Жаңалықтар

Мұғалімдерді оқытуға арналған акселерация бағдарламасы аяқталды

Мұғалімдерді оқытуға арналған акселерация бағдарламасы аяқталды
21.06.2024 13:14 543

Қазақстандық стартап — мұғалімдерге арналған STEAM.KZ платформаcы және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті мұғалімдерді оқытуға арналған акселерация бағдарламасын аяқтады, деп хабарлайды El.kz aқпарат агенттігі.

Оның аясында физика, математика және бастауыш білім беру педагогикасы факультеттерінің 4-курсының 100-ден астам студенті табысты мансап құруға және кәсіби білімін арттыруға қажетті практикалық машықтарды игерді.

«Заманауи білім беру жүйесіне STEAM және PBL тәсілдерін енгізу» әлеуметтік жобасы 6 аптаға созылған болатын. Бағдарламаның мақсаты — білім беру процесіне инновациялық әдістер мен технологияларды енгізе алатын, STEAM және жобалық оқыту (PBL) салалары бойынша білім мен машықтарға ие бәсекеге қабілетті мұғалімдерді дайындау.

Бағдарлама барысында оқушылар PBL әдістемесі мен бағалау жобаларын қолдана отырып, мектептерде кемінде екі STEAM сабағын әзірлеп, өткізді. Осылайша қатысушылар алған білімін іс жүзінде қолдана алды. Сонымен қатар студенттер жобалық оқытуға 3D технологиялары мен мобилографияны кіріктіруді үйреніп, оқу процесін жаңа құралдармен және тәсілдермен байытты.

Бағдарлама аясында өзім ойлағаннан да жақсы білім алып, арманыма бір қадам жақындай түстім! Маған ерекше ұнағаны — оқытушылар: олардың тақырыпты түсіндіруі әдіс-тәсілдерді толық меңгеруіме көмектесті. Енді мен алған білімімді көптеген салада қолдана алатыныма сенімдімін: оқыту технологиясы ретінде, одан кейін жаңа дүние ойлап табу мақсатында, - деп бөлісті бағдарлама финалистерінің бірі Әділхан Жақсыбай.

Сонымен қатар тренинг нәтижелері бойынша қазылар алқасы екі жыл бойы STEAM.KZ платформасына тегін кіру мүмкіндігіне ие болған 13 финалисті таңдап алды.

Бағдарлама толыққанды ғылыми жобаны жасап шығуға қажетті барлық элементті қамтыды. Әсіресе платформадағы зертханалық жұмыстар ұнады. Алған білімімді мектептегі физика курсын оқыту барысында қолданамын, — дейді бағдарлама финалисті Бақдәулет Маратұлы.

STEAM.KZ стартапының негізін қалаушы Айдын Тусюбжановтың айтуынша, стартап командасы бұл жобамен тоқтап қалмай, болашақ мұғалімдерді оқыту арқылы Қазақстанның адами капиталын дамыту бойынша жұмысты жалғастырады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға