Жаңалықтар

Мұхаметсәлім Кәшімов публицистикасының ерекшелігі

Қазақ әдебиетінің кемеңгері
Мұхаметсәлім Кәшімов публицистикасының ерекшелігі
08.09.2017 10:39 2761

Кәшімов Мұхаметсәлім – ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ әдебиеті саласында қалам тартып, тәрбиелік мәні бар бірнеше кітаптар жазған, қазақтың тұңғыш журналы «Айқапта» қызмет етіп, қазақ қоғамының көкейкесті мәселелеріне қатысты мақалалар жазған ақын, жазушы, журналистеріміздің бірі. Кеңестік-тоталитарлық жылдарда Мұхаметсәлім Кәшімовтың қоғамдық-саяси тұлғасы арнайы зерттелінген жоқ. Сондықтан ол туралы мәліметтерді ХХ ғасыр басында жарық көрген «Айқап» журналына жарияланған шағын мәлімет пен оның тікелей мақалаларынан аламыз.

М. Кәшімов 1911-1914 жылдар аралығында осы журналдың меншікті тілшісі болып, журналға 30-дай әртүрлі мәселелерге арнап мақалалар жариялаған. Оның агенттігін растайтын хабарлама фотобейнесімен қоса «Айқап» журналының 1913 жылғы 8 санында басылды. Онда «... біз Кәшімовтың өз кісіміз екенін білдіреміз һәм жұртқа анық танысу үшін хабаршымыз. Кәшімовтың мінеки портретін (ресімін) түсіріп көрсетеміз» деп көрсетіледі.  Бұл деректі сонымен бірге әдебиеттанушы ғалым Т. Кәкішевтың тұжырымы да растай түседі. Ғалым өз еңбегінде «Айқаптың» қырғыз-қазаққа ортақ басылым болғанын пайымдай келе: «Қырғыз ұраны алаш болғанымен үш жүзге қосылмайды, сонда да журналымызды қазақтың біріндей оқып түсінеміз. Саяси, тіршілік халдеріміз бір болғандықтан әңгіме-насихатымызды бек сүйеміз дер қырғыз халқының өмірінен жазып тұру жайында тілек білдірілген. «Айқап» осы тілекті елеусіз қалдырмады. 1912 жылдың аяғында өзінің тілші агенті, саяхатшы Мұхаметсәлім Кәшімов Жетісу, Қытай қазақтарын аралап, қырғыз елінде болып, бірнеше жолсапар очерктерін жазған болатын. Сондай-ақ  татар, башқұрт елінің зиялылары да журнал жұмысына араласып, өздерінің хат-хабарлары мен мақалаларын бастырып тұрды» деген дереккөзін қосып, ойымызды одан әрі нықтай түседі.

М. Кәшімовқа қатысты кейбір ғылыми әдебиеттерде толықтай болмаса да дүниеге келген жылы мен шығармашылығына қатысты шағын мәліметтерді кездестіруге болады. Мәселен, 1974 жылы шыққан Қазақ Совет Энциклопедияда М. Кәшімов 1884 жылы Көкшетау облысында дүниеге келіп, 1935 жылдарға дейін өмір сүрген, бірнеше кітаптардың авторы болғандығын жазса, ал 1999 жылы жарық көрген Үшкөлтай Субханбердинаның «Қазақ халқының атамұралары» кітабында да осы мәліметтер келтіріледі. Сондықтан бізге оның өмірінің 1915 жылға дейінгі қызметі ғана белгілі, яғни соңғы Қытай еліне сапары мен «Айқаптағы» қызметтен шығуы. Мұхаметсәлімнің «Айқап» журналындағы қызметтен босатылуы туралы шағын хабарлама 1913 жылдың 21 санында жарияланады. Алайда ол 1915 жылға дейін «Айқапқа» мақала, очерктер жариялап тұрады.

Тұлғаның шығармашылығы туралы аз-кем пікірлердің бірінде әдебиеттанушы М. Жармағамбетов былай деп ой түйеді:

«Әрі ақын, әрі жазушы М. Кәшімовтің творчествосы күні бүгінге дейін ХХ ғасыр басындағы әдебиетке арналған зерттеулерде шолу тұрғысында ара-тұра аталғаны болмаса, арнайы сөз етілмей келді. Оның «Сұлу қыз» (1905 ж.), «Мұңлы Мәриям» (1914 ж.) атты туындылары мен бала тәрбиесі, этика, мораль тақырыбына жазылған бір топ кітаптары («Ақыл кітабы» 1907ж., «Әдеб» 1907ж, «Үгіт» 1907ж, «Насихат қазақия 1908ж,) сол кездегі әдебиетіміздің даму тарихына елеулі үлес қосқан шығармалар болды. Алайда М. Кәшімовтің дін-шариғат қағидаларын баяндайтын «Шын иман ва хақ исламны баян қылған ихтиқад» (908ж.), «Таһарат қалай алу керек» (1908ж.) деген кітаптары оның дүниеге көзқарас, танымындағы кейбір кереғар қарама-қайшылықтарын да ашып дәлелдейді»Соңғы кездерде журналистің өмір жолдарына қатысты жазылған мақалаларда оның ауыл мектебінен сауат ашып, артынан Қазан, Уфа қалаларында оқуын жалғастырғандығы, 1917 жылы Көкшетаудағы Алаш партиясы комитетіне мүше, кейінірек басшы болып, Алаш идеясын жүзеге асыруға белсене кіріскендігі жөнінде мәліметтер келтірілген. Кеңестік жүйе нық орнаған кезде 1928 жылы алашордашы ретінде қуғындалып, абақтыда отырса керек. 30-жылдары ұстаздық қызмет атқарып, Ташкентке қоныс аударыпты. 1934 жылы Ташкентте бір мектепте сабақ беріп жүрген кезінде қайта ұсталып, Қазақстанға әкелінген. 1935 жылы Қызылжар қаласындағы түрмеде қайтыс болады.  

М. Кәшімов келер ұрпақтың, яғни, қазақ баласының оқуға міндетті екендігін өзінің «Әдеп» атты кітабында өлең  жолдарымен нақтылап айтып кеткен. Кәшімовтың мерзімді баспасөзге қатысқан мезгілі Ресейде орын алған саяси-әлеуметтік өзгерістермен тұспа-тұс келді. Баспасөз өзі жарыққа шыққан кезеңнің экономикалык, әлеуметтік, саяси жағдайларының айнасы, шежіресі екенін ескерсек, осы кезеңдегі қазақ зиялыларының негізгі мұраты –Ресей империясындағы мемлекеттік құрылым жүйелерінің ауысуын өз пайдасына шешіп, отарлық езгіден әбден сирағы шығып күйзелген ел-жұртының көкірек көзін ашу, халқының еңсесін тіктеу болды. Мұны сол кезеңдегі баспасөз беттерінен анық байқауға болады. Аумалы-төкпелі заманда ұлт жанашырлары саяси тізгінді берік қолға ұстап қалудың амалын қарастыра жүріп, бостандық жолындағы күрес халықты сауаттандырудан басталатынын жақсы түсінді. Осы орайда, қазақ білімінің негізін қалап, жалпы жұртқа жария етудің жай-жапсарын жүргізген шоғырдай аз тұлғаның бірі – Мұхаметсәлім Кәшімов деп ашық айтуға негіз бар.

Шет жайлап, төрт түліктің соңын қуған және саяси режимнің құрбанына айналған халқымызға ұлт зиялылары оқу-ағарту қасиетін мықтап ұқтыруға тырысты. Мұндай көшбасшы сананың ұлдары ұлттың сүт бетіне қалқып шыққан ұйытқысы еді. Ал, кешегі кеңес идеологиясы бұқара жұрттың бой түзеп, бас көтеруінен қаймығып, қазақ оқығандарын түрлі әдіс-амалдармен аяқтан шалды. Сол заманда газет халықтың бары, ұлт ретінде жұбаныш жасайтын жаны болғаны белгілі. Көсемсөздің күшін қару ретінде қолданған басқа да басылымдармен қатар, «Айқап» журналында да өзекті мәселелер тізбегінің көш басында жер мәселесімен қатар оқу-ағарту жайы тұрды. Басқа сұрақтың соқпағын қуып, ізіне түсудің ол кезеңде реті жоқ еді. Мәселен, «Айқап» бетінде 1911 жылдың 9 ақпанында «Қалай оқытамыз?» деген материал жарық көрді. Бұл мақалада автор сол кезеңнің тыныс-тіршілігі мен оқу және оқыту ісіндегі кедергілерге сипаттама береді:

«Оқу жұмысының шабандығы, қолайсыз істің жамандығы мәлім. Әсіресе, мектептерде балаға оқытатын құралдың жоқтығы, сынып (бөлім) пен баланың көптігі қайран қалдырып, есті шығарды. Кей мектептерде бала 50-60-тан асады, сынып 4-5 болады. Ондай мектептерде мұғалім біреу-ақ. Осымен баланың оқуы өте көңілсіз, шұбалаң соғады. Оқитын уақыт 4 сағаттан артық емес. Баланың көбінен, сыныптың көбі қиын. Сыныптың көбеюі, мәселен,былтыр әліппеден шыға алмай қалған бала, оның үстіне биыл мектепке жаңа түсетін бала тағы болады. Екінші, үшінші оқып, 4-5-шіге аяқ басқан балалар да болады. Біріншінің өзі анадай неше бөлек. Осының бәрі бір-ақ мұғалімде болады. Үшіншіден бастап, тарих, жағырафия, жаратылыс һәм сондай тиісті оқулар керек. Оған даяр кітап жоқ. Жеңілдеп жазып оқытуға қағаз-қарындаш керек. Оны алуға шама керек. Шамасы болса да шығынға жоқ».

Осылайша, оқу-ағарту саласындағы мәселенің шығу тарихы мен себеп-салдарын түгел тізеді. Әрбір сөзі дәйекті болуы үшін нақты цифрларды көрсетіп, оқудағы тапшылықты дүйім жұртқа паш еткен. Қазақ даласында оқу-өнерге қызығып, талаптанатын балалардың саны артқанын айта келіп, енді сол өскіндерге толыққанды білім беруге міндеттіміз деген ой тастайды. Бұл істе кемшіліктердің орнын толтыруға барша оқыған зиялы қауым өкілдері атсалысып, оқу құралдарын шығаруды қолға алу қажеттігін ескертеді. Бұрын білімсіз-ақ күнелткен халық, баласының оқуына шығын шығарғысы келмейтіндігін күйіне көтеріп, жергілікті жұрт арасында түсіндіру, білім-ғылымды насихаттау жұмыстарын жүргізу қажет деген ой түйеді. Автор мұнан әрі өз ойын былай сабақтайды: «Тарих жүзінде қандай ғана мәдениеті ілгерілеген жұрттардың жүрген ізіне, басқан қадамына көз салсақ, немен алға басып, қалайша жоғарылап, күшінің молайып отырғанын айқын көреміз. Бұған жеткендігіне жалғыз-ақ жол себеп болды. Ол не жол? Оқу». Толық еркіндікке ие қоғам ғана сол оқу-ғылым жолына жұмыла кірісетіндігін, оқуға, ізденуге ынталы болатындығын тілге тиек еткен қалам иесі халық ағарту есігін жалпыға бірдей ашық етудің орнына, ұлттарды бөле жарып, халықты қараңғылық құрсауында ұстаған ескі заманды сынға алады: «Патша үкіметі еш уақытта ұлт теңдігін берген жоқ. Жіліктің майлы басын өзіне тартты. Әлсіз ұлттарды күн сайын езе берді. Қазақтың ішінен халық ағартам деп шыққан бірлі-жарым басшыларды түрмеде шірітті. Халықты оятарлық, өзіне рух, жүрегіне сезім берерлік сөздерді жазғызбады; кітаптарды таратқызбады; ел арасына тәуір мектеп, школдар ашуға рұқсат етіп, жәрдем бермеді». Ұлт теңдігі сақталмаған империяда, халқы аз мемлекеттердің мүддесі тапталғаны, ілім-білімді санасына дарытуға асықпағаны сөз етіледі. Хакім Абайша айтқанда, өзін зор, өзгені қор тұтқан патшалық билікте, қазақ оқып, өз алдына ел болып кетеді-ау деген қызғаныш пен үрей басым болды. Осы тұрғыдан келгенде публицист пікірі қай заманда болмасын ноқтасыз ойлауға деген бетбұрыс болатын. Ақылы от жағу мен мал бағудан әрі аспаған, асса да мүмкіндігі шектеулі болған қазақ жастарының тағдыры Мұхаметсәлім Әбдірахманұлын алаңдатпай қоймағанын көреміз. Публицист тіршіліктің керекті түрлі құралын тізіп шығады да, оның мағынасын жан-жақты талдайды. Осы мақсаттың төңірегінде ой қозғай келе, көтерілген мәселенің себеп-салдарын одан әрі былайша өрбітеді:«Міне, сөйтіп, қазақ елі мүлдемге қараңғылықта қалып, жастары мал бағу, от жағудан басқа ешнәрсеге жарай алмады. Біздің қанымызды сорып, сүлік болып, жалмауыздар қожалық құрды. Қазақ елі қараңғы болайын, қатардан кейін қалайын, оқу-ғылымға ұмтылмайын, мектеп-школ салдырмайын, баламды оқытпайын дегені жоқ. Қорытындысын айтып келгенде патша үкіметінің сұм саясаты, дүние обырларының салған кесірі, қазақ даласына жайған уы мұның бәріне қазақты қарсы қылды, оқу-ғылымнан алыстатты. Көзін бояды. Арасына әрекет жүргізді. Күннің көзін перделеп көрсетпеді. Саясат ауылын жасырын сыр қылып ұстады».

Саясаттың көрінбейтін қырларын, оқырманға түсінікті етіп баяндай білген мақала авторы сол кезеңдегі өткінші мүмкіндікті пайдаланып қалуды халықтан сұрайды. «Айқап» журналы сол тұстағы көкірегі ояу оқығандардың ашық мінбері болғандықтан қалам қайраткерлерінің көзқарастары астарлы түрде жеткізілген. Өйткені патшалық үкіметтің сөзі өтіп, билігі жүріп тұрғанда тікелей айтудың пайдасынан гөрі зияны көп еді. Жоғарыда айтып өткен «Қалай оқытамыз?» мақаласында да Мұхаметсәлім Кәшімов: «Адам баласының тіршілігі, алдындағы бақыты, мәдениетті ел болуы, қатарлы санға қосылуы бәрі оқу-ғылымға, оқумен табылған өнерге байлаулы екенін ашып алдымызға салды. Ал, қазақ ауылдары, есеңді селге жіберме. Өмір өтіп барады, түйеше қалқайған бойыңа сеніп, бармақтарыңды шайнап, өкініп жүрмеңдер! Талаптан, сілкін, көздеріңді аш! Ұмтыл оқуға, қатарға жеткізетін – оқу, бәрі оқумен табылды. Сонда толық үлесіңді аласың,» – деген ұран тастайды. Бұл мақсұт аяқсыз қалмастығына, келешекте іске асу ойына үлкен үміт, зор сеніммен қарайды.

Бұл тұрғыда автор газет-журнал ісін, оның қоғамдағы алатын орнын дұрыс пайымдағандықтан, баспасөзге үлкен мән бергені байқалады. Журналбеттерінде мәдени өмірдің түрлі саласынан танымдық хабарлармен қатар, жергілікті тұрғындардың үлгілі істері жөнінде қызықты деректер басылды. Сондай-ақ, өнер-білім, өркениет мәселелері де үзбей жарияланып тұрды. Әбдірахманұлы сол кезеңдегі әдеби орта жаңалықтарымен бөлісе отырып, өз деңгейінде әдеби шығармаларға қатысты пікірлерін аңдатып отырды. Жарыққа шыққан шығармалар мен олардың негізінде қойылған сұрақтар арқылы халықтың көкірек көзін ашуды, санасын оятуды көздеген.Қоғамның мәдени тұрмысына қатысты бірқатар түйткілді мәселелер қозғалғанымен, кейде автор сөз ұшығын түймей, шешімді оқырманның өз еркіне қалдырған. Десек те, көп ретте басылым беттерінде жарық көрген материалдарда қоғамдық өмірге қатысты дертті толғаныстарын бейнеледі. Әр мәселеге жаңаша көзқараспен келіп, оның шешімін табу жолдарын және негізгі мақсатқа жетер нақты қадамдарды санамалап көрсетуге тырысты. Бұл бос сөзден нақты іске көшуді мақсат еткен сол заманғы қоғамның көзқарасын білдірсе керек. «Айқапта» жарияланған бірқатар материалдарда жүзеге асқан жемісті еңбек пен игі бастамалардың мән-жайын ашып көрсету арқылы халықты толыққанды ақпаратпен қамтуға ұмтылыс байқалады.

Автор көсемсөзінде халықты оқуға шақыру, кітаптың артықшылықтарын, кітаппен суарылған жұрттардың өркениетте көштен қалмайтынын дәріптеді. Кітап оқудың қажеттілігі мен пайдалылығын насихаттаған автор жазбаларыныңбірінде: «Кітап оқу деген пайдалы, қызық нәрсе. Жолдассыз оқуда жолдас болады. Көңілің жабырқаңқы, қайғыланған уақытта көңілді ашады, шаттандырады. Бұрынғы заманда нелер болған, үміттер қандай, ақылды кісілер қандай? Солардың бәрін көзге көрсетуші аз бағалы, көп пайдалы нәрселер. Соның үшін кітаптар алуға сараңдық қылмай, кітап алып тұрыңыздар». Дегенмен автор кітаптың барлығын бірдей оқу керек деген ұшқары ойдан аулақ болған. «Кітаптардың кейбір еш пайдасыз жазылғаны да бар. Ондайға ғұмыр өткізбей пайдалысын оқуға керек» деген де ұтымды кеңесін қосып айтады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға