Жаңалықтар

Мопедтер көлік құралына жатқызылып, оларды тіркеуден өткізу міндеттеледі

Мопедтер көлік құралына жатқызылып, оларды тіркеуден өткізу міндеттеледі
Фото: ©Pixabay.com 15.05.2024 12:34 730

Мәжіліс «Жол жүрісі туралы» заңға және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске көлік құралдарының жекелеген түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Негізгі заңда шағын электрлі және көлік құралдарының жекелеген түрлерінің қозғалысын бақылау ұсынылады. Бұл мопедтерді пайдалану мен қозғалыс ережелерін реттеуге көмектеседі. Осыған байланысты қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден төмен мопедтер автокөлік құралына жатқызылады. Олар тіркеуден өтіп, мемлекеттік нөмірді алуы қажет.

Сонымен қатар заң жобаларын пысықтау кезінде елге әкелінген мопедтердің көптігіне қатысты тәуекелдер де ескерілді. Осы жұмысты ұйымдастыру кезінде жаппай даурығуға жол бермеу үшін оларды тіркеудің жаңа талаптары заңға қол қойылған соң 6 айдан кейін күшіне енеді. Бұл уақыт мұндай мопедтерді «заңдастыру» үшін беріледі, - деп түсіндірді Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.

Смышляева заң жобасы аясында мопед жүргізушілері жол қозғалысының толыққанды қатысушыларымен теңестірілетінін атап өтті.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске тиісті өзгерістер енгізіледі. Мопедтерді басқару үшін азаматтар уәкілетті органда міндетті тіркеуден және жыл сайынғы техникалық байқаудан өтеді. Сонымен қатар азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды рәсімдеуі қажет, - деді ол.

Тағы бір маңызды талап – «А1» санатындағы жүргізуші куәлігін алу. Ол «А», «В» және «С» санатындағы жүргізушілерге қосымша дайындықсыз автоматты түрде беріледі. Сондай-ақ жүргізуші куәлігіне қатысты мәселелерді шешуге 6 ай уақыт беріледі.

Бұл ретте мопед жүргізушілері де автокөлік жүргізушілері сияқты жауапкершілікке тартылады. Бұрын жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін олар басқа жол қозғалысына қатысушылар сияқты ӘҚБтК-нің 615-бабына сәйкес 2 АЕК мөлшерінде айыппұлмен жазаланатын. Енді ереже қабылданғаннан кейін автокөлік жүргізушілері секілді мопед жүргізушілеріне де барлық жауапкершілік жүктеледі. Мәселен, тыйым салынған бағдаршамнан өткені үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 599-бабында көзделген 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Қазір мас күйінде мопед жүргізу ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Оған сәйкес қоғамдық орындарға мас күйінде шыққандарға 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ереже қабылданғаннан кейін мопед жүргізушілері ӘҚБтК-нің 608-бабы – жүргізушінің көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқаруы бойынша жауапкершілікке тартылады. Бұл бап бойынша 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру қарастырылған.

Заң қабылданғаннан кейін жүргізуші куәлігі жоқ және оны алмай тұрып көлік құралын басқарған, оның ішінде алкоголь немесе есірткі қолданған мас күйінде жауапкершілікке тартылған тұлғалар 7 жылға дейін емтихан тапсыруға жіберілмейді. Қазіргі таңда олар әкімшілік жазаны өтеп, емтиханды оңай тапсырып, жүргізуші куәлігін ала алады, - деді депутат.

Сонымен қатар осыған ұқсас айыптар бойынша жауапқа тартылған жүргізушілер 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға