Жаңалықтар

Моңғолияда қандастар құрылтайы өтті

Моңғолияда қандастар құрылтайы өтті
Фото: «Отандастар қоры» 11.07.2023 20:23 854

Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қорының» ұйытқы болуымен Моңғолиядағы қазақтар арасында кіші құрылтай өтті, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Айтулы шара Моңғолияның Ұлан-Батыр, Хобда, Баян-Өлгей аймақтарында болған. Құрылтайға қатысқандар арасында «Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы бастаған қазақстандық делегаттар құрамында Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары, дипломатия ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері бар.

Моңғолия қазақтарының кіші құрылтайы Ұлан-Батырдан басталды. Қазақстандық делегация Моңғолияның елордасы Ұлан-Батырдың Налайх ауданының әкімі Ч. Раднаабазар және мәслихат депутаттарымен кездесті. Айта кетерлігі, бұл ауданда 5 мыңнан астам қазақ тұрады екен.

Моңғолияда қандастар құрылтайы өтті

Кездесуге «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы, Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы елшісі Ғабит Қойшыбаев бастаған делегация мүшелері, Мәжіліс депутаттары Үнзила Шапақ, Нұргул Тау, Жарқынбек Амантай, дипломатия ардагері Сайлау Батыршаұлы, жазушы Кәдірбек Құныпия, «Президент және халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев, жазушы Ауыт Мұқибек, Түркияның Мимар Синан университетінің профессоры Абдулвахап Қара, Налайх ауданында қызмет ететін «Ер бірлігі» үкіметтік емес ұйым басшылары мен өкілдері қатысты.

Моңғолияда қандастар құрылтайы өтті

Кездесу барысында қор басшысы Абзал Сапарбекұлы Моңғолиядағы және Қазақстанға көшіп келген қандастарымыз Моңғолия мемлекетінің қамқорлығын ерекше ықылас-ризашылықпен еске алатынын және бұл шын жүректен шыққан сөз деп атап өтті. Сөзін жалғастыра келе, Қоғам басшысы Моңғолия қазақтарының кіші құрылтайы аясында жоспарланған іс-шаралар туралы айтып өтті.

Өз кезегінде, мәжілісмендер Үнзила Шапақ, Нұргүл Тау және Жарқынбек Амантай Моңғолия елінің тумалары ретінде Моңғолияға келгендеріне қуанышты екенін және парламентаралық байланыстарға өз үлестерін қосуға дайын екендеріне сенім білдірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға