Жаңалықтар

Мүгедектерге арналған жоба неге елеусіз?

Сал ауруына шалдыққан қыз қиындықтарымен бөлісті
Мүгедектерге арналған жоба неге елеусіз?
27.09.2019 18:46 6678

Туғаннан сал ауруына шалдыққан астаналық Динара Наумова мүгедектерге арналған әлеуметтік жобасын іске асыру үшін инвестор іздейді. Екі жарым жыл бойы талай шендінің табалдырығын тоздырған ол аталмыш жоба мен өзі сияқты науқастардың түрлі кедергілерге тап болатынын айтады.

(Суретте: Динара Наумова)

Балалық шақтағы қиындықтар

Динараның бойындағы кемістікті алғаш әжесі байқаған. Ал туған анасы оны 3 жасында тастап кетеді. Содан бері хат-хабар алмапты. Әкесі қаржылық жағынан қарайласса да өзінің жеке отбасы бар. Сондықтан бүкіл ауыртпалықты әжесі екеуі көтеріп келеді. Кейіпкеріміз аяқтан тұру үшін небір қиындықтан өткен. Жылдар бойы орнынан қозғалмай, ұзақ уақыт ем алған. Бір кездері саусағын да қимылдата алмаған қыз қазір өздігінен жүріп-тұрады. Бойындағы қайсар мінезі оны қатардан қалмай, өліспей беріспеуге үйреткен. Тағдырдың ащы сынағы Динараны құламай, алға жетелеумен келеді. Әсіресе, өзі құралпы жастармен тең деңгейде тілдесіп, қоғамдық орындарда еркін жүріп-тұруына әжесінің көп ықпал еткенін айтады.

 – Дәрігерлер маған сал аурына шалдыққан деген диагнозды қойғанда отбасым абдырап қалыпты. Ата-анам өте жас болған. Екеуі де 20-ға да келмеген екен. Араға уақыт салып, айырылысып кетеді. Бірақ мен оларды оған жазғырған емеспін. Әжем оларды жоқтатқан емес. Әрдайым қолдау білдірді. Анам менен кейін сәби сүйгісі келмеген. Бірақ менің денсаулығым үшін дәрігерлер оған дені сау ұрпақ әкелсең қызың жазылады, орнынан тұратын болады деген екен. Бірақ ақхалаттылардың ескертуін анам қабылдамаған. Өз жөнімен кеткен. Қазір оның өз отбасы бар, - деді ол. 

Дәрігерлердің ұсынысын Динараның әжесі қабылдаған. Ол кезде 45 жастағы келіншек тәуекелге барып, бір ұлды дүниеге әкеледі. Уақыт салмай тағы бір ұлды қайтадан босанады. Дені сау екі баланың ортасында жүріп біздің кейіпкеріміздің жағдайы жақсара бастаған. Олардың әрекеттерін қайталауға, орнынан қозғалуға үйренеді. Сөйтіп науқас қыз күн санап дами түседі. Кейіннен тілі шыққан екен.

– Мен өжет әжем болмаса қазіргі жағдайымның қандай болатынын елестете де алмаймын. Маған ол кісі мотивация берді. Әлі де қолдап отырады. Өмір болған соң түрлі қиындық алдыңнан кездеседі деп үнемі айтады. Сабырға шақырады. Кейде ұрсып та алады. Ол кісі бұл өмірде бұндай дертке душар болған бір ғана мен емес екенін үнемі еске салады. Ешкімнің алдында именбеуді, өз ойымды ашық әрі еркін айтуға үйретті. Мен үшін қаншама құрбандыққа барды десем де болады, - дейді.

"Мектепке баруды армандадым"

Динараның әжесі немересінің мүгедектерге арналған мектепте оқуын қаламайды. Мектеп бағдарламасымен білім алуы үшін комиссияға салып, оның ақыл-есі дұрыс екенін үнемі дәлелдеумен болған. Осылайша оны орта мектепке қабылдап, Динара 9-сыныпты аяқтайды. Содан қаладағы колледжердің бірінде күндізгі оқу бөліміне түседі. Оқу ордасының әкімшілігі оның жүріс-тұрысында кемістігі болғандықтан алғашында сырттай бөлімде оқуды ұсынады. Бірақ Динара өзінің қатынап оқи алатынына, колледж ғимаратында келеңсіздіктер орын алса оған өзі жауапты болатындығына арнайы қолхат жазып берген. Себебі, 9 жыл үйден оқыған оған сыртқы әлем мен өзінің қатарластарының ортасында болу қызықтырады.

 – Мен мектепке баруды армандадым. Терезеден сабаққа бара жатқан балаларды көргенде қызығып қарайтынмын. Бірақ өзімде ешқашан кем санаған емеспін. Сондықтан 9-сыныптан кейін колледжге түсуді жөн санадым. Алғашында менің күндізгі бөлімге оқуға түсуіме отбасым қарсылық білдірді. Тек әжем ғана мені қолдады, - дейді.

Динараға идея қайдан келді? 

Динара Наумова еліміздегі тың жобаларды қолдау бағытында ұйымдастырылатын байқаулардың барлығына қатысқан десе де болады. Талай додада жеңімпаз атанса да, ол ұсынған жоба үнемі аяқсыз қалатын көрінеді. Себебі, оның идеясы ақша табуға емес, мүгедектерге ыңғайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Нақтырақ айтар болсақ, ол елорда маңындағы Қабанбай батыр ауылында (Нұр-Сұлтан қаласынан 40 шақырым) жарым-жан жандарға арналған спорттық оңалту орталығын ашуды көздеген. Бұған өзі тұратын ауылда әртүрлі дертпен ауыратын 78 мүгедекке арналған бірде-бір сауықтыру орталығы мен арнайы клубтардың жоқтығы себеп. Қазір өздігінен жүріп тұра алмайтын осынша адам үйінде қамалып отыр дейді ол. Ал оның жобасы осы аталған мәселені шешуді көздейді.

Басынан екі рет ауыр операция мен адам төзгісіз сырқатпен күресіп жүрген қызға бұл идея екі жарым жыл бұрын келген. Осы уақыттан бері Динара өзінің арманына жету үшін талай тәуекелдерге барыпты. Қабанбай батыр ауылында жастар турникке тартылу үшін де кезекке тұратындығын айтады. Сондықтан елдімекен үшін оның жобасы ауадай қажет.

 – Бір күні терезеден далаға қарап тұрсам ауладағы турникке жігіттер бірінен соң бірі тартылып жатыр. Кезекке тұрып алған. Бұл жағдайды бұрын байқасам да еш мән берген емеспін. Бірақ осы жолы мен ойланып қалдым. Әрине, бір қарағанда бұл қалыпты құбылыс болып көрінуі мүмкін. Бірақ өзіңіз ойланып қараңызшы, бұл кәдімгідей мәселе. Жастарға салауатты өмір салтын насихаттаймыз, ал оған Нұр-Сұлтанда ғана барлық жағдай жасалған. Ал ауылдардың жайы біраз ойлантады. Бір аулада бір ғана турник. Міне, осы мәселе менің үлкен жобаны қолға алуыма түрткі болды, - дейді ол.

Инвестор жобаны қаржыландырудан неге бас тартқан? 

Осы жағдайдан кейін Динара өз ойын іске асыру үшін жобалар байқауына қатысып (кейіпкердің өтініші бойынша жобаның аты көрсетілмейді), оны жар жолда аяқтауына тура келеді. Бір жыл өткеннен кейін осы додаға қайта қатысады. Бұл жолы оның жолы болып, аталмыш сайыстың «Супер финалына» дейін жетіп, жобасы үздік үштікке кіреді. Осылайша Динараның арманы жартылай орындалғандай еді. Өйткені, осы байқаудың шарты бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге инвесторлар ақшалай көмек көрсетіп, жобаның іске асуына жәрдемдесуі тиіс болған. Тіпті, инвестор (кейіпкердің өтініші бойынша кісі аты көрсетілмейді) табылып, жобаның барлық бизнес жоспары құрылып, меценатпен кездесуге мүгедек қыз өз қаржысына Алматыға бірнеше рет барып қайтқан. Жоба басталуға жақын қалғанда қаржы бөлетін азамат ауылға келіп, спорт зал ашылатын ауылдық мәдениет үйінің үлкен залының жағдайын көріп, бұл жобаны қаржыландыра алмайтынын жеткізеді. Себебі, инвестор бөлінген қаражат өтелмей қалады деп ойласа керек.

 (Суретте: Кейіпкеріміз 6 айдан бері жалға алып отырған зал)

– Расында жоба өзін-өзі ақтамауы мүмкін. Өйткені, мүгедек азаматтар бұл залға өте аз келеді. Бірақ бұл әлеуметтік маңызы бар жоба. Дегенмен, осындай түйткіл орын алмасы үшін біз дені сау, өзін-өзі қаржыландыра алатын азаматтарды да залда жаттығуына жағдай жасаймыз. Сондықтан қаражат үнемі түсіп тұрады. Ал жоба өз кезегінде өміршең болатындығына толық сенемін, - дейді кейіпкеріміз.

Осылайша Динара инвестордан да, жобаның аз-кем қажеттіліктері үшін кеткен қаржыдан да, ең бастысы бір жылға созылған жобаға кеткен уақыттан да айырылды. Десе де, сол бір арманы оның қолды бір сілтеп, жобаны аяқсыз қалдыруына себеп емес. Ауылдық, облыстық әкімдіктерден қолдау сұрап, басқа инвестор табуға ізденіп келеді. Тіпті, ауылдық мәдениет үйіндегі үлкен көлемдегі бөлмені өз қаржысынан қаржыландырып, жалдап отыр. Сондықтан әзірге кабинет қаңырап тұр. Аз-кем жөндеу жұмыстарын жасап қойған. Ал ауылдық әкімдік оған ешқандай көмек көрсете алмайтындығын және үлкен залды тегін бермейтіндіктерін ашып айтқан. 

 – Бұл залды жалдамасам ол басқа бір адамның қолына өтіп кетеді. Ал жобаны іске асыру үшін қолайлы орын жоқ. Сондықтан әзірге жоба іске аспаса да мүгедектігім үшін алатын жәрдемақыдан мемлекеттік мекемеге залдың жалдау ақысын төлеп отырмын, - деді ол.

Осы жоба үшін қанша қаржысынан айырылып, қиындықтарға тап болса да Динара артқа шегінбейтіндігін айтады. Тек өзі сияқты дертке душар болғандардың қалауы мен ішкі арпалысын шенеуніктер мен қалталылардың сезінбейтініне күйінеді. Бірақ жобасына жомарт жандардың қолдау білдіріп, ауыл жастарының қажеттілігіне жарайтын спорттық-сауықтыру орталығының ашатындығына сенеді. 

Осыған ұқсас материалдар: 

Қарыз үшін берілген қыздың хикаясы

Мейкатон - жаңа мүмкіндіктер сыйлатын алаң

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға