Жаңалықтар

Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғауды күшейту туралы заң мақұлданды

Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғауды күшейту туралы заң мақұлданды
Фото: ҚР Сенатының баспасөз қызметі 26.05.2023 03:22 758

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Онда сенаторлар мүгедектігі бар адамдардың құқытарын қорғауды күшейту туралы заңды қарады. Сондай-ақ суармалы жерлерді пайдалану және су үнемдеу технологияларын енгізу жөнінде атқарылып жатқан жұмыстар жайында Ауыл шаруашылығы министрінің ақпаратын тыңдады.

Отырыс барысында Палата депутаттары «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Бұл Құжат Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға қосымша келісім болып саналады және аталған Конвенцияны іске асыру тетіктерін белгілейді.

Осы заң жөнінде пікір білдірген Сенат Төрағасы елімізде мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз етуге арналған әлеуметтік саясат жүйелі әрі кешенді түрде жүргізіліп келе жатқанын айтты. Сондай-ақ Палата Спикері ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолдау көрсетудің маңыздылығына және олардың өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екеніне назар аударды.

Ерекше қажеттілігі бар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын институттарды және мехнизмдерді жетілдіру басты міндеттердің бірі. Бүгін мақұлданған заң – осы жолда жасалған маңызды қадам. Бұл Хаттама Біріккен Ұлттар Ұйымының Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитеті арқылы мүгедектігі бар адамдардың шағымдарын қарау үшін құқықтық негіз қалыптастырады. Алдағы уақытта заң мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға өз үлесін қосады деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Осы Құжат арқылы БҰҰ жанындағы Мүгедек адамдардың құқықтары жөніндегі комитеттің Конвенция бойынша өздерінің құқықтары бұзылды деп мәлімдеген адамдардың шағымдарын қарау құзыреті мойындалады. Аталған Комитет шағымды қарау қорытындысы бойынша нәтижелерді, түсініктемелер мен ұсынымдарды тиісті қатысушы мемлекетке жібереді. Осылайша, Қазақстанның Факультативтік хаттамаға қосылуы мүгедектігі бар азаматтар өздерінің экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарын халықаралық деңгейде қорғауын қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар отырыс кезінде Сенат депутаттары Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің суармалы жерлерді пайдалану және су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі ақпаратын тыңдады. Сенат Төрағасы су проблемасы көп салаға, оның ішінде шаруаларға айтарлықтай салдарын тигізетінін тілге тиек етті.

Уақыт өткен сайын суармалы жерлерге қажетті судың тапшылығы артып келе жатқанын көріп отырмыз. Сенаторлар өңірлерге барып, жергілікті тұрғындармен кездескен кезде де осы проблема жиі көтеріледі. Сондықтан бүгін айтылған барлық ұсыныс осы отырыстың қорытындысы бойынша әзірленетін ұсынымдарға енгізіліп, Үкіметке жолданады. Сенат бұл саладағы басымдықтарды іске асыру үшін Үкіметпен бірлесіп жұмыс істеуге дайын. Суармалы жерлер – шаруалар мен ауылшаруашылық өндірушілері үшін өзекті мәселе. Сол себепті, Сенат өңірлердің мүддесін қорғайтын Палата ретінде осы бағытты әрдайым назарда ұстайды, – деген Мәулен Әшімбаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға