Жаңалықтар

Мұхаметсәлім Кәшімов публицистикасының түрі мен пішіндік өзгешелігі 

Публицист көсемсөзінің жанрлық, формалық ерекшелігі
Мұхаметсәлім Кәшімов публицистикасының түрі мен пішіндік өзгешелігі 
09.09.2017 12:12 6916

Кәшімов репортажы әлеуметтік мәселелерді кеңінен қамтып, бұқара халыққа түсіндіру мақсатында жазылған. Публицист шақырылған топтың басы-қасында болған. Естігенін емес, дәл оқиғаның ортасынан көргенін түсінікті етіп баяндап отыр. Оқыған кезде оқиғаның ортасында жүргендей әсер аласың.

Мәселен: Уәкілдер жиналып болған соң кіндік қазақ комитетінің мүшелері келіп, топбасылар үстеліне отырды. Комитеттің бастығы «қазақ тобы ашылды» деп жариялады. Автор  кейіпкердің сөзін оқырманға еш бұрмалаусыз жеткізіп отыр. Қарапайым ғана мысал, алаштың ұлдары орысқа отар болды, «Қазақ езгіде қалды» деп күйінген публицистің де сол қатардан табылатынын сөзсіз. Бірақ репортаж ешкімнің мүддесіне қарамайды, болған оқиғаның әр детальін баяндауға міндетті. Ол жайында ғалымдар көп ескертіп кеткен. Репортаждың мақсаты – болған оқиғаны бұлжытпастан суретке түсіру емес. Сол оқиғаның әлеуметтік мәні мен маңызын аша отырып оқырманның тұшымын таба білу болса керек-ті. Публицист ол міндетті оңай атқарғанын да көріп отырмыз. Кейіпкерлердің сөзі арқылы оқиғаның мағынасы мен мақсатын түсіндіріп отыр.

Оқиғаның желісін бұзбай, әр сәтін қағаз бетіне баяндағанын аңғарып отырмыз. Тілі тартымды, қарапайым ғана айтылып барлығын қамтып отыр.

Бұл репортажға ХХI ғасырда берілген ғалымдардың бағасы болатын. Ал М. Кәшімов ХХ ғасырдың басында жазылған репортажы бұл талаптардың барлығына түгелдей дерлік жауап береді демесек те, негізгі талабын орындайды. Тіпті репортажға берілген ғалымдардың асқақ бағасы публицистің шығармасын оқығаннан кейін туындап отырғандай әсер береді. Әрине, әсер ақиқатқа бастайтын жол емес, ол болжамды ғана тудырады. Ал ғылым жалқының жалпыны болжауынан туындайтынын жақсы білеміз. Демек, қазақ баспасөзіндегі репортаж жанры өзінің шарықтау шегі мен бастауын заңды түрде бір ғасырға жуық уақыт бұрын қалыптастырғанын көріп отырмыз. Бұл сөзіміздің дәлелі ретінде бірнеше мысал келтіруге болады. Сұлтанмахмут Торайғыровтың «Сарыарқа» газетінде жарияланған әйгілі «Әлиханның Семейге келуі» деген репортажы бар. Тілі шұрайлы, стилі де тартымды.

Кәшімов көсемсөзінде оқиға ортасынан хабар беріп қана қоймай, оқырманды өзімен бірге ойландырады. Қуаныштан қара жолға көзін ұзақ тігіп, елеңдеп жүрген қауымға керегі не? Бұқара жұрт шенді-шекпенді қанаушылар келгенде зорлық қылғаннан күтіп алатын еді, бірақ көздерінде бұндай қуаныш оты болмаушы еді ғой. Халық өз еркімен күтіп алатын адам кім деген сұрақ арқылы кім-кімді болмасын елең еткізері анық.

Репортаж осы мәнерде Әлиханның әр сөзі мен қимылын аяғына дейін баяндап береді. Публицист стилінде тіл көркемдігі басым. Өзінің ақындық қабілеті арқылы кейіпкердің суретін сөзбен салып береді. Репортаж жанрының ұтымды жері оқырманды оқиғаның ортасында жүргендей етіп әсерлендіруі керек. Керек десеңіз үлкен эмоцияны талап етеді. Ол жайында теоретик ғалым Темірбек Қожекеев былай дейді:

«Репортаж болмыс, құбылыс, оқиға, фактіні қамту ауқымына қарай, көрсету тәсіліне, тіл, стиліне, құрылымына, мақсат, міндетіне қарай танылады.

Үшіншіден, репортажда оқиға, әрекет өз кезегімен, орын алу, даму, шешілу ретімен баяндалады, яғни оған хронологиялық композиция беріледі. Бұдан оқушы оқиғаның қалай басталып, қалай дамып, қалай аяқталғанын аңғарады, оның өтісінен мағлұмат алады. Бірақ бұған қарап, репортажға болған оқиғадан басқа ешнәрсе енгізілмейді деп түсінуге болмайды. Онда сөз етіп отырған құбылысты әсерлі де терең етіп ашуға септігін тигізетін естеліктер, тарихи документтер, ескі фактілер, статистикалық цифрлар  пайдаланыла береді.

Төртіншіден, репортажда болмыс, құбылысты әсерлі етіп, динамикалық қозғалыста, дамуда көрсету үшін бейнелеу, елестету, суреттеу құралдары мол қолданылады. Тіл, стиль оқырманды оқиға ішінде жүргендей сезіндіруге лайықты.

ХХ ғасырдың басында жазылған бұл репортаждардың классикалық үлгісі бүгінгі күнге дейін өз маңызын жоғалтқан жоқ. Қазақ баспасөзінің қалыптасуы мен дамуын шетелден іздейтіндерге берілетін жауаптың басы да осы болмақ. Тіпті, Мұхаметсәлі Кәшім ол кезде репортаж деген терминді білмеуі де мүмкін, оның талаптары мен заңдылықтарын ескеруі де шарт емес. Халыққа деген қажеттілік осындай жанрдың түрін туғызды. Күнделікті хал-ахуалдан бастап, әлеуметтік жағдайлардың жай-жапсарын оқырманға түсінікті етіп көрсету керек болды. Сұлтанмахмұт Торайғыров болсын, біз жұмысымызға арқау етіп отырған публицист болсын, қай-қайссының репортажын алып қарасақ, озық туындыға көзіміз қанық болады. Баспасөздегі түп қазығымызды тым әріден іздегеніміз келбетімізге, өмір болмысын көрсететін айнамызға әр беріп тұратыны заңды құбылыс. Өмірдің басты шарты заңдылықты бұзбау, ғылымның басты шарты салыстыру мен үнемі ізденісті тоқтатпау деп есептейміз. Іргетасы берік қазақ репортажы әлі талай жетістіктерге жетіп жатса, оған таңқалудың еш реті жоқ.

Мұхаметсәлім Әбдірахманұлының публицистикасын бір ғана басылымнан қарастыруға болмайды. Оның бұқара санасына ықпал жасаған көсемсөзі ХХ ғасырдың басындағы бірнеше газеттерден табылады. Әр жазған мақаласы халықтың мүддесі тұрғысынан көрініс тауып жатады. Бұның өзінен үлкен қорытынды жасауға болады. Қазіргі қазақ баспасөзіндегі публицистика һәм мақала болмасын басылымның ұстанған бағытына қарай ойын өрбітеді. Біреуі биліктің жарнамасын жүргізіп жатса, енді бірі халықтың сөзін сөйлеген болып үкіметтің ұсақ мінін көрсетіп жатады. Ертеңгі күні жұмыс орнын ауыстырса, публицистердің кешегі айтқан сөзі өзгеріп шыға келеді. Ал Кәшімов көсемсөзі ондай құбылмалы көзқарастан бойын таза ұстайды. Бұл қасиет сол кездің басылымдарына да тән деп айтуымызға толық негіз бар. Көсемсөздің ықпал етуші фактор екенін көрсететін публицистің бірнеше шығармасы бар.

Күнделікті өмірдің жанды бейнесі ретінде публицистің «Бітсін жалқаулық!» деген шығармасы жарық көрген. Материалда еңбектің маңызы,  сипаты, түрлері түсіндіріледі. Автор қазақтың бойынан арылмай келе жатқан жалқаулықты сынап, еңбекшілдікті дәріптейді. «Адам баласының мәдениеті күшейіп, тұрмысы түзеліп, ілгері басуына үлкен себеп болған нәрсе – еңбек» деп кісінің ақыл һәм дене (яки ішкі, сыртқы) күштерін тиісті орындарына жұмсауды айтамыз. Біразырақ мысалмен түсіндіргенде сабақты ұғып алуға ыждаһат етіп, ынта қою, есеп шығаруды, яки бір қиын мәселені шешуді ойлау, соғыстың планын құру, мемлекет арасындағы әдістермен аңдысу, істейтін жұмыстардың ережелерін дайындау ақылмен істелген еңбек; айтқан сөзді яки кітаптар қарап жазу, үлгіге қарап пішу, жер қазу, шөп шабу сияқты жұмыстар денемен істеген еңбек.

Бұл екі түрлі еңбектің бірінсіз бірінің күні жоқ.

Ақыл мен дене еңбегі үйлесім тапқан кезде ғана адам баласы жетістікке жетеді. Ақыл – адамға туа біткен қасиет. Оны тірі фактор ретінде қарағанымыз абзал. Ол жетіледі, ескіреді, өсімін таппай бір орнында тұрып қалады. Оны үздіксіз қозғалысқа салатын еңбек екенін ғалымдар әлдеқашан айтқан. Немесе ақылсыз еңбек ете алмаймыз. Адамзат жаратылғаннан бері қарай санасы да қатар өсіп келеді. Соның нәтижесінде өздері сенгісіз көптеген жаңалық ашты. Еңбекке деген құштарлығы да арта түсті. Себебі, әр төгілген тердің өтеуі болатынын жақсы сезінді. Публицист бұл мәселенің басын ашып, ашығын бұқараға түсінідіріп отыр.

Еңбегіне қарай тұрмыс жасау деген ереже біздің қазақ арасына әлі кірген жоқ. Бұл күнге шейін еңбектің не екенін, өнімін, бағасын ұғынған қазақ жоқ. Біздің қазақ ішінде еңбек иесі болған тап – әйелдері ғана. Еркектеріне еңбек иесі болғаны мыңға біреу де келмейді. Бауды, шекпенді иіріп тоқыған, ши ораған, мал сауып, ас пісірген, тезек терген, үй тіккен, көшкенде жүк артқан, киім тіккен, көшке жабу сырған, арқан, жіп, ноқта ескен, қи ойып қалаған, қысқасы, тіршілікке керекті нәрсенің бәрін істеген қазақтың әйелдері. Кілемнің, алашаның, шыттың түрлерін қазақ әйелінің қолы істейді. Бұған қарағанда қазақ әйелі жалғыз дене күшімен емес (оқымаса да) ақыл күшімен де еңбек қылғаны көрініп тұр. Әлділер шаруаның еңбегін қандай арзандатып, жем қылса, қазақтың еркектері әйелдерінің еңбектерін одан да үлкен жесті. Әйелдің еңбегін жем қылумен бірге бастарын да иеленіп, мал орнына саудалап сатып жүрді. Қазақ тұрмысымен таныс болған кісілердің бәріне айдын болып көрініп тұрған осы халге қарағанда еңбекшіл болу турасындағы айтылатын сөздің көбі еркектеріне арналады.

ХХ ғасырдың басында қазақ ерлерін еңбек майданына шақырып отыр. Көсемсөздің жүгі көпшілікке басшылық жасау болса, публицистің бұл сатыдан орын алғаны көрініп тұр. Қазақтың әйелдерін еңбектің символы ретінде алға шығарып, көтеріп отырған мәселесін салмақты ете түседі. Оқымаса да ақылы арқылы еңбекте жеміс берген қазақ әйелінің теңсіздігі турасында сөз қозғап отыр. «Қыздың қырық жаны бар» дейтін даналық әйелдің еңбегіне бас шұлғудан кейін туындаған сияқты. Бұрын қазақ байлары жұмыскерінің еңбегін жеп, шалқалап өмір сүрді. Тағдырдың бұл сынағы ұзағынан болғанын да жақсы білеміз. Кісі ақысын бағаламай, озбырлық көрсету бір кездері қазақ байлары арасында кең етек алды. Осы әділетсіздікті мінеп, құпиясын әшкере қылған публицист қауымның шоғыры екенін де бағамдауға болады. Байлар бұқараның еңбегін жеп жатса, бұқара әйелінің еңбегін бағаламауды одан бетер үстемелей түсті. Әйел теңсіздігіне бұдан артық берер бағамыз жоқ шығар. Публицистің ауыз толтырып айта кететін артықшылығы салыстыруларының астарында да әлеумет шындығы жатады. Ол теңеу тіпті бір сөзбен де берілуі мүмкін. Мысалы, жоғарыда әйелдің бітпейтін еңбегін тізіп келеді де, жақшаның ішіне «оқымаса да»  ақылын сарп етті дейді. Әйелді оқыту керек деген сабақтас идея жатыр.

Қазақтың еркектерінің еңбексіздігі, жалқаулығы турасында көп мысал көрсетіп тұрудың қажеті аз болса да, бір мысал көрсетіп отыруды лайық көреміз: қыс жаман болған жылы елдің малы қырылып, жұтап қалады, кісілері өлуге айналып, сенделіп шығады. Жаз шыққан соң жаңбыр көп жауып, шөп қалың шығады. Өткен қыстан сабақ алған қазақ қалың шыққан шөпті шауып алып, пішен қылып үйіп қоюға мойындары жар бермейді. Бұл неліктен?  Әрине, жалқаулықтан. Қыстың келетінін, пішеннің керек болатынын білмей отырған қазақ жоқ.

Шын мәнінде публицистика  әлеуметтік, қоғамдық, саяси мәні бар бүгінгі күннің көкейкесті мәселелерін көтеретін, көпшілікке сол кезеңдегі басты міндеттерді аңғартып, саяси-әлеуметтік оқиғалардың сыр-сипатын ашып береді. Қазақ журналистикасының әйгілі теоретигі, профессор Тауман Амандосов бұл жанрға қатысты ойын былай сараптаған:  «Публицистика  әр түрлі жағдайда  әр түрлі мәселе көтеріп, әр түрлі міндеттер шешіп отырады. Бір жағдайда, нақты бір фактіні хабарласа, екінші бір жағдайда, үздік тәжірибе туралы баяндайды, үшінші бір жағдайда теориялық жайларды түсіндіріп, оның өмірлік мәнін  ашып беру керек немесе нақты бір адам туралы жазуға да тура келеді».

Бұл жерде публицист көтеріп отырған мәселесінің теориялық жайларын түсіндіріп отыр. Және өте қарапайым тілмен түсіндіреді. Оны оқыған адам басын ала қашып, мәселеден тайқып кете алмай қалуы мүмкін. Себебі, публицистің айтып отырған әңгімесімен қарапайым қазақ тірліктің тарам-тарам жолында әр кез кездесіп отырады.

«Бүтін дүниеге керек болған еңбек қазаққа неге керек болмады? Қазақ неге жалқау болды?» деген сұрауларға «Тамақ тегін болды» деген қысқа ғана жауапты бергім келеді. Кісінің еңбек қылуға еріксіз айдап тығатын күш тіршілікте керек болатын нәрсеге мұқтаж болу; қазақ бұрын ондай күшті көрмеді, жері кең болды, малы жаз бойы жайылып, күз жайлап қалатын семіз болды. Мал өте семіз, жер борсылдақ қорық болған соң жұт та сирек болды. Малдың сүті, еті – тамақ; терісі, жүні – киім; тезегі, қиы – отын болды. Тек малды бір-екі кісі ғана бағуға жарады. Өзгелері жатып ішер болды.

«Публицист өз шығармасын қоғамдағы адамдардың қалың тобына арнап жазады. Ал мұның өзі шығарманың өзіне тән мазмұнын, пішінін, әдіс тәсілін талап етеді. Бұл ерекшеліктер публицистиканың функциясымен, оның қоғам өміріндегі жалпы атқаратын рөлімен тығыз байланысты».

Әрине көсемдердің айтқаны үнемі шындық бола бермейді. Бірақ кейбіреуі нысанаға дөп түсіп жатады. Мұхаметсәлім Кәшімов көтеріп отырған мәселесін әлем ойшылы жалпы жұртшылыққа түсіндіреді. Адамның қозғалысқа тап болмауы, күпірліктің отын маздатып жібереді екен. Егер қазақтың бойындағы атаққұмар, мақтаншақ, көре алмаушылық қасиеттерді айыптап жатсақ, оның салдарын жалқаулықтан іздегеніміз дұрыс шығар. Бұл хақында публицист әлдеқашан айтып кетсе керек. Қазақтың еркегі жалқау, еріншек, еңбексіз дедік. Бұл сөзіміздің ішінде пікір иесі оқығандары да бар. Жалқаулық, салақтық, еріншектік ісінің жанымен  бірге .. айтылады деп айтуға болмайды. Олай болса да сіңісті мінездің кейін бір аурудың тұқым қуалап, мирас болып қалатыны бар. Жалқаулық (жоғарғы себептер бойынша) қазаққа бөлінген сіңісті мінез болған. Сондықтан тұқым қуалап, мирас болып келе жатыр.

«Нағыз публицистикада әлеуметтік тәрбиелік ықпал жасаудың орасан зор күші бар, өйткені ол оқырманға, көрерменге, тыңдарманға дұрыс бағыт сілтейді. Адамдардың ақыл ойы мен сөздеріне әсер етудегі маңызды рөлді де атқарады». «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» дейтін дана қазақтың мақалы бар. Жалқаулық бабадан балаға ауысатын һәм жұғысатын кесел екенін көріп отырмыз. Бұқара халықпен қатар салақтық кеселінен пікір иесі оқығандарда айналып өтпеген екен.

Қазақтың зейіні таза, ақылы толық, ұғымы күшті, әдісі бар. Соның бәрін жалқаулығы жойып кетеді. Қазақ шәкірті сабағын ертең пысықтамақ болып жүре береді, кітабы түптелмейді, дәптері тігілмейді. Қазақтың оқыған кісілері үстелі нашар, қалам-сиясы жоқтау, қағазы бытыраған, бұрынғы қағаздары жиналып түптелмеген де, шығарып отырған газеттерінің нөмірлерін өзіне керек болса да іздеп таба алмайтын хәлге келген. Іс орнында бір сөзді жазып ала қояйын десе қалтасында қарындашы, яки дәптері жоқ – осы сияқты айтып бергісіз ұнамсыз істерді көресіз. Бұл неліктен? Оқығандарымыз сол істерді білмегендіктен, яки  салақтық мінездерінің салдары. Өзімен сөйлегенде желдей есетін ғылым иесі кісілеріміздің жазған кітабын үздіксіз істеп отырған жұмысын көре алмадық. Кітап осы күнде-күн басылмағанмен ілгергі күнге үлкен үміт беріп отырмыз ғой.

Жалқаулықты жан-жақты қамтып, өткір сынға алған басқа кіміміз бар? Бас салып мәселені бір жақты қарастыратын танымның саяздығы көсемсөздің өтімділігін жоғалтып жүр. Бұқара халықты сынаған кезде, оның жанына оқығандарды кім қосты? Публицист әр сөзін саралап, сынның мақсатын түсіндіріп отыр. Кеселдің басын әріден іздеп, берісін жөндеуге талпыныс керегін айтуда. Желдей есіп сөйлейтін шешендердің жазған, сызған бір кітабы жоқ. Бұрынғы қазақтың ауыздан ауызға тарайтын дағдысына салса керек. «Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды» деген мақал сол кезде туындаған шығар. Басылған бір кітабымыздың жоқтығына қармастан, ертеңгі күннен үміт күтіп отырмыз деген публицистің жан айқайын көріп отырмыз. Мәдениетке бетбұрыс жасаудың басы осы кезеңнен басталды. «Жұрт бүгіншіл, менікі ертең үшін» деп жазған Ахмет Байтұрсыновтыңда арманы ертеңгі күнге қызмет етті. Бұл топ қазақты жақсылыққа жетелейтін мүдденің қатарында болды. Публицист өткір сынның қорытындысы ретінде былай дейді: «Еңбекке бас идіру турасында айтатын қысқаша жобамыз: тегін тамақ болу әдетін бітіру, бір жұтым қымыз болсын, бір тостаған сорпа болсын еңбек арқасында ғана ішуге байлау. Ел арасынан жұмыс орындарын көбейту (мектеп, аурухана, жетімхана, астана салдыру, жол түзеу сияқты) міндетті жұмыстарын істету жолында темір тәртіпті, күшті әкімшілікті қолдану.Көп жылдан бері орыс төрелерінің табанында жаншылып езілген қазақ, жылдамырақ ел болғыларың келсе, еңбек туының астына жиналыңдар.

Қысқа жобаның астында үлкен жауапкершілік пен болашаққа деген сенім жатыр. Үлкен дейтін себебіміз бар. Астананы бір ғасырға таяу уақыт өткеннен кейін тұрғыздық. Кейбір шалғай елді-мекендерге баратын жолымызды әлі түзей алмай келеміз. Публицист айтқандай темір тәртіптің жетіспеуінен шығар. Сонымен қатар публицист оқу, білімге басымдық береді. Мұхамсетсәлім Кәшімовтың негізгі тақырыбы ағартушылық бағытты ұстанады. Ол әр басылымда жарық көрген публицистің бір мүддеге арналған көсемсөзінен көрінеді. Соның бірер мысалын «Оқуға» деген мақаласынан көріп отырмыз. Мақалада автор бұрын-соңды қазақ басынан кешкен халды айта келіп, ендігі жаңа заман тұсында бізге жаңа оқу керек, алысымызды жуық қылуға қатынас жолы керек дейді. «Бұған дейін өзін өзі билеген хандық дәуірді де өткіздік, жаумен жағаласып, ат үстінде өткен күн де болды. Бірде жауды жеңіп, олжаға қарық болсақ, бірде жеңіліп шұбырынды болдық. Ресейге де отар болдық. Енді, міне, бостандығыңның басы – автономия бар. Осы автономияны көркейтуге білім керек» деп толғайды. Одан әрі қарай оқу ісі мен қатынас жолын қалай жүзеге асыру туралы ойларын ұтымды дәйек, ұғымды дәлел арқылы тереңнен талдап түсіндіреді. Публицист өз кезеңіне ықпал жасай алмады деп айта алмаймыз. Егер бүгін біз мәдениеттің жемісін көріп жатсақ, оның қалыптасуына ықпал еткен публицистер екенін ұмытпағанымыз абзал.

Бұл күнге шейін қазақ елі талай дәуірді басынан өткерді. Өз алдына хан болып, бір ауызға қарап, берекелі болған заманды көрді; көршілермен соғысып, көк темірмен құрсанып, жауынгер болған өмірді кешірді. Жауларын қуып, олжаға батып, тасқындаған күнді көрді. Жауынан таяқ жеп, үркіндікке ұшырап, үбіріп-шұбырып, табан терілері ағарып, зарыққан заманды кешірді. Бірлік-берекеден айырылып, бірін-бірі жаудай шауып, жесір, жебір қылған, сөз – білектінікі болған батырлар дәуренін өткерді. Өмірдің талқысына шаншылып, «төре» деген тоқымға бағынып, өз бастарын құлдыққа салған күндері болды.

Қазақтың басынан сан қилы тағдыр өтті. Тарих сахынасынан жойылып кету қаупі де сан мәрте төнді. Айтқаны бір жерден шығып ордалы ұлыс болды, бас-басына би болып, сайын далада сан мәрте өзара ұрыс болды. Соңы «төреге», орыстың құлдық бұғауына келіп бас ұрды. Бұл қапастан қалай құтылу керек? Автономияны атойлап шақырған кездегі жоспарымыз қандай болды деген сауалдардың жауабын іздеген публицист былай дейді: Дұрыс, Қазақстанда автономиялы жұмһұрият бар, жұмыс өте үлкен, өте көп. Ол жұмысқа керекті заттың біреуі де қазақтың өзінде жоқ. Енді қалай етпек керек?

Менің ойымша, азғана күшті көп жүкке тартып, шегіп тарта алмай жолда қалудан сақтанып, ең алдымен күшті молықтыру керек. Үкімет жүгін алып жүруге үлкен күш, әрине, ғылым күші. Бұл сөзге ешбір кісінің таласы жоқ. Надан әскер оқты кімге ататынын, не үшін ататынын білмейді. Жанды машинадан пайда шықпайды. Қанша күшке салып, ішкі тәртіпті оңдауға ниет қылынса да, мінез-құлқы бұзылған  түйсіксіз елден еңбек жанбайды. Шаруаның жайын, өмірдің қадірін білмеген соқыр елдің шаруасы, өнеркәсібі түзелмейді.Тазалықтың пайдасын түсінбеген, настық тұрмыстан жиіркенбеген халықтың денсаулығы сақталмайды. Түйсіксіздің қырсығы әлеуметтік, ортақшылдық өмірге жол бермейді. Бәрін қысқасынан айтқанда, өңкей жоқтықтың ортасында жасалған жас үкіметтің барлық жұмысына елінің надандығы көлденең түсіп, ілгері басайын деген аяғын кейін тартып, бөгет болып отырады. Үкімет жұмысқа кіріскенде, ең алдымен, ойланып қолға алатын жұмысы – оқу болуға тиіс.

Өзінің шамасын білетін адамнан үлкен үміт күтуге болады. Сол кездегі қазақтың күші аз екенін публицист сезінді. Орта жолда қалып қоймас үшін қазаққа күш қажет. Ол күш теңдесі жоқ ғылым жолы болмақ. Оқусыз адам қарңғылықтың төрінен әрі аспайды. Мәдениет түгілі, жекебасының тазалығын сақтау үшін де білмек керек. Бұқараның сауатты болуын көксеген көзі ашық, түйсігі терең қалам иесінің бірегейі Мұхаметсәлім Әбдірахманұлы болды. Алаш автономиясының ұзақ ғұмыры үшін аянбай тер төгу керек екенін мықтап ескертті. Дене еңбегінен шаршаған адамды екі-үш күннің ішінде тынықтырып алуға болады, ал ой еңбегінен шаршаған адамды айлар, тіпті жылдар өткеннен кейін бірақ тынықтыруға болады. Оқудың майданы қиын екенін бағамдауға болады. Оңай өмірде кездейсоқтық нәрселер ғана болуы мүмкін. Автономияны көркейту ісі қиынға соғатын оқудың күнімен ғана шешілмек. Ол көркейтудің жұмысын кімге тапсырымыз деген сауалға:

«Бұл уақытқа шейін қазақтың оқығандарына үкімет міндеті турасында айтылған сөз жоқ. Бұдан былай іс жүзінде болсын, пікір жүзінде болсын үкіметімізге көмектес болып, бұйырған қызметіне дайын болып тұру бәріміздің адамшылық борышымыз. Оқу турасында үкіметтің есіне салып кететін пікіріміз мынау: ең алдымен оқу жұмысына ісшең, ғылымды, таза күшті жинау керек. Оларды жинау күш жолымен болмай, ынтасын тарту ретімен болу тиіс. Бұл уақытта тұрмыс қымбаттаулы, сондықтан оқу жұмысындағы кісілердің айлығын, тамағын, киімін толық етіп беру керек.

Бұл өмірдің берген сыйы үшін бәріміз қарыздармыз. Бір данышпан: «нағыз адам жер бетінде өзін қарыз адамдай сезінеді, әйтпесе ол масыл ретінде сезінуі тиіс еді» депті. Үкіметке іс жүзінде болсын, пікір жүзінде болсын көмектесуді публицист оқығандардың, оның ішінде өзінің де қарызы санайды. Себебі автономияның артында қазақтың елі, жері һәм бостандығы бар. Осы мүддеге оқығандар мәжбүрлікпен емес, өз ынтасымен атсалысқанда ғана жетістікке жетеді. Ол үшін оқығандардың, ағартушы бағыттың өкілдеріне айлықты аямай беру керек. Себебі оқу жұмысы – ең  қиын жұмыс; таза, қасиетті жұмыс. Оқу жұмысындағы кісілерге халықтың қажеті, ісі түспейді. Сондықтан олар тұрмыс жүзінде басқа халықпен байланысы болмай, өзіне тиген сыбағасымен ғана күн көреді. Әкімшілік, судьялық һәм басқа жұмыстағы кісілерге жұрттың ісі көп түсіп, жалынышты болады. Олар тұрмыс жүзінде халықпен араласып, мұқтажын түгелдеп отырады. Оқу жолындағы жігерлі, ісшең жұмыскерлердің бәрі де өмір толқыны, тұрмыстың талқысымен басқа қызметке кіріп кетіп оқу жағын ақсатып тастайтын себебінің үлкені осы.

Публицисттің көпшілікті шақырып отырған мақсатына қызыға қарайсыз. ХХI ғасырда ғалымның жағдайын жасау керек деп оянып жатқан шағымызда, мәселенің көп уақыт бұрын көтеріліп кеткенін көріп отырмыз. Кешегі тарих бүгінгі күннің көзқарасымен талқыға түседі, дұрысы мен бұрысы ара жігінен көрініс береді. Ой еңбегімен айналысатын адамдардың тұрмыс тартысына араласуы, істің кері кетуіне әкеліп соқтырады. Басқа қызметке кіріп,  сананы тұрмысқа билетеді. Публицистің бұл айтқан мысалына біздің бүгінгі ахуалымыз айқын дәлел бола алады. Публицистиканың дәуір үні деп айтылудағы мәні осында шығар.

Қазақ үшін істейтін жұмыстың тармақтары өте көп екені рас. Бәрінің де өте қажеттігі және рас. Олай болса да (жоғарыда көрсеткен себептер бойынша) бәрі де оқуға келіп тоқтайды. Қағаз бетіне жазылған әдемі сөзді малданып, мекеменің үстеліне сүйеніп отырғанға мәз болмай, бүгіннен-ақ іске асып, жеміс беретін, емін-еркін қолдан келетін жұмысты қарау керек. Ол жұмыс – оқу жұмысы! «Публицистикада  автор мен оқырманның ашық әңгімесі айтылып отырған оқиғаға байланысты автордың көзқарасы мен сезімі  ашуы, таңырқауы, қуанышы, реніші айқын білініп отыруы керек».

Оқу жұмысы қиын екені белгілі, бірақ оған қазақтың жағдайы емін-еркін жетеді. Бұны публицист қуанып айтып отыр. Екпін түсіріп, көптің қамына шақырып отыр. Қоғамға үндеу тастап, өзіне анық сендіріп тұр. Оның мақсаты: Бізге автономия берілді. Бізге орыстармен теңдік, құрдастық құқығы (правосы) берілді. Біз ұмытпайық, бір нәрсенің берілуі бар, алушының берілген нәрсеге ие бола білуі бар. Біз қазақ берілген жұмһұрияттыққа, құқыққа ие боларлық халге жеткеніміз жоқ. Берілген құқықты алмай қоюдың реті тағы жоқ. Бұл құқыққа ие болатын зат жалғыз –оқу. Осы құқұғымыздан айырылмайық деген ойда болсақ, барлық таза күшті оқуға жегу керек. Қазақтың оқығандарының билігіне мойынсұнатын мезгіл жетті. Кісінің ары қандай дәреже алу, қандай ұлықтық көрсету, кімдерді бас идіру жағын айтпайды. Ақ жүрек, таза қызмет, шындық жағына бұйырады. Әрең бұйырған жұмысы оқу жолындағы қызметтен түгелімен табылады.

Бұл ретте «алмақтың да салмағы бар» деген деген қазақтың даналығына үндес публицистің ойы жатыр. Автономияны алу қаншалықты қиын болса, оны баянды етіп қолда сақтап тұру одан да маңызды. Құлдық санаға бой алдырып үлгерген халқымыз бостандыққа дайын болмаса да, оны алудың реті туды. Өзіміз білмегенді, оқығандардан үйренуден басқа амал жоқ. Оқу жолындағы қызметтің етегінен ұстап, жүрер бағытына бағдаршам етуді мақсат еткен публицистің кешегі арманы бүгін орындалып келеді. Ғаламның құпия кілтін ғылымның жетістігі игілігіне пайдаланып үлгерді. Соны ел ішінен ерте көріп, насихаттағандардың бірі публицистің өзі екенін көріп отырмыз.

Еңбекшіл қазақ елінің буыны қатпаған жас хүкіметі, тапталған, жаншылған, надандық тұзағына шырматылып байланған қазақ елі қуанған жүрегімен, жанарланған көздерін сендерге қарай тігіп, надандық қақпанынан босатып алуларыңды күтіп отыр.

Ылғи жоқтықтың ішінде қақалған қазақтың бірінші жас үкіметі, жауапкер жұмысың үлкен, жүгің ауыр. Оқусыз, қатынас жолсыз ешбір жұмыс ілгері баспайды. Үлкен күш оқуға, қатынас жолға!

Қазақ елі оқығандардан ғана үміт күтеді. Надандық тасасынан елді құтқаратын солар. Жаңадан отау құрған жас үкіметтің іргетасын қалайтын күш оқу екенін публицист шегелеп айтады. Жалпы қоғамдық сананың дертін тауып, дауасын айту публицистиканың басты міндеті болып табылады. Қоғамның мұңы уақытына байланысты алмасып отырады, оның бірдей болуы шарт емес. ХХ ғасырдың басы қазақ үшін ең ауыр кезеңге тап болғаны белгілі. Көшпелі жұрттың барлығы мәдениеттің есігін ашып, оқуға талпынып жатқан кезде біз бұрынғы қалпымыздан алшақтай алмай қалдық. Бір орнында тұрып қалып, ағысын тоқтатқан топан судай күй кештік. Елдігіміз құрбан болғалы тұрған шағында ерлігіміз араша түсті. Орыстың ойшылы Клочков айтқандай, «қазақтың 500 оқығаны» бұқараға жөн сілтеді. Біздің заман жазу заманы деп газет-журнал арқылы ағарту ісін мұрат етті. Жалқаулықтың құтын қашырып, кереңнің құлағын емдеді. Жүектің жарасын қозғап, істің ашығына көшті. Публицистің баспасөз беттеріндегі танымдық һәм тағлымдық көсемсөзі бұл сөзіміздің қолдаушы серігі десек артық айтқандық емес.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға