Жаңалықтар

Мопед айдайтындарға жүргізуші куәлігін алу міндеттеледі

Мопед айдайтындарға жүргізуші куәлігін алу міндеттеледі
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 17.04.2024 12:18 1178

Мәжіліс «Жол жүрісі туралы» заңға және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Заң жобасын экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы, Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева оқыды.

Заң жобасында шағын электрлі көліктер мен көліктердің жекелеген түрлерінің қозғалысын бақылау ұсынылды. Бұл мопедтерді пайдалануға және қозғалыс ережелерін реттеуге мүмкіндік береді. Олардың жүргізушілері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте көзделген баптарға сәйкес толық жауапкершілікке тартылады. Бұл норма мас күйде мопед қолданған жүргізушілер санын, мопедтердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары мен жарақат алуды азайтуға бағытталған.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістер бойынша мопед жүргізушілерін толық жол қозғалысына қатысушыларға теңестіруді ұсынады. Мопедтерді басқару үшін азаматтар уәкілетті органда міндетті тіркеуден өтеді, «А1» санатындағы жүргізуші куәлігін алады, жыл сайынғы техникалық байқаудан өтеді. Сонымен қатар көлік құралдары жүргізушілері азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды рәсімдеуі қажет, - деді депутат.

Бұдан басқа, жергілікті атқарушы органдарға электр самокаттарды пайдалану тәртібін анықтау өкілеттігі беріледі. Бұл әкімдіктерге әр өңірдегі жол инфрақұрылымын дамыту шарттарына қарай қозғалыс жылдамдығын, рұқсат етілген орындарды және электр самокаттардың жұмыс тәртібін анықтауға мүмкіндік береді.

Заң жобаларында:

- қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден кем мопедтерді мемлекеттік тіркеу;
- мопед жүргізушіне қойылатын талаптарды белгілеу;
- жергілікті атқарушы органдарға электр самокаттарды пайдалану тәртібін айқындау бойынша құзырет беру;
- жол қауіпсіздігін цифрландыру бойынша нормалар ұсынылды.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің аясында:
- рұқсат етілген жылдамдықты әлдеқайда асырып жүретін адамдардың жауапкершілігін күшейтуді енгізу;
- мопед жүргізушін механикалық көлік құралдары жүргізушімен теңестіру;
- лауазымды адамның жолдарды және жол құрылыстарын күтіп-ұстауға байланысты қайталама құқық бұзушылық үшін жауапкершілігі артады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға