Жаңалықтар

МУА базасында күрделі жағдайларды емдеу бойынша мастер-класс өтті

МУА базасында күрделі жағдайларды емдеу бойынша мастер-класс өтті
Фото: gov.kz 23.12.2023 21:35 941

700-ден астам адам медициналық саланың әртүрлі бейіндегі шетелдік мамандарының мастер-кластары мен семинарларына қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шараға акушерлік және гинекология, урология, травматология, психиатрия және басқа да бағыттар бойынша әлемдік жетекші сарапшылар қатысты. Оқыту медицина университеті қызметкерлерінің, білім алушыларының және практикалық мамандардың біліктілігін арттыру онкүндігі шеңберінде онлайн және офлайн режимде өтеусіз негізде өтті. Іс-шараны Астана медицина университеті ұйымдастырғаны айта кетейік.

Шақырылған шетелдік сарапшылардың арасында Ресей, Израиль және Германия сияқты елдердің ғалымдары мен мамандары болды.

Медицина университетінің проректоры Меруерт Ғазалиеваның айтуынша, бүгінгі таңда медицина саласы белсенді және қарқынды дамып келеді. Жыл сайын ауруларды диагностикалау, емдеу, профилактикасының жаңа тәсілдері пайда болады. Бұл жаңа дәрілік заттарды әзірлеуден бастап диагностика мен емдеуді жақсарту үшін озық технологияларды қолдануға дейін барлығын қамтиды.

Қазақстанда ең жаңа жабдықтармен жарақтандырылған және штатында қажетті бейіндегі мамандары бар клиникалардың саны артып келеді. Бұл елдің денсаулық сақтауды жақсартуға және барлық азаматтар үшін сапалы медициналық көмекке қол жеткізуді қамтамасыз етуге ұмтылысын көрсетеді. Мамандардың кәсіби деңгейін арттыру, клиникалық практикаға озық технологиялар мен емдеу әдістерін енгізу мақсатында осындай іс - шараны ұйымдастыру туралы шешім қабылданды, - деп бөлісті ол.

Мастер-кластарды өткізу үшін қалалық көп бейінді ауруханалардың, қалалық психикалық денсаулық орталығының, академик Нұрлан Батпенов атындағы Травматология және ортопедия ғылыми орталығының, сондай-ақ Астана қаласы емханаларының операциялық блоктары мен клиникалық базаларына рұқсат берілді.

Меруерт Ғазалиева операцияға кезекте тұрған пациенттердің атақты профессорларда емделуге мүмкіндігі бар екенін атап өтті.

Мастер-класс кезінде қатысушылар өз бейіні бойынша түрлі операцияларға қатысты. Практикалық жұмыс клиникалық бөлімшелерде, сондай-ақ анестезиология, реаниматология және қарқынды терапия бөлімшелерінде жүргізілді. Клиникалық базалардың операциялық блогында және "Астана медицина университеті" КеАҚ симуляциялық орталығында пратикалық сабақтар өтті. Семинар барысында оқушыларға лапароскопия мен гистероскопияның асқынуларын, преэклампсия мен эклампсиямен, тромбоэмболиямен ауыратын науқастарды басқару мысалдарын, сондай-ақ кесарь тілігінен кейін пайда болатын жағдайларды және одан кейін қайта жүктілік тәжірибесін зерттеуге мүмкіндік берілді.

Ғалымдар қатысушылармен аяқтың, жамбастың, тобықтың және тізенің күрделі сыну жағдайларын талдады. Сонымен қатар, реконструктивті урология және ерлер денсаулығы медицинасы мәселелері талқыланды. Осы бағыт бойынша практикалық мастер-класта уретрадағы микрохирургиялық операциялар, қуық ісіктерінің лазерлік резекциясы талданды.

Астана медицина университетінің проректоры мұндай семинарлар мен мастер-кластар медициналық көмек стандарттарының тұрақты дамуы жағдайында білім мен тәжірибені таратуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға