Монархия дегеніміз не?
Монархия (грек. monarchia – дара өкімет) – мемлекет басшысының билігі ұрпақтан ұрпаққа қалдырылатын мемлекеттік басқару формасы, мерзімсіз және халықтан тәуелсіз жүзеге асырылады. Тарихи тұрғыдан алып қарасақ, монархтың жоғары билігі діни негіздерге байланысты. Монарх Құдайдың жердегі өкілі болып саналды (мысалы, 1946 жылғы жаңа конституцияның қабылдануына дейін Жапония императоры ресми түрде күн құдайы Аматэрасудың баласы болып саналды). Монархиялық мемлекеттерді қарастырған кезде, қазіргі саяси ғылым монарх билігінің шығу тегіне қарамайды, басты назар монархтардың мемлекеттегі құзыреттеріне аударылады. Нәтижесінде монархиялық басқарудың екі түрі пайда болды: абсолюттік және шектелген (конституциялық).
Абсолютті монархия (лат. absolutus – шексіз) – мемлекеттік биліктің толықтай монарх қолына шоғырлануымен сипатталады. Басқарудың бұл формасында монархқа тәуелсіз мемлекеттік органдар болмайды. Қазіргі кездегі абсолюттік монархия сақталған мемлекеттер – Бахрейн, Бруней, Ватикан, Катар, Кувейт, БАӘ, Оман, Сауд Арабиясы.
Шектелген монархияда монархтың өкілеттігі конституциямен шектеліп (конституциялық монархия деп аталуы осыдан), мемлекеттік биліктің тәуелсіз өкілетті органдары жұмыс істейді. Басқарудың мұндай формасы 30-дан астам елде жүзеге асырылатын болса, соның ішіндегі 11 ел еуропалық мемлекетт болып табылады. Контитуциялық монархияның өзі дуалистік және парламенттік болып екіге бөлінеді. Дуалисті монархияда монарха атқарушы билікті тікелей басқарса (Иордания, Марокко), парламенттік монархияда шынайы билік мемлекет басшысында емес, парламент тағайындайтын үкімет басшысында болады (Ұлыбритания, Бельгия, Нидерланды, Швеция, Норвегия, Дания, Испания, Жапония және т.б.). Шектелген монархияда (әсіресе, парламенттік монархияда) мемлекет басшысында шынайы билік жоқ, ол тек мемлекет атынан өкілдік функцияны атқарады. Дегенмен, монархия басқару формасы ретінде сақталып қана қоймай, қайта қалпына келтіріліп, (мысалы, 1978 ж. Испанияда) саяси жүйенің мықты кепілі болуы мүмкін. Бұл ойды 1975 ж. Жапонияда жүргізілген сұраулардың нәтижесі растайды, сұралғандардың 80 пайызы император статусының сақталуын қолдаған. Сондай-ақ, 1997 ж. Ұлыбританиядағы және 1999 ж. Аргентинадағы дәл осындай сұраулардың нәтижесінде халықтың басым көпшілігі монархиялық басқару формасын жақтай отырып, монархиялық отбасыны асырау үшін салық төлеуге келісім берген (бір жылда 8 млн. фунтқа жуық).
Қазіргі әлемде монархияның өзге де түрлері бар. Мәселен, Малайзиядағы монархиялық басқару формасы әлемде жоқ тәжірибе болып табылады. Ол елде монархты ұрпақтан ұрпаққа сұлтанатты (мемлекеттің құрылымдық бөліктері) басқарып келе жатқан тоғыз сұлтан сайлайды. Біріккен Араб Әмірліктеріндегі басшылық - ұжымдық монарх, яғни Эмирлер кеңесі, олар осы құрамның ішінен президентті сайлайды. Достастықтыққа (Ұлыбритания корольдігіне қарасты) кіретін көптеген елдерде (Канада, Австралия, Жаңа Зеландия және т.б.) британдық монарх атынан мемлекетті генерал-губернатор басқарса, сол генерал-губернаторды жергілікті үкімет немесе парламент тағайындайды. Осы Достастыққа кіретін Индия мен Пәкістанда президентті мемлекет басшысы ретінде сайлайды.
Дархан Өмірбек