Жаңалықтар

Үмітхан МҰҢАЛБАЕВА: «Астана тұрғындарының 25-30 пайызы кітапханаға тәуелді»

Астана тұрғындарының кітап оқуға деген қызығушылығы қандай, елорда жұртшылығының қанша пайызы кітапқұмарлар тобына жатады?
27.07.2015 10:59 11447

Кітап – адамның ақыл-ойын өсіріп, дүниетанымын қалыптастыратын ұлы құрал, баға жетпес қазына. Кітап адамзатпен бірге жасай беретін ғасырлық мұра. Шекспирдің «Кітап маған тақтан да қымбат» – деген   сөзі бар. Ал, кітапхана – көп салалы, ақпараттық әрі рухани орталық. Астана тұрғындарының кітап оқуға деген қызығушылығы қандай, елорда жұртшылығының қанша пайызы кітапқұмарлар тобына жатады? Осы сұрақтарға жауап іздеу мақсатында педагогика ғылымдарының докторы, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті кафедрасының доценті, қоғамдық ғылымдар академигі, Қазақстан Республикасына Еңбек сіңірген қайраткер, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының бас директоры Үмітхан Мұңалбаевамен әңгімелескен едік.  

Үмітхан МҰҢАЛБАЕВА: «Астана тұрғындарының 25-30 пайызы кітапханаға тәуелді»

Үмітхан МҰҢАЛБАЕВА: «Астана тұрғындарының 25-30 пайызы кітапханаға тәуелді»        

– Үмітхан Дәуренбекқызы, алдымен, Ұлттық академиялық кітапхана туралы аз-кем айтып өтсеңіз?

– Осыдан он бір жыл бұрын Елбасымыздың бастамасымен еңселі елордамызда ерекше сән түзеген таңғажайып ғимараттың бірі – Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы. Бұл кітапхананың Орта Азия кітапханаларының моделіне айналғанын мақтанышпен атауға болады. Біздің кітапханамыз бүгінде халықаралық стандарттарға толығымен сай келеді. Мұндағы қызмет көрсету тәртібі де дамыған елдердің кітапханаларымен терезе теңестірді.

Кітапханамыз еліміздің мәдени-ақпараттық әлеуетін жандандыруда ерекше рөлге ие. Басты міндетіміз – пайдаланушының ақпараттық сұранысын орындау. Соған сай, бұл руханият орталығында оқырман талабын қанағаттандырумен қатар, түрлі бағытта басқа да жұмыстар атқырылуда.

Өзіңізге аян, ғаламшардың ғаламат желісі Интернетке ену бүгінде отандастарымыздың өміріндегі үйреншікті құбылысқа айналды. Кітапханалар үшін Интернет – оқырмандарға қызмет көрсететін қосымша құрал. Теңдессіз технологиялар дәуірінде кітапхана қызметін компьютерсіз елестету мүмкін емес. Осылай, озық технологияның арқасында кітапханалық қорды сақтаудың жаңа жолы табылды. Бұған дәлел, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының жобасы – «Қазақстандық Ұлттық электронды кітапхана» порталының құрылуы.

Үмітхан МҰҢАЛБАЕВА: «Астана тұрғындарының 25-30 пайызы кітапханаға тәуелді»

– Қазіргі таңда қандай отандық ақын-жазушылардың кітаптарына сұраныс басым?  

– Кітап – өмір ағымын бейнелейтін теңдессіз дүние. Оны жас та, кәрі де, іскер де қажет етеді. Ал аса көп сұраныспен оқылатын қазақ қаламгерлері қатарында Абай Құнанбаев («Қара сөздері»), Мұхтар Әуезов («Абай жолы»), Әбіш Кекілбаев («Үркер», «Елең-алаң», «Сыр десте»), Шәкәрім Құдайбердиев, Әзілхан Нұршайықов, Ілияс Есенберлин («Көшпенділер»,  «Алтын Орда»), Жұбан Молдағалиев, Ғабит Мүсірепов, Оралхан Бөкей («Қайдасың, қасқа құлыным?», «Мұзтау»), Мұхтар Мағауин («Аласапыран»), Сайын Мұратбеков («Жусан исі», «Басында Үшқараның...»), Сәбит Мұқанов («Ботагөз», «Өмір мектебі»), Тахауи Ахтанов («Шырағың сөнбесін»), Шерхан Мұртаза («Қызыл жебе»), Мұқағали Мақатаев (поэзиясы), Қасым Аманжолов, Сәкен Жүнісов («Ақан сері»), Мырзакелді Кемел («Ақыл қалта»), Ермек Тұрсынов («Мәмлүк»), Лира Қоныс («Шахарбанудың сыңсуы») тәрізді тұлғалар көптен бері көш басында келеді.

Үмітхан МҰҢАЛБАЕВА: «Астана тұрғындарының 25-30 пайызы кітапханаға тәуелді»

– Қазақ балалар әдебиетінің жай-күйі қандай?

– Қазақ балалар әдебиетінің түп төркіні – халық ауыз әдебиетінің тамаша үлгілері. Жаңғырған жаңа дәуір лебі балалар әдебиетінің қоржынын тамаша туындылармен толықтыра түсті. Елімізде қаламгерлер қатары 700-ден асады, соның ішінде 100-ден астамы балалар жазушысы екен. Айшықты да әсерлі тілімен балалардың жүрегіне жеткізіп жататын жазушыларға кенде емеспіз. Бірақ бояуы қанық, ойы анық туындылар оңайлықпен тумасы тағы түсінікті. Соған қарамастан, бүгінгі ақпараттық өнімдер ішкі мазмұны мен безендірілуі жағынан көз тартады. Ал, балалар әдебиетінің рейтингін анықтау – менің тікелей міндетім емес. Бұған әдебиетшілер, сыншылар мен жазушылар баға беріп келеді.

Үмітхан МҰҢАЛБАЕВА: «Астана тұрғындарының 25-30 пайызы кітапханаға тәуелді»

Өкініштісі, бізде кітап оқып, замандастарының көркем дүниедегі талғамын талдап түсіндіретін әдеби сыншылар некен-саяқ. Сондықтан адамдарға әдеби жаңалықтар жайлы ұсыныс білдіру оңай емес. Әсіресе, бұл өз баласының болашағы үшін кітап пен оқудың маңыздылығын жете сезінетін жас ата-аналарға аса маңызды. Осындай мәселелер ескеріліп, кітапханада «Шаңырақ» балалар шығармашылығы орталығы ашылып, жас оқырмандарға қызмет көрсетілуде.  

– Әлем әдебиеттеріне қызығушылық бар ма?

– Антуан де Сент-Экзюпери, Габриель Гарсиа Маркес, Артур Конан Дойль, Эрнест Хемингуэй, Джером Д. Сэлинджер, Кен Кизи, Джейн Остин, Л. Н. Толстой, Даниель Дефо, Р. Брэдбери, М. Митчелл, С. Фиджеральд, А. Рэндтердің туындыларына деген сүйіспеншілік сейілмейтін секілді.

– Ұлттық кітапхананың кітап қоры қанша?

– Қазіргі кезеңде кітапхана қорында 903 804 құжат бар, сонымен қатар 429 690 дана құжат Астана Ұлттық сурет галереясынан жеткізілді. Сонымен, кітапхана қоры 1 333 494 сақтау бірлігін құрап отыр.

– Жылына қанша кітаппен толығады?

– Біздің мақсат – халқымыздың тарихына, әдебиетіне және мәдениетіне қатысты құндылықтарын жинап сақтап, келешек ұрпаққа аманаттау. Астанадағы алып кітапханада кітаптар ағыны тоқтамауға тиіс деп түсінемін. Кейінгі жылдарды есепке алар болсам, жыл сайын шамамен 12-20 мың аралығында кітаптар келіп түскен екен. Айталық, 2014 жылы кітапхана қорына 14956 дана кітап қыбалданыпты.    

 Үмітхан МҰҢАЛБАЕВА: «Астана тұрғындарының 25-30 пайызы кітапханаға тәуелді»

– Көркем әдебиеттер залынан кітап алып оқитын оқырмандар саны қанша? Тұрақты оқырмандарыңыз бар ма? Олардың жас ерекшелігіне тоқтала кетсеңіз?

– Ұлттық академиялық кітапхананың абонемент залынан кітап алып оқитындар саны күніне орта есеппен 70-80-дей оқырманды құрайды. Жыл басынан осы залға он мыңнан аса оқырман келді. Тұрақты оқырмандарымыз да өте көп. Жас ерекшеліктеріне қарай жіктесем, басым бөлігі жастар, егде жастағы зейнеткерлер мен жұмыссыз азаматтар. Қазір жазғы демалыс кезінде де көбіне келіп студенттер мен оқушылардың белсенділігі жоғары болып отыр.

– Былтыр әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «100 кітап» бағдарламасы шеңберінде жастар білуі керек деген шығармалар тізімі жасалыпты. Осы игі бастама туралы пікіріңіз қандай? Астана жастарын кітап оқуға баулу мақсатында осы бастаманы неге Еуразия Ұлттық университетімен бірлесе қолға алмайсыздар?

– Әрбір жеке тұлға оқып танысуға тиіс кітаптар тізімін топтау - бұл Білім және ғылым министрлігінің құзыретіндегі іс. Сонымен қатар, жобаға жоғары оқу орындарының ғалымдары, арнайы сарапшылар тартылуы тиіс. Шетелдердің, көрші Ресейдің тәжірибесінде «5 кітап, 15 кітап, 50 кітап, 100 кітап» деген тәрізді топтамалар таңдалған ұсыныстар өте көп. Егер оқуға қатысты жобалар жасалып, бірлесіп жұмыс істеуге шақырса, біз қолдауға әрқашан да дайынбыз. Сөз орайы келгенде айтарым, оқу ісін ілгерілетіп, жастарды оқуға тарту мақсатында қазақстандық кітапханалар тарапынан қыруар жұмыс жүргізіліп келеді. 

Үмітхан МҰҢАЛБАЕВА: «Астана тұрғындарының 25-30 пайызы кітапханаға тәуелді»

– Астана халқының кітап оқуға деген ынтасы мен қызығушылығын білдіретін қандай статистикалық мәлімет бере аласыз?

– Өз басым астаналықтардың көркем әдебиеттерге, оқуға деген ынтасы жоғары деген ойдамын. Өзім жетекшілік ететін кітапхананың жеке статистикасына сәйкес, қазіргі жазғы уақытта күніне орта есеппен 500-600 аралығында оқырман келіп, әрқайсысы ең кемі 5-6 кітапқа тапсырыс беріп, танысып жатады.

– Бүгінгі таңда қай жанрдағы шығармаларға сұраныс басым (детектив, шым-шытырық роман, махаббат жайлы не болмаса психологиялық кеңес кітаптары)?

– Кітапхана оқырмандары, сол қатарда зейнет жасындағы азаматтар детектив, шым-шытырық оқиғалар желісі арқау болған туындыларды таңдайтын болса, жастар жағы (студенттер мен оқушылар) классика мен махаббат жайлы романдарға әуес.

– Астана тұрғындарының қанша пайызын кітапқұмарлар тобына жатқыза аламыз?

– Тағы да өзім жетекшілік ететін кітапхананың статистикасын негізге алып баяндайтын болсам, Астана қаласы тұрғындарының кемінде 25-30%-зы кітапханаға тәуелді деген сенімдемін.

– Қазір жастар керекті көркем шығармаларды көбінесе электронды кітап нұсқаларынан оқиды. Пікіріңіз қандай, бұл дұрыс па?

– Оқырманымыздың іздегені Интернеттен табылған замана көшінде кітапхана ақпарат провайдері ретінде рөл атқарады. Біздің негізгі миссиямыз – жаңа ақпараттық технологиялар арқылы еліміздің азаматтары үшін қызмет көрсету түрлерін жетілдіру, барлық тұрғындардың ақпаратқа теңдей қолжеткізу мүмкіндігін қамту. Кітапханамыз жас болса да, мұнда көрсетілетін қызмет түрлері сан алуан. Электронды кітапхана атауына сай, мәліметтер базасына ену, виртуальді анықтама қызметі арқылы талап-тілектерді орындау, ақпарат іздестіруде консультациялық кеңес беру, электронды пошта және Интернет желісі арқылы шалғайдағы тұтынушыларға қашықтан қызмет көрсету сияқты осы замандық жаңа қызмет түрлері көрсетіліп келеді.

Дәстүрлі және электронды кітап бойынша қоғамдық көзқарас сан түрлі. Әрбір адам бүкіл өмірінде бар-жоғы 300-ге жуық кітап оқиды екен. Ал адам баласына екі нәрсе қымбат, соның бірі – уақыт. Біріншіден, уақыт үнемдеу үшін жастар жағы электронды баспа өнімдерін таңдап жатады. Екіншіден, қолжетімді. Өз басым Оңтүстік Кореяда іссапарда болғанымда қоғамдық көліктерде, аялдамаларда түрлі онлайн-платформалар арқылы кітап оқып отырған жастарға таңданғанымды жасыра алмаймын. Ал өз еліміздегі мүлдем кітап бетін ашпайтындармен салыстыра қарасақ, оқырман жастарға риза боласың. Кітапты қай нұсқасынан оқыса да, қалай оқыса да – ол әркімнің өз таңдауы.  

Үмітхан МҰҢАЛБАЕВА: «Астана тұрғындарының 25-30 пайызы кітапханаға тәуелді»    

– Жалпы, кітап оқу мәдениетін арттырудың қандай жолы бар?

– Оқырман ұлт келбетін қалыптастыру мақсатында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының бастамасымен сегіз жыл бұрын еліміздің кітапханаларында «Бір ел – бір кітап» акциясы бастау алып, аталған шараға жыл сайын миллионнан аса оқырман тартылған болатын. Ал өткен жылы ортақтаса оқығандар қатары екі миллионға жуықтады. Оқу акциясы бойынша, ең алдымен, жаппай оқитын кітап ретінде Абайдың «Қара сөздері» таңдалса, 2008 жылғы қалауымыз М. Әуезовтің «Қилы заманына» түсті. 2009 жылғы акцияда өршіл ақын М. Жұмабаевтың лирикасы қаралды. 2010 жылғы жыл кітабы – ақын Ж. Молдағалиевтың «Мен Қазақпын» поэмасы. 2011 жылы қазақтың біртуар жазушысы Ж. Аймауытовтың «Ақбілек» романы жан-жақты сараланды. 2012 жылы жазушы О. Бөкейдің «Қайдасың, қасқа құлыным» деген еңбегі екшелді. Оқырман-кітапханашы-автор тізбегін жақындата түсетін оқу акциясы бойынша 2013 жылы ақын Ф. Оңғарсынованың «Дауа» атты лирикалық жыр жинағы, өткен жылы жазушы Сайын Мұратбековтың «Жусан исі», «Басында Үшқараның...» атты туындылары қаралды. Биыл көрнекті жазушы І. Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы – оқырман назарында!  

Жастар үшін «Бір ел – бір кітап» акциясы маңызды әріптестік сабағына айналды. Қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларын насихаттай отырып, кітапханашылар қауымы ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтуға қомақты үлес қосты. Дегенмен, бір бағытпен тоқтап қалмай, оқуға тартудың тиімді тәсілдерін әлі де іздестіру керек.

Үмітхан МҰҢАЛБАЕВА: «Астана тұрғындарының 25-30 пайызы кітапханаға тәуелді»

– Жастардың ғылыми кітаптарға деген қызығушылығы қандай?

– Бұл сұрағыңа Асанқайғы бабамызша: «Өз барыңды жамандап, асыл қайдан табарсың» демекпін. Бүгінгі жастар – білімді жастар! Сондықтан, ғылыми бағыттағы басылымдарға да, көркем әдебиеттерге де сұраныс толассыз түсіп жатады.  Басты байлығымыз да – осы оқырмандарымыз! 

– Әңгімеңізге рахмет!


Сұхбаттасқан Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға