Жаңалықтар

Мұхамедия әкеміздің естеліктері

Ел іші - өнер кеніші. Мұхамедия Төлеуханұлының тамаша естеліктері. 
Мұхамедия әкеміздің естеліктері
27.09.2018 20:27 6762

«Ел іші – өнер кеніші» деген мақалдың шындығына ел аралаған сайын көзім жете түседі.  Ауылдық жерлерде таңды таңға ұрып әңгіме айтатын кісілер әлі де жеткілікті. Тек, оларды дәл таба біліп,  тетігін дәл баса білсең болғаны. Даланың дархан шалдарының жұрнағын көріп қалған  осындай адамдармен әңгімелесудің өзі бір ғанибет. Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Талдыбұлақ ауылының тұрғыны Мұхамедия Төлеуханұлы осындай санаулы адамдардың бірі. Ендігі сөзді  Мұқаңның ауызымен айтсақ.

«Қазақта  «Сырттан» деген тамаша сөз бар. Қасқырдың сырттаны, иттің сырттаны, жігіттің сырттаны екен деген теңеулерді әредік әңгімелерден естіп қаламыз. Мен саған сырттандар жайлы бір-екі әңгімені айтып берейін. Бірінші естелігім қасқырдың сырттаны мен жылқының сырттаны жайлы болсын. Жылқыда сырттан болмайды дерсіңдер. Арғымақ десең де, сәйгүлік десең де жарасатын аттар болады ғой. Қазіргі әңгімеме арқау болатын жылқы да сондай сирек жануардың бірі жайлы.

Атам марқұмнан естіген әңгімемді айтайын. Атам жас кезінде нағашыларына Қаракесек Қозыбақ жұртына қонаққа барыпты. Жас болғанда да 12-13 жасар кезі болса керек. Бірнеше күн жиендік құырып, сол елде дамылдап жатыпты. Нағашылары «Жиен, қайтар күнің жақындап қалды. Не қалайсың?» деп  сұрастыра бастапты. Атам нағашыларының жүйрік күрең атына көзі түскенін айтады. Бұл күрең бір рулы елдің бағына біткен, маңдай алды жүйрік болса керек. Ол жақтың да сән-салтанатын келістіріп жүргісі келетін жастары бар. «Жиен күреңді көздеп жүр екен» деген әңгімені естіген олар бұл таңдауды жақтырмай қалыпты. «Бермейміз күреңді. Жиен болса не болыпты? Қайдағы бір боқмұрын балаға Күреңді беріп жіберіп қарап отырамыз ба? Алсын ана көк айғырды, қарагерді үйірімен қоса алсын» дегендей сөздер айтыпты. Ол кездің үлкендері дәстүрге, салтқа берік қой. «Жиеннің наласы жаман болады» деген сөзден қорыққан нағашысы жиеніне Күрең атты берудің амалын іздей бастайды. Арада екі-үш күн өткенде жиеніне тақалып «Балам, бүгін түнде ел түгел ұйқыға кетті-ау деген тұста Күреңді мін де қаш. Қусаң жететін, қашсаң құтылатын жануар ғой. Қидым саған Күреңді» дейді. Содан атам түн ортасында белдеуде тұрған Күреңді мініп, ауыл иттерін шулатпай жай ғана аяңдап ауылдан ұзаңқырап барып, өз ауылын бетке алып тұра шабады. Сол күні ай жарық болса керек. Таудың асуына кіре бере алдымнан қып-қызыл екі шоқ көрінді деп атам марқұм бұл әңгіменің майын тамызтып отырып айтушы еді. Содан, әлгі шоқ жақындай түседі. Астындағы аты да осқырына бастайды. Сол кезде атамның есіне үлкендер айтып отыратын қасқырдың сырттаны жайлы әңгіме түсе кетіпті. Қасқырдың сырттаны анау-мынау аттылыдан қорықпайтын, қажет деп тапса ат үстіндегі адамын аударып тастап, атын жарып кетеді деп үлкендер талай мәрте айтып отырғанын естіген бала тауды қиыстай шаба жөнеледі. Шоқты жанамалап өте бергенде байқадым. Тайыншадай дәу қасқыр екен. Ол да  көлденеңдеп тұра қуды дейді. Күреңге қамшыны баса бергенім есімде, қасқыр қуып келеді ме, қалып қойды ма білмеймін, таң қылаң бергенде ауылға жете бере есімді жидым деп атам марқұм айтып отыратын.

 Омар деген әкеміз болыпты.  Кәдімгі күйші Сайдалы Сары Тоқаның аталас туысқаны. Екеуі немере туыс. Сол Омар әкеміз жасында құрығы жоқ, сойылы жоқ, жәй ғана қамшымен келе жатқан ғой. Ол кезде аң да , адам да, жылқы да ұсақталмаған кез ғой. Омкеңнің отыз-отыз бестегі кезі болса керек. Алдынан тайыншадай дәу қасқыр кезіге кетіпті. Алдынан шыға келген адамнан ол жарықтық та ықпай, ырылдаған күйі атылған екен. Омкең де қасқырды құлағынан ұстаған күйі аттан қасқырмен қоса ұмар-жұмар құлап түсіпті. Содан саптамасынан кездігін суырып алайын десе қолы қасқырдың құлағында қарысып қалса керек. Не істемек керек? Бұлай жата берсе қасқыр күш ала бермек.Қасқырды бар күшімен өзіне қарай тарта бастайды. Сөйтіп, қасқырдың қара тұмсығы ауызына жақындады-ау деген кезде «қырш» еткізтіп тістеп, тұмсығының терісін тісімен сыпырып алып, қансыратып  өлтірген екен. Бұл жігіттің сырттандығы ғой.

Бекеш деген әкеміздің ауызынан естіген әңгімемді айтайын. Ол кісілер Қытай жақтан алпысыншы жылдары келді ғой. Оқиға Қытайда болған. Бекеңнің палуан досы болған екен. Бір күні тауда әлгі досы аюмен кезігіп қалады. Аю адамнан қашпастан, тұра ұмтылып екеуі сол жерде алыса кетеді. Абырой болғанда қалың киімнен тырнақтары өте қоймапты. Аюды алысып жеңбесін білген жігіт өтірік өлген кейіп таныта қалады. Адамды өлді деп ойлаған мақұлық жемтігін аяғынан сүйреп жарқабаққа қарай жақындай береді. Аю әбден құздың шетіне жақындады-ау дегенде әлгі жігіт ышқынып тұрып бар күшімен қосаяқтап теуіп жібереді. Сөйтіп, үлкен аюды жардан құлатып, өзі аман-сау қалған екен. Бұл да болса біздің жігіттердің  күшпен қоса әдіс-айланы меңгергендігін білдірсе керек.

Қазақ сөз қадірін білген, сөзге тоқтаған халық қой. «Аталы сөзге арсыз тоқтамас», «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш» деген мақалдар бізге бекер қалмаған ғой. Бірақ, қазіргі қазақ баяғы кейіпін жоғалтты. Ол замандар енді қайтып келмейді де. Жаңа заманға бейімделе білуіміз керек деп жатамыз ғой. Дегенмен, телебзірден күнде беріп жататын «Рухани жаңғыру» деген бағдарламаларың осы өткенімізді бір саралап алуды да қамтитын шығар? Артымыздағы жастар «рухани жаңғырсын» деген ниетпен тағы бір әңгімемді айтып берейін.

Сайдалы Сүгірәлі руынан Ақтау болысында болыс болған Мінәсіп, Тұтқыш атты ағайынды екеуі шалқыған бай болған. Бұл кісілер біздің арғы аталарымыз. Сол Тұтқыш бабамыздың Тәшім атты баласы болыпты. Өзі сәл иманмасылау адам болса керек. Иманмасы дегенді қазіргі жастар білмейсіңдер. Аңғалдау, әпенділеу кісілерді солай атаған. Қазір сендер «Қожанасырлау адам» дейсіңдер ғой. Тәшім сондай кісі болса керек. Аузына келгенді айта салатын, бірақ, сол сөзге зер сала қарасаң кәдімгідей салмағы бар дүниелер де болған. Елдер «Байдың баласы, жақсының тұқымы» деп ол кісінің сөзіне де мән беріп, аңдып отыратын болса керек. Сол Тәшім жанында жігіттері бар Телғозының Шоңының ауылына келіп, Шоңның үйіне түскен екен. Шоңның бой жетіп отырған қызы болса керек. Жақын маңайдағы беделді деген кісілердің барлығы Шоңмен құда болудан дәмелі. Тәшкеңнің Қанапия деген сол қыз құралпылас ұлы болса керек. Тәшімнің иманмасылығына қарап менсіне қоймайды ма әйтеуір мың сылтау айтып келісім бермей қояды. Шоңкеңнің Әйімкүл деген бәйбішесі «Қызымыздың жасауы дайын емес. Анаусы толық емес, мынаусы толық емес» деп маңайлатпай қойыпты. Шоңкең  сол замандарда жағдайы жетіп тұрса да жалғыз әйел алған адам екен. Тұстастары «Сен неге екінші қатын алмайсың?» деп келекелеген кезде «Сатпақ-сатпақ қылып бәлен әйел алғанша, аппақ қылып біреуін алған дұрыс» деп тоқтатады екен. Сол Әйімкүл әдемілігімен қоса ақылды жан болса керек. Әйтеуір, өздеріне ұнамаған адамды жәйлап шығарып салып отыратын болыпты.

Содан жылқыларды отқа қоятын мезгіл болыпты. Сол кезде Тәшім әкеміз «Ойбай, қара айғырдың бас асаулығы бар еді. Өзімнен басқа ешкімге көнбейтін» деп орнынан ұмтылып тұрмақ болады. Бай адамның жалғыз жүрмейтіні белгілі. Жанында кемі 7-8 жігіт жүреді. Шоң да «Мынаны қай жерден ұстасам екен» деп сөз аңдып отырса керек. «Ойбай-ау, Тәшке, отырсаңызшы! Мен де аю байлайтын жігітер бар» депті.  Жанындағы кісілер де Тәшкеңнің тізесінен басып, орныңызда отырыңыз дегендей белгі береді. Не керек, аттар отқа қойылады. Жатар мезгілде жанындағылар «Ойбай-ау, Тәшке, өзіңіз сылтауратып ұлыңызға қыз айттырып келіп отырсыз. Қара айғырыңыз не? Екі ортада сөз естіп қалдыңыз» дейді.

Содан ертесіне аттанарда  Тәшкең «Шоң, ертең жігіттеріңді менің ауылыма жібер. Ерулікке үш жылқы атадым» деп кете барыпты. Содан қосқа келіп, сол жердегі жігіттеріне «Ертең Шоңның жігіттері жылқы алуға келеді. Сендер жылқы ұстап беруші болмаңдар. Өздері ұстасын. Аттылы адамды алыстан көрсе безіп кететін қарагер биені, анабір шу асау көк биені, үшіншіге ана құла биені көрсетіңдер де жағаласпай тұрыңдар» деп тапсырма беріпті.  Сөйтіп, келіскендей екі-үш жігіт жылқыларды алуға келеді. Олар дайын жылқыны аламыз да кетеміз деген оймен келсе керек. Асауды қуатын, адамның ойын тақым қысысынан сезетін жылқы қуатын аттар жеке болады ғой негізі. Келген жігіттерге Тәшімнің жылқышылары «Мына үш биені алсын деген» деп өздері сырт айналып кетеді. Аналар олай қуғылап, былай қуғылап үш биенің біреуін де ұстай алмапты. Бұл әурелерінен түк шықпаған жігіттер Тәшкеңнің үйіне келіпті. «Тәшке, кеше Шоңкеңе үш  бие атаған екенсіз. Биелеріңіз ұстатпады. Жігіттеріңіз көмектеспеді» деген ғой. Сонда Тәшкең «Әй, Шоңдарыңа айта барыңдар. Кешегі аю ұстайтын жігіттерін жіберсін» депті. Соныменен Шоң да бие алмай, Тәшім де жылқы бермей бұл мәселе жабылып қалыпты.

Келесі жылы көктемде Тәшкең Шоңға тағы келеді. Сырғақтатып отырып баласына қыз айттыра келгенін айтады.  Әйімкүл тағы да әңгіменің ұшын сиырқұйымшақтандырып жібереді. Шоң Тәшімнің әңгімеге шорқақтығын біліп әдейі топ адамның ішінен Тәшкеңе бұрылып «Тәшке, әңгіме айтыңыз. Не көрдіңіз, не білдіңіз?» дейді ғой. Бұл көктемнің киік келіп жатқан мезгілі болса керек.  Тәшкең «Не көруші едім. Ақтаудан былай қарай киік келген екен. Біреуі қашады, біреуі қуады. Білмейм әйтеуір» десе керек. Анау мырс етіп күледі. Тәшім аттанып кеткен соң Шоң Әйімгүлге «Әй, Әйімгүл бағана Тәшімнің не айтқанын сездің бе?» депті. «Өй, сол әпендеңді қойшы. Киіктің қашқаны мен қуғанынан басқа не айтты? Сол әңгімесін екі қайталады. Байғұс әңгіме де білмейді. Бізбен құда болғысы келеді сықпытына қарамай» деген ғой әйелі.  Сонда Шоң «Әй, оның  қашқан киігі біз. Қуғаны өзі ғой. Ақыры тектінің ұрпағы емес пе?» деп Шоңкең әңгіменің нүктесін өзі қойған екен.

Мінекей, ел жаққа барып, осындай әңгімелермен сусап қайттым. Қазына кеуде қарттардың әңгімелерін біздерге жеткізуші осындай алтын көпір адамдардың әңгімесін жазып алып, ертеңгі ұрпаққа жеткізту біздің міндетіміз. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы болса керек-ті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға