Жаңалықтар

Мүгедек жандарға арналған ерекше музыкалық методика

Әлеуметтік кәсіпкер, домбырашы Гүлсана Мағзымбетованың нотасыз әдісі
Мүгедек жандарға арналған ерекше музыкалық методика
17.10.2019 12:23 9234

Ұлы тұлғалар «Музыка... әрбір адамға өзін-өзі терең түсінуіне көмектеседі, ол адамның сезімі мен ойын байытады», «Музыка – адамзаттың әмбебап тілі» немесе «Музыка жас азаматтардың ішкі дүниесін байытып, әр дәуірдегі қоғамдық өмірдің түрлі құбылыстарын дұрыс түсінуге көмектеседі»  дейді. Осы бір құдіретті өнерді терең түсініп, оның тілін басқа жандарға ұғындыру жолында тер төгіп жүргендер баршылық екен. Соның бірі –  ақтөбелік кәсіби домбырашы Гүлсана Мағзымбетова. Ол музыка арқылы  мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын жақсартуға оң ықпал етуді ойлайды.

– 2012-2013 жылдары Ақтөбе қаласындағы зағип балаларға арналған мектепте музыка пәнінен сабақ бердім. Бірақ әртүрлі себептермен жұмысымды тоқтата тұруға тура келген еді. Ондағы шәкірттерімнің ата-аналары балаларының әрі қарай музыкалық білімін тереңдете беруімді сұрағанмен, ол мүмкін болмады.

Осыдан үш жыл бұрын Гүлсана жолдасынан айырылып, 5 жасар ұлы және үш айлық қызымен қалады. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, оның атында үлкен көлемде несие де болыпты.

– Ол қаржыны да қайтару керегін түсініп, қызым жасқа толғанда жергілікті балабақшаның біріне музыка пәнінен мұғалім болып орналастым. Менің домбырашы мамандығымды көрген меңгеруші кішкене табыс көзі болсын деп, домбыра үйірмесін ашуды ұсынды. Мен келісе қойдым. Бірақ, екі ай жүріп, төрт жастағы балаларға не нотамен, не жергілікті музыкантшымыз Райымбергеновтың цифрлық әдістерімін үйрету мүмкін болмады. Себебі, бүлдіршіндер нотаны да, әріптерді де, сандарды танымайды.

Тығырықтан шығу жолын іздеген ұстаз ойлана келе түрлі-түсті түстер мен геометриялық фигуралар арқылы нота үйрету методикасын ойлап табады. Яғни, автор жеті нотаны жеті түрлі түске бояп, бес саусақты геометриялы пішіндерге ауыстырады.

– Ойлап тапқан әдісімнің арқасында аз уақыттың ішінде әлгі балаларым домбыра тартып кетті. Кезекті еңбек демалысына шыққан соң, «осы тәсілді мүмкіндігі шектеулі балаларға да қолданып көрсем қалай болады?» деп, бір бөлмені жалға алып денсаулығында мүкісі бар жандарға сабақ жүргізе бастадым.

Ол 2018 жылдың мамыр айы еді. Тағы айта кетерлігі, педагог ондай ерекше үйренушілерді домбыраға тегін баулып келеді. Сол сияқты төрт мүшесі түгел жандар оның үйірмесіне ақылы түрде де қатысуына болады екен.

– Қазірге дейін алдымнан 60 шақты ерекше балалар өтті. Олардың ішінде целебральді сал ауруы, туа бітті естімейтін, бірақ арнайы аппарат арқылы аз-кем есту мүмкіндігі барлар, құлағы мүлде естімейтіндер, аутизм, эпилепсия, даун, ақыл-есінің кемістігі бар оқушылармен қатар, көзі нашар көретіндер де бар.

Қазақтың нағыз бренді боп саналатын көнеден келе жатқан шертпелі аспапты меңгертетін ерекше үйірмеге келем деушілердің жасы кем дегенде төртте болуы керек.  

Ал шекті жас жоқ. Маған домбыра ойнауды үйренем деп келген жанның ең үлкенінің жасы – 60-та болды. Ноталарды тез үйреніп кете алатынына күмәнданған келушім менің методикамның арқасында бір жетінің ішінде екі ән мен бір күйді меңгеріп шықты.

Гүлсана Қыдырбайқызы түстер мен геометриялық фигураларға негізделген авторлық методика бойынша заңды құқығын өткен жылдың қыркүйек айында алыпты. Ол Берн конвенциясы арқылы бірнеше елде қорғалған екен. Оның айырықша оқу әдістемесіне ден қойған шәкірттері зор жетістіктерге де жетіп жүр. Бойындағы түрлі дерттеріне қарамай, ұлттық аспапта ойнауды меңгерген қағілез өнерпаздар қалалық байқаулардан бастап, облыстық, республикалық бәйгелерде ерекше өнерімен көзге түсіп келеді. Тіпті, бір оқушы өткен жылы халықаралық конкурста дипломат атаныпты.

– Мұндай балалармен жұмыс жүргізу оңай емес. Бірақ, шәкірттерімнің талаптары таудай. Олар әр дәріске аса жауапкершілікпен қарап, зор құлшыныспен келеді. Дені сау балаларға қарағанда еңбекқорлықтарымен ерекшеленеді. Айта кетерлігі, кез келген музыкалық аспапта ойнау адамның екі ми бөлігі бірден жұмыс істеуге итермелейді. Соның арқасында мүмкіндігі шектеулі жандардың әртүрлі ұсақ моторикасы дамитын болады. Мәселен, цебральді сал ауруына шалдыққан балалардың қол моторикасы жақсы дамиды. Осы әдістеме арқылы басқа да аспаптар ойнауға  әбден болады.

Әзірге Гүлсана басқа аспаптарды үйрететін көмекші таба алмай жүргенін айтады.

– Жоспарларым өте көп. Дәл қазіргі таңда онлайн мектеп ашқалы жатырмын. Оған арнап бірнеше бейне-курстар жаздым. Соларды қарау арқылы еліміздің әр аймағында тұратын денсаулығында кемшілігі бар жандар домбыра тартуды үйренсе деймін. Сонымен қатар, бұйырса, келер жылы Нұр-Сұлтан қаласынан осы мектептің бөлімшесін ашпақпын.

Сүйікті ісін әрмен қарай дамыту үшін Гүлсана Мағзымбетова мемлекеттің қолдауын күтеді. Ол грант ұтып алу мақсатымен түрлі байқауларға қатысып, мүмкіндігі болмай отырған мыңдаған қазақстандықтарды музыка әлемімен жақын таныстырып, қазақтың қара домбырасында ойнау арқылы музыка терапиясынан да өткізгісі келеді.

– Музыка ата-анам арқылы бойыма дарыған. Өнерлі отбасыда өскен соң, бала кезімнен ән салып, домбыра тарттым. Енді міне, ұлым да ұлттық аспаптарда ойнауды меңгеріп келеді. Ал қызым, кішкентай жасына қарамай, құлағына жеткен кез келген әуенге қосылып, шырқай жөнеледі.

Қайырымды істің қайтарымын күтпейтін Гүлсананың ойлап тапқан әдісі әлемдегі талай жанды музыкаға баулып, өмірлерінің жаңа парақтарын ашуға көмектесетініне күмән келтірмейміз.

(Суреттер Г.Мағзымбетованың жеке мұрағатынан)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға