Публицистика өмірдің барлық салаларына назар аударып отырады. Бұлай дегенде мына жайларды ескеріп отырған ләзім. Публицистиканың қоғамдық пікірді қалыптастырудағы рөлін тым артық бағалауға болмайды және ол тек публицистиканың ғана атқаратын рөлі деп қарасақ ағаттық болар еді. Қоғам мүшелерінің қоғамдық пікірлерін қалыптастыруға әсер ететін әр түрлі жайлар мен жағдайлар және құбылыстар мен фактілер толып жатыр. Қоғамдық пікірді қалыптастыруға өнер де, білім де, ғылым да, идеология да, заң да, философия да, мораль да кең түрде араласады. Яғни үнемі дамып және әсер жасайтын қоғамдық сананың барлық түрлері қоғамдық пікірдің қалыптасуына белсенді түрде қатысып отырады.
Қоғамдық пікірді қалыптастыруда баспасөз, телевизия мен радио арқылы қалың бұқараға таралған сөз де, яғни публицистика да ерекше роль атқарады. Публицистика қалың бұқараның ойлары мен сезіміне әсер ете отырып, миллиондаған адамдармен бір мезгілде сөйлеседі де, оларды сендіре де біледі. Сондықтан публицистика, кейбір жағдайларда қоғамдық пікірдің қалыптасуын ұйымдастырушы ретінде, бұқараның ой-пікіріне әсерін тигізеді.
Ғылым мен көркемөнер сияқты публицистиканың да объектісі өмір шындығы болып табылады. Ал, енді осы өмір шындығына публицист нені зерттейді, ол қандай жайларға назар аударады, публицистің шығармасында әлеуметтік өмірдің қандай жақтары қамтылады? Бұл сұрақтарға жауап беру үшін публицистика оның әдісін, мазмұны мен түрін, функциясын анықтап алған абзал.
Мұхаметсәлім Кәшімов көсемсөзі жоғарыда қойылған ғалымдардың сұрағына жауап береді. Негізгі объектісі өз дәуірінің шындығы болып табылады.
Автор тіршіліктің керекті түрлі құралын тізіп шығады да, оның мағынасын жан-жақты талдайды. Ол рас, адам жаратылысынан бері қарай түрлі өнердің қыр-сырын меңгерді. Атақты ойшыл Жан Кокто: «Өнерсіз өмір сүру мүмкін емес, бірақ оның не үшін керек екенін білмеймін» депті. Өнер – үйренуден, сабақ алудан жетілетін тірі құбылыс. Өнерге бірнәрсені берген адам ғана оның жемісін көре алады. Публицист айтқандай қаражат арқылы үйренесің, тым құрығанда еңбек пен уақыт керек. Ал «ораза-намаз тоқтықта» деген даналық ақиқаттың шеңберіне жуықтайды һәм біздің пікірімізді салмақты етеді. Бір сөзбен айтқанда алдымен адамға байлық керек. Қажеттілігін өтейтін қаржы табу керек. Бұл жерде «өнер қажеттілік емес пе» деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Бұл сұрақтың ортақ жауабын әлеуметтанушы А. Маслоу былай береді. Адам қажеттілігінің иерархиясы бес сатыға бөлінеді:
1. Физиологиялық қажеттіліктер (тамақ, су, киім, тұрғынжай, ұрпақты өмірге әкеліп, өсіру)
2. Қауіпсіздік қажеттілік (қылмыскер, сыртқы жаулардан қорғану және ауырғандағы көмек)
3. Әлеуметтік қажеттіліктер (махаббат, достыққа тұтыныс; сондай мүддені көздей отырып адамдармен араласу)
4. Қадірлеудегі қажеттіліктер (өзін-өзі қадірлеу және басқа адамдардың қадірлеуі)
5.Өзін–өзі өткерудегі қажеттілік (өзінің мүмкіндіктерін дамытудағы қажеттілік, оларды белсенді қолдану).
Хош делік, А.Маслоу айтқан ең төменгі сатыдағы физиологиялық қажеттіліктің өзі кедейде болмағандықтан, оған өнер, ғылым үйрен деп айта алмайсың. Өнер мен ғылым адамның өзін-өзі өткерудегі, яғни адам қажеттілігінің ең биік сатысы болып табылады. Ол сатыға байлық, бақыт, қоғамның санасуы болған кезде ғана жетуге болады. Публицистің көтеріп отырған мәселесінің негізгі өзегі осы. «Надан болсақ та бай болуға тырысайық» деп халықты еңбекке шақырады да, ғылымсыз байлықтың баяны жоқ деген қорытынды жасайды. Байлық пен ғылым деген екі ұғым қатар жүрген кезде дүние нұрланбақ. Адам еркіндігі кең етек жаймақ. «Ғылымсыз білім тым құрғақ, білімді орынды жұмсау керек» деп, бұл екі ұғымның мағынасы алшақ екенін көрсетеді. Осы пікірге байланысты орыс ойшылы Ключевскийдің: «Ғылымды білімді болу деп жиі шатастырамыз. Бұл барып тұрған тұрпайы түйсіксіздік. Ғылым дегеніміз тек қана білім емес, ол – таным, яғни білімді орынды пайдалану керек деген сөз» деген кесімі бар. Яғни байлыққа жету үшін таным керек. Дүниені тану көзқарасы қалыптасқан адам надан түйсікке бармайды, арам байлыққа жоламайды. Адамгершілік пен имандылықты санаға берік бекітеді. Есі дұрыс толық адамға өзін еркін сезінетін байлық, білімді орынды жұмсайтын имандылық пен өнер керек екен.
Мәннән Тұрғынбайұлының қозғаған тақырыбы тым күрделі және интелегенцияға тән үкімдер мен шешімдер бар. Ол ойлардың салмағы өзге ойшылдардың пікрімен астасып жатқан кезде ауырлай түсті. Тірліктің бейнесі тартыс болғанымен, көркі ғылым екеніне публицист сендіреді. Бұл мүдде М. Әбдірахманұлының басты ұстанымы болғанын көреміз.
Соқпақсыз емес, соқтықпалы жолы көп ғылымның жаршысы болған журналдың көсемсөзі өзінің алдына қойған мақсатынан алыстамағанын анық аңғарамыз. Жалғыз Мұхаметсәлім көсемсөзінен журналдың бағыты айқын көрініп тұр. Әр сөзінде ұлтқа деген сүйіспеншілік жатыр. Ғылымның көзі терезені өзге ұлтпен теңестіру ғана емес, өз ісіңнің алға жылыжып, қолайлы өмір сүруіңе де ықпал жасайтынын публицист бұқараға насихаттаумен өтті. Ол бір саланың ғана емес, көп саланың қыр-сырын халыққа түсіндіруге талпынды. Публицистиканың ерекшелігі сол, бұл жерде адамның терең танымы анық байқалады.
Публицистің айтуы бойынша «ауру жұғады» дегенге сенбейтін адамдар көп. Сол себепті қазақ арасында дерт қаулап барады. Ендігі мақсат, бұл ойды құптайтын һәм жетік білетін адамдарға кеселдің алдын алу шарасын бұқара арасында жүргізу. Арғы-бергі тарихымызды ашып қарасақ, жауға берілмеген қазақ жауынгерлері осы жұқпалы аурудың кесірінен көп қырғынға ұшыраған. Демек, публицист тақырыпты өмірдің ортасынан қозғап отыр, негізге алынатын факті бар. Дерт жұққаны былай тұрсын, қазіргі ғалымдар адам санасындағы кез-келген ой келесі бір адамға кеңістік арқылы тарайтынын анықтап отыр.
Фактісіз публицистика жоқ, сондай-ақ фактісіз ойды да байыптауға болмайды.Оқырмандарды тек декларациялар мен пікірлер айтумен, жалпылама, жалаң сөздермен сендіру мүмкін емес. Фактілерді жиыстырулардан, оларды көрсете білуден, салыстырудан, дәлелдей және байыптай білуден журналистің шеберлігі байқалады.
Публицист нақты дерексіз ойды байыптамайды. Денсаулық – адамға берілген байлықтың бірінші түрі. Бұл пікірге қарсы дау айтқан адамды көрмедік. Және сол байлығын бағалмаған адам қатардан шығып қалады. Әрі кетсе ет жақындарының мейірімінен ғана жылу табады. Тәбеті бұзылған адам аш-құрсақ жүреді. Бір күн аш болған адамнан қырық күн ақыл сұрамайтын қазақ түзу ойдың шықпасын әлдеқашан білген. Дені сау адамнан таза ой туады. Бұл тазалық қан арқылы ұрпаққа беріледі. Ал ұрпақ дегеніміз ұлттың ертеңі. Өсімі түзу болған ұлт ертеңгі күнге батыл қадам жасай алады. Ол қадамды жасау үшін керек амалдарды публицист түсіндіреді.
Жоғарыда фактісіз һәм статистикалық дерек-дәйексіз публицистика болмайтынын айттық. Публицист денсаулыққа ұқыпты қарайтын елдердің жетістігін статистка арқылы тізіп береді. Ғылымның жетістігін пайдаланаған жұрт аурудың түбіне жетіп, көзін құртатын болды. Біздің түбімізге керісінше дерт жеткелі жатыр. Бұқараны бір демде сілкіп алады, мәдениетке бетбұрыс жасауға үндейді. Денсаулықты сақтау шаралары үшін көп шығын шығаруға тура келеді, бірақ өзге елдер бұл шығынға шыдап отыр.
Дерт жаныңа батқан кезде ит тірліктің барлығын ұмытып, тек қана тәннің саулығын тілейсің. Ол үшін қанша қаражат жұмсасаңда адам баласына шығын болып есептелмейді. Философияда диалектика деген заң бар. Ол заңның негізі бойынша қажеттіліктің өтелуі – келесі бір қажеттілікті тудырады. Адамдардың бес күндік ғұмырда қоғамнан көп нәрсені талап етіп жатуы, көптеген қажеттіліктің өтелуінен туындап отырған дүние. Ал біз айтып отырған денсаулық адам баласының ең алғашқы қажеттілігі болып саналады. Мәдениет те, байлық та осы алғашқы қажеттілікке қызмет қылуы шарт. Публицист өзінің ұлтын, қазақтың халін өткір сынайды. Мәдениет пен байлық біздің елде өріс алмаған деген шешім айтады. Ол заманның кейпіне бұл берілген баға әділ болатын. Бұл ретте П.Я.Чадаевтың: «Тәңірім жарылқасын, мен өз отанымды өзімнің жеке басымның мүддесі үшін емес, отанымның мүддесі үшін сүйіп сынадым» деп ағынан жарылған пікірі ойға келеді. Мұхаметсәлім Кәшімов те атын шығарайын деп қазақтың надандығын журналға жазған жоқ, сүйіп сынады, дертіне күйіп жылады. Қайғыға қайысып жатып алған жоқ, орынды харекетпен сейілтуге ұлтын, бұқара жұртын шақырды.
Публицистің бұл тақырыптағы еңбегі мен шығармашылық орынды бағалаған Ә. Дербісалин өз зерттеуінде Әбдірахманұылына былай деп баға береді:
«Қазақ қызының аянышты тағдырын суреттеу тақырыбына осы тұста өз жөнімен келіп қосылған шығарманың бірі – Мұхаметсәлім Кәшімовтің «Мұңлы Мәриям» повесі. Повесть 1914 жылы Қазанда басылып шықты.
М.Кәшімов революция алдындағы қазақ қоғамының көп мәселелерін жеткілікті түсіне алмай, біраз адасушылықты басынан кешірген, нақты тұрақты позициясы кейде болып, кейде болмаған журналист, жазушы. Оның творчествосында «Айқаптың» да, басқалардың да әсері жоқ емес. оларды айыра танып, тиісті бағасын беру арнайы шұғылданған зерттеушілердің міндеті.
Жазушы көзқарасының белгілі-белгілі әлсіздіктеріне қарамастан, «Мұңлы Мәриям» повесі оның творчествосындағы ең іліп алар нәрсе боп табылады.
Повесть автордың ұлтшыл ақындарға жағынып, жағымпаздық білдірген кіріспе өлеңімен ашылады. Мұны, мүмкін ол, ұлтшыл ақындардың сол кезде қоғамдық өмірде әжептәуір салмақ алып тұрғанын ескеріп, шығармасын бастырып шығару ниетімен айтқан болар. Бірақ қалай болғанда да фактіден қашып құтылуға болмайды. Мұны жазушы поэзиясындағы әлсіздікті, тұрақсыздықты танытатын жайттардың бірі деп бағалаған жөн.
...Бұл шығарманы М. Кәшімовтің творчествосындағы ұнамды құбылыс ретінде атай отырып, оның семья мен неке мәселелерінде қазақтың ескі әдет-ғұрыптарын сынауға мұсылман діні тұрғысынан келіп, әділеттің бірден-бір кезін шариғаттан тапқанын баса айту қажет. «Мұңлы Мәриям» жайындағы осы бағаға негізіннен қосыла отырып, біздің айтарымыз, біріншіден, ХХ ғасырдың бас кезіндегі ақын, жазушылардың барлығына бірдей С. Торайғыров пен С. Көбеев көтерілген биіктен қарай беруге болмайды. Өйткені олар М. Кәшімов сияқты жазушы үшін негізгі өлшем боп табылмайды. Мысалы, С. Көбеев «Қалың мал» романын сүйіскен жастардың қосылуымен аяқтағанда, бұл қорытындыға сол кейіпкерлерінің күштілігінен не күрескерлігінен келген жоқ, оған әлеуметтік өмірдегі күресті өсу, өрлеу тұрғысынан суреттеу арқылы келді. Ал, М. Кәшімов болса, өз кезіндегі мұндай жағдайды байқай алмады. Соның нәтижесінде ол кейіпкерлерінің қайғылы, қасіретті өмір жолын жанашырлықпен суреттеумен ғана тынды. Сөйтіп, Мәриям сияқтыларға еркіндік беруді өзінше көтерді, оларға жалпы жұрттың назарын аударуды көздеді. Мұнда қоғамдық өмірдің шындығына қайшы келетін бәлендей ағаттық байқалмайды. Сондықтан авторға дәл осы арада буржуазиялық обьективті принципті ұстамады деп ат қойып, айтып тағу артығырақ болар еді деп ойлаймыз. Екіншіден, «Мұңлы Мәриям» тәрізді повестер осы тақырыпта жазылған шығармалардың алуан түрлілігін танытумен бірге оған әр жазушының өз дүниетанушылығына сәйкес әр дәрежеде, әр сипатта келгендігін аңғартатын елеулі құбылыс боп табылады. Сондықтан мұндай шығармаларға азды-көпті назар аударып, жетістік-кемшіліктерін атап өтпеске болмайды».
Ғылым дегеніміз алдымен тазалық. Жас баланың әр нәрсені ұстап көрсем, аузыма салып, дәмін татсам деп тұратыны сол тазалықтан туындағын дүние.Баланың денесі туған кезінде таза тақтай сияқты. Жаман мен жақсыны ажырата алмайды. Бар құбылысқа бірдей қарайды. Бұл ұмтылыс қыз бен ұлға ортақ жаратылыс. Ал өскен шағында осы табиғи заңдылыққа қарсы шығып, біреуін надан қылу ақымақтық болып саналады.
Қоғамдағы саяси, экономикалық және әлеуметтік актуалды немесе көкейкесті мәселелер – осы біз әңгіме қып отырған публицистика жанрының жүгі. Публицистикаға қалам тартқысы келетін кез-келген журналистің басты міндеті қоғамдағы болып жатқан түрлі оқиғалар мен елдің ахуалын өз көзімен көріп, соны баяндау. Жәй ғана баяндау емес, материалды оқып отырған немесе көрермен сол оқиғаның ішінде жүргендей, өзін сол қоғамның бір мүшесіндей сезінуі тиіс. Оқырманның немесе көрерменнің жүрегіне жол табу үшін қандай басты принциптерді ұстану қажет. Ол белгілі бір образ арқылы немесе оқиғаның кейіпкері арқылы берілуі мүмкін.
Бізге ең алдымен орыстың отарынан шығып, боданынан босатылу идеясын публицистер бастағанын бір сәтке болса да естен шығармағанымыз абзал. «Бостандық тудырған мінез» деп публицистің айтуының өзінде үлкен үміт жатыр. Оқыған адам айдауға көнбейді, ары мен жанын таза сақтауға тырысады. Бұл сөзімізді Мұхтар Әуезовтың: «адамды хайуандықтан адамшылыққа кіргізген - әйел. Адам баласының адамшылық жолындағы таппақ тараққияты әйел халына жалғасады. Сол себепті әйелдің басындағы сасық тұман айықпай, халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал қазақ мешел болып қалам демесең, тағлымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзеймін десең әйелдің халын түзе» дейтін пікірі салмақты ете түседі. Ғылым мен білім тазалық пен өзіндік байлам жасай алатын адамдардың ортасынан орын табатынын жақсы білеміз. Ері былай тұрсын, әйеліне дейін оқыту керек деген идеяның төңірегіне топтасқан ескі оқығандар ұстанған пікір – тәрбиеден бастау алатын ғылым мен білім,бұқара санасын азаттыққа бастайтын сара жолдың тұма бастауы таным екенін жақсы сезінді. Ұлттың ұлықты ұлдары жұртына дер кезінде нені үйретіп, қалай көсемдік жасауды білді. Отарлық жүйеге ешқандай саясат та, экономика да қарсылық білдіре алмайтынын тереңнен танып, қаламын қару етіп, көсемсөз шеберлері топ бастап алға шықты. Соның қатарынан Мұхаметсәлім Кәшімов бейнесін толық көрдік, дәлелді түрде көзіміз жетті.