дүниеге келген Розалинда Шаханова Алматыдағы Қазақ қыздар педагогикалық университетінің (QyzPU) «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша жоғары білім алып, кәсіби еңбек жолын мектеп мұғалімі ретінде бастаған. Кейін ғылымға ден қойып, 1990 жылы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады.

1993 жылы «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша екінші жоғары білім алып, сол жылы доцент ғылыми атағына ие болды. Оның ғылыми және әдістемелік еңбектері еліміздің білім беру жүйесінде кеңінен қолданылып келеді.

2004 жылы QyzPU оқу орнына оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректор қызметіне шақырылып, бұл лауазымды 2008 жылға дейін атқарды. Ол өзіне ғылым жолын ашқан университетпен өмірінің соңына дейін тығыз байланыста болып, жыл сайын мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы ретінде студенттердің білімін бағалауға атсалысты.

Розалинда Шаханова – көптеген ғылыми мақалалар мен оқу-әдістемелік құралдардың авторы. Ол «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы», «Ы. Алтынсарин» медалі, «Ғылымның дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі және QyzPU дамуына қосқан үлесі үшін берілген «Құрмет» медалі сынды марапаттарға ие болған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға