Жаңалықтар

Өмірге келгеннен ержеткенге дейін...

Дәстүрлер сөйлейді
Өмірге келгеннен ержеткенге дейін...
21.09.2020 18:30 12428

Дәстүрлі қазақ қоғамында адамның өмірге келуі, үйленіп, отбасын құруынан ақтық сапарға аттануына дейінгі аралықтың барлығында да белгілі бір ғұрыптық рәсімдер мен салт-дәстүрлер атқарылады, олардың көпшілігін исламға дейінгі және исламнан кейінгі ғұрыптар мен дүниетанымдар деп екіге бөлуге болады. Анимизм, фетишизм және тотемдік пен шамандық сияқты ежелгі наным-сенім қалдықтары уақыт өте келе ислам қағидаларымен астасып кеткен еді.

Нәрестенің дүниеге келуі мен оған тәрбие беру мәселесіне қатысты қазақтың ғасырлар бойы жинақталған халықтық тәжірибесі мен байырғы наным-сенімдерге қатысты көптеген жөн-жоралғылары әлі күнге дейін сақталып келеді.

c5001d0ac806d7778d0abaa5f063cf2c.jpg

«Аштың дүние есігін»

Жарық дүние есігін ашқан нәресте мен оны тоғыз ай көтеріп, өмірге әкелген ананың күтімі жөнінде халықтық салт-дәстүрлер мен ырымдар баршылық. Қазақтың дәстүрлі мәдениеті бойынша болашақ ана аяғы ауырлап, жүкті болғаннан бастап айналасындағы тәжірибелі әйелдердің қатаң қадағалауы мен қамқорлығына алынады.

Жас келіннің жүкті болғанын жүріс-тұрысы, бет-әлпеті мен тамаққа тәбетінен-ақ байқайтын абысын-ажындары мен енелері сүйінші хабарды қалың көпшілікке жаймай, отағасына емеурінмен білдірген.

Бала көтерген жүкті әйел отбасындағы ауыр жұмыстардан босатылған. Оның тамақтануына ерекше мән беріліп, жеңсік астан көбірек жегізуге тырысқан. Сонымен бірге «жүкті әйелге түйе етін жеуге болмайды, түйе етін жесе баланы ұзақ көтереді», «қоян етін жесе, баласы қоянжырық, балық етін жесе, мылқау туады» деген ырымдар да кең таралған.

Жүкті әйелдің жерік асы туралы ел арасында аңыз әңгімелер көп. Жүкті әйел «жолбарыстың жүрегі мен аюдың етіне» жерік болса да ұл тауып беруге тиіс деген. Қазақ ертегі, аңыздарында әйелінің жерік асын табу үшін қандай қиындықтарға қарамастан алыс та қатерлі жолға шыққан батырлар туралы жиі айтылатыны соның бір белгісі. Кейде болашақ сәбидің қандай адам боларын шешесінің жерік асына қарап та ырымдайтын кездер кездеседі. Анасы жолбарыстың жүрегіне жерік болса, онда «батыр туады екен» делінетін ырымдар нәресте дүниеге келгеннен соң жейтін қалжаға қарап та айтылады. Тағы да ырым бойынша жүкті келіншекті ренжіткен адамның жолы болмайды дейді.

Ал тамақтануға қатысты қойылған шектеулермен қатар, тың семантикалық мәні бар өзге де тыйымдар орын алған. Мысалы: жүкті әйелдің шашын қиюға болмайды, өйткені іштегі нәрестеге зиян келтіруі мүмкін, қараңғыда үйден шыққанда жанына біреуді ертіп шығу керек, қайтыс болған адамның жерлеуіне қатысуға болмайды, керілген арқаннан аттап өтпейді, өйткені босанған кезде бала кіндігі мойнына оратылып, тұншығуы мүмкін және тағы басқа да сенімдер қалыптасқан. Сондай-ақ тіл-көз бен сырт көздің сұғынан қорғау үшін келінге бойтұмар тағу міндеттелді. Мұндай бойтұмарларды әйелдер мойнына тағады я болмаса көзге түспес үшін көйлек астарына тігіп қояды.

Жүктілігі байқала бастайтын үш-төрт айға толғанда қайын енесі құрсақ шашу деп аталатын салт-жора жасайды. Оған тек жақын туыстар мен көрші қолаңдардың әйелдері ғана шақырылады.

Тоғыз айдан соң келетін толғақ – ең жауапты сәт болып саналады. Осы себепті әйел жеңіл босану үшін көптеген ырымдар мен жоралғылар жасалған. Атап айтсақ, босанатын әйелдің бұрымдары тарқатылды, киіміндегі барлық түйіндер шешілді, металдан жасалған әшекейлер алынды, толғақ қысқанда әйелдің өзіне тиесілі сандықтың барлығы ашылды. Әйел босана алмай қиналған шақта қазан жарыс ұйымдастырылды. Ауылдағы келіншектер мен егде жастағы әйелдер босанатын әйел үйінің жанына жиналып, қазанға ет салып, оны «қара қазан тез пісе ме, қара әйел тез босана ма» деген сөздерді дауыстап айтып, етті тез пісіруге тырысқан. Бұл ырым бойынша «жарысқа қатысатын нәресте» де жарық дүниеге тез шығуға асығады деп сенген. Бала дүниеге келгеннен кейін осы ғұрыпқа қатысқандардың барлығы піскен еттен дәм татуға тиіс.

Дәстүрлі қазақ қоғамында әйелді босандыру міндетін кіндік шеше атқарды. Әлеуметтік жағдайы жоғары шаңырақтар немесе бұрын балалары шетінеп, нәресте сүйе алмай жүрген отбасылар жүкті әйелдің айы-күні толар тұста елдегі ең тәжірибелі, қолы жеңіл епті әйелді арнайы алдырып, жүкті әйелдің жанында ұстады. Кейде осынау міндетті, әсіресе, көп күттірген ұл бала дүниеге келер кезде ер адамдар да атқарған. Әйел босана алмай қатты қиналған баланың әкесі әйелдің жанында тұрып қара қылыш ойнатып, қара күштерді қуған. Кей кездері әйел босанып жатып жан тапсырған сәттерде баланы іштен жарып алғаны да айтылады.

Кіндік шешені таңдағанда елге сыйлы, адамгершілігі мол, мейірімді әйелді қараған. Өйткені оның кейбір қасиеттерін нәресте өз бойына сіңіреді деп сенген. Әйел босанғаннан кейін кіндік шеше баланың жолдасын ешкімге көрсетпей, көзден таса етіп көмген. Егер оны бедеу әйел басып кетсе, жас келін де ендігі мәрте бала көтере алмай қалуы мүмкін деп қорыққан. Сонымен қатар, түскен кіндіктің ұшы да көмілген. Мұндағы сенім бойынша нәрестенің жаны оның жолдасы мен кіндігіне байланысты делінген. Айтылған наным-сенімдердің бәрі қазақ халқының исламға дейінгі түсінігінен пайда болған. Әйелді босандыруға арналған бұл жоралғылар әлі күнге дейін зерттеушілер мен дәрігерлер тарапынан жоғары бағаланып келеді.

Нәресте дүниеге келгеннен кейін шілдехана тойы жасалады. Күндіз үйге ағайын-туғандар мен жора-жолдастар «Бауы берік болсын!» айтып, құттықтап келеді. Өмір есігін ашқан алғашқы күні ауыл жастары шілдекүзетке жиналып, таң атқанша ойын-сауықпен өткізетін болған. Бұл жоралғының мағынасы нәрестені қара күштерден, әсіресе, алғашқы күні қорғау керек деген ислам дініне дейінгі сенімнен шыққан. Сосын сәбиді жеті үйдің шаңырағынан және егде тартқан жеті кісінің аяғының ортасынан өткізіп алған. Осы ырымды ары қарай жалғастырған кіндік шешесі нәрестені өзімен бірге алып кетіп, кейін ата-анасы сатып алу рәсімін жасаған. Бұл дәстүрч «жалған сатыс» деп аталады. Сондай-ақ түрлі пәлекет пен қара күштерден сақтау үшін нәресте қырқынан шыққанша тек жарық бөлмеге жатқызған.

Жас босанған әйел әл-ауқат жинап, өзіне тез келсін деген ниетпен жас малдың етінен қалжа беріледі. Сәби сияқты анасы да қырық күн бойы күтініп, сорпалануға тиіс. Келіншекке қалжаның мүшеленбеген мойын омыртқасын мүжітіп, кейін оған таяқша өткізіп керегеге іліп қойған. Осылайша сәби ешкімнен көмегінсіз өзі басын көтергенге дейін сақталып тұрған.

ат қою.jpg

«Ырымдап қойдым атыңды...»

Ат қою – бүгінге дейін сақталып келе жатқан салт-дәстүрдің бірі. Нәресте шыр етіп жарық дүниеге келгеннен кейін оған лайықтап, ырымдап есім берген. Бұл жоралғының да өзіндік ерекшеліктері бар. Негізінде атты үлкен кісілерге, елге сыйлы, абыройлы адамдарды арнайы алдырып қойдырған. Сонымен қатар, туған күніне қарай ат қою де кездеседі. Мысалы, жұма күні дүниеге келсе Жұмажан, Жұмабек, Жұмагүл, Байжұма, Жұмахан, Жұмабай, мамыр айында туса Мамыржан, Мамырбай, Мамырбек деп қойған. Ал шаңырақта ұл баланы күтіп жүрсе, келесі бала міндетті түрде ұл болсын деген ниетпен Ұлбала, Ұлту, Ұлтуған, Ұлбосын, Ұлдай, Ұлжан дейтін ат берген. Кейде сәбиге көз тимесін деп ырымдап күлкілі есімдер берген. Бізге Көтібар, Көдек, Майлыбалта, Боқбасар сияқты мұндай есімдер тарихтан белгілі. Сондай-ақ Қалдыбек, Қалдыбай, Меңдігүл, Меңдібек, Меңсұлу, Қалдыгүл деген аттар да жиі кездеседі. Әдетте бұл есімдерді меңмен, қалмен туылған нәрестелерге қалы үлкейіп кетпесін дейтін оймен қойған. Бүгінде жақсы ырыммен танымал тұлғалардың, елге еңбегі сіңген кісілердің атын беру сәнге айналған. Халқымыз ислам діні келгелі бері сәбидің оң құлағына үш рет, сол құлағына үш рет азан шақыртып ат қойдырады. Рәсім біткен соң ат қойған кісіге шапан жауып, кішігірім сый-сияпат жасайды.

Төріңде бесік тұрса, төре де бас иеді

Нәрестенің кіндігі түскен соң бесікке салу рәсімі өткізіледі. Оған арнайы дастарқан жайылып, түрлі жоралғылар жасалады. Сәби қырқынан шыққанша атқарылатын бұл салт-дәстүр қазақтардан басқа өзге де түркі халықтарында кездеседі.

Баланы бесікке бөлемес бұрын оны жақсылар тазалап алады. Еліміздің көптеген өңірінде бесіктің бас жағын немесе ортасын қыздырылған темірмен күйдіру арқылы тазалайды. Ал кей өңірде арнайы адыраспанды тұтатып, аластайды. Бұл жоралғының астарынан бесіктің киелі саналатынын білуімізге болады. Бесікті сатуға, кез келген адамға беруге, аяқ астына тастауға болмайды. Өйткені бесік ұрпақ жалғастығының белгісі. Баласы көп үйдің бесігін жақсы ырымға балап, тек жақын туыстары ғана алған, сондай-ақ, жаңа түскен келін отауының төріне қойған.

Қасиетті, құтты, киелі мүліктер қатарына жататын бесік көпшелі өмір жағдайына және баланы салып алып жүруге де өте қолайлы болды. Құрылымына байланысты әрқашан құрғақ, таза және жылы бесік баланың тез өсуіне әсер етті. Сондай-ақ бесік ерекшелігінің бірі – бала денесінің таза ұсталуы еді. Бесік астындағы шүмек жаялықты жиі ауыстырмауға септігін тигізді. Соған сәйкес нәресте денесі базданбай, тазалық сақталды. Кей ырымдарға сәйкес, бала бесікке бөленгеннен кейін оның үсті жеті затпен жабылуға тиіс. Олардың әрқайсысын жақсы тілек-ниетпен жапқан. Мысалы, денсаулық, бақ-дәулет, абырой сияқты қасиеттерді санамалаған.

Ал тыштырма ғұрпын көп балалы, тәжірибесі мол әйел адам басқарған. Әжелер жиналып, ауылдың сыйлы ақсақалдарының ескі жейделерін әкеліп, нәрестенің алғашқы жаялығы ретінде қолданған. Аталған ырымның астарында «баланың өмір жасы ұзақ болсын» деген ниет жатыр. Нәрестені жейдемен ораған әжелер: «Атаның жейдесі еді, сол кісінің жасын берсін!» деген тілектер айтқан.

Нәресте мен оның анасының өміріндегі маңызды ғұрыптың бірі – қырқынан шығару. Қазақ халқы әдетте ұл баланы отыз жетінші немесе отыз тоғызыншы күні, қыз баланы қырық бірінші немесе қырық үшінші күні қырқынан шығарған. Оны «ұл қалыңдығының сұрайтын қалың малы аз болсын, ал қыздікі көп болсын» деген ырыммен байланыстырады. Аталмыш рәсімге жиналған әйелдер су дайындап, баланың үстінен қырық қасық су құяды. Оған ұл бала болса қырық құмалақ пен қырық асық, қыз бала болса, қырық құмалақ пен саны қырыққа жететін әшекей бұйымдар, күміс ақшалар және тағы басқа заттарды салады.

«Ет пен сүйек бірікті»

Бала қырқынан шығарылғанда алғаш рет шашы мен тырнағы алынады. Нәрестенің шашын шиыршықтап орап, киім жағасының астына тіксе, тырнағын қалтаға салып, таса жерге көмеді. Шомылдырған суды да адам баспайтын жаққа апарып төгеді. Ырым бойынша мал-жан басы көбейіп, дәулетке кенелеміз деп сенген. Кейде суды төкпей ыдысқа құйып қойып, арасында нәрестенің денесін сүртіп тұратын болған. Аталған рәсімдер өткен соң баланы әдемі киіндіріп, қырық үйді аралаған. Бұл қырық қадам деп аталады. Барған үйдің иелері кішкентай қонаққа сыйлықтар жасап шығарып салған. Қырқынан шығару рәсімін басқарған әйелдер келген қонақтарға әртүрлі кәде тарату мәртебесіне ие болады.

Қазақ халқы бала өміріндегі ең маңызды кезеңдерді міндетті түрде ырымдап, атап өтеді. Сәбидің өз бетімен алғаш рет дәрет сындыруына байланысты құйрық ботқа немесе отыр көтен деп аталатын жоралғы жасалып, кішігірім дастарқан жайылған.

Ал бала бірінші мәрте бауырымен еңбектей бастағанда – бауыр аяқ я болмаса бауырынан табақ алу дәстүрі өткізілген. Аталмыш шаралардың мәні баланың амандығы мен алғашқы әрекеттеріне сүйінуден туындаған.

Сәби өсіп, қаз тұра бастағанда тұсаукесер рәсімі өткізіледі. Бұл ғұрып баланың тез жүріп кетуін, азамат шағында да жолы болуын көздейді. Ол үшін әуелі қызыл, қара, ақ түстен есілген ала жіппен немесе қойдың кепкен тоқ ішегімен бала аяғын тұсаулаған. Содан кейін баланың ата-анасы таңдап алған, сүрінбей ширақ жүретін келіншек «желдей ұшып, ердей бол» немесе «мендей жүйрік бол» деген тілекпен тұсауын кесіп, алғашқы қадамын жасатқан. Кейде бұл міндет осы тойда өткізілетін жарыстың жеңімпазына тапсырылған. Тұсаукесер рәсімі сәбидің алғашқы қадамы ретінде жоғары бағаланып, айналадағы жұртшылық тойға шақырылған.

96a3be3cf272e017046d1b2674a52bd3.jpg

Мұсылманға міндет той

Мұсылмандар ең қатаң ұстанатын ұстанатын салттардың бірі – сүндетке отырғызу. Ер бала бес немесе жеті жасқа толғанда, яғни тақ жасында сүндетке отырғызылады. Бұл күн – ата-ана, ағайын-туыс, сонымен бірге бала үшін де ерекше есте қалады. Ер баланы сүндетке отырғызып, мұсылмандық парызын өтеуге ата-ана күн ілгері дайындалады. Әркім әл-ауқаты жеткенше осы дәстүрдің атаусыз қалмауын қарастырып, той жасап өткізген. Ересектер сүндетке отырғызған баланы айрықша қошеметтеп «енді жігіт болдың, мұсылман атандың» деп мақтап, көңілін көтеріп, жігерлендірген. Аталмыш ғұрып баланың келесі бір жастық кезеңге өткенін білдіреді. Мұны ата-ана ерекше қуаныш көріп, тума-туысқандарын шақырып, сүндет той жасаған.

«Алас, алас, баладан алас!»

Жоғарыда аталған салттардын өзге балаға қатысты жоралғылардың көбі көз тию, тіл тию сияқты наным-сенімдерге байланысты шыққан. Нәрестені пәле-жаладан сақтау үшін бесіктің өзін, кейде бесіктің шүмегін отқа қыздырылған қышқашпен қарыған. Бұл от пен темірдің халық түсінігінде қорғаушы, сақтаушы секілді айрықша мәнге ие екенін айғақтайды. Сондай-ақ пайда болуы мен мәні тұрғысынан осы салтқа сай келетін өзге де дәстүрлердің бірі – нәресте жастығының астына пышақ қою немесе сәбиге көз тимес үшін маңдайына күйе жағып, үстіне ескі киім кигізу. Бұл ырымдар халық арасында әлі күнге дейін сақталып келеді.

Оған қоса тұмарлар да қорғаушы, сақтаушы қызметін атқарған. Кейде бесіктің бас жағына тұмар ретінде қасқырдың, бүркіттің, кейде тіпті аюдың да тырнағын іліп қойған. Бүгінде үкінің қауырсынын іліп қою, сондай-ақ, Құран аяттары жазылған бойтұмарларды тағып жүру көптеп кездеседі. Ал балаға көз тисе, отқа бір шымшым тұз лақтырып ұшықтайды. Я болмаса ел ішінде көз тиюді «алып тастай алатын» қасиеті бар адамдарға апарып түкірткен. Сондай-ақ еліміздің кейбір өңірінде нан, оттың күлі, тұз үшеуін араластырып аштайтын да рәсім бар. Бесік айналасын немесе баланың бас жағын арша, адыраспан түтінімен аластау ғұрпы да осы мақсатта жасалады. Яғни, аршаның жұпар иісі аластағыш қасиетке ие саналады. Балаға нақты бір кісінің көзі тиді деп секем алған жағдайда, сол адамның үйінен бір бұйымын алып түтеткен.

Бұдан өзге халық арасында көптеген рәсімдер кездеседі. Бала қорқып, ұйықтай алмаса, тазаланған жеті ұсақ тасты оттың үстінде қыздырып, сүт немесе су құйылған шыны аяққа тастайды. Осылай жылытылған сусынды балаға ішкізеді. Ал тағы бір қызық салт баланың кімнен немесе неден шошынғанын анықтау мақсатында орындалады. Ол үшін салқын су құйылған ыдысқа балқытылған қорғасын құйылады. Қатая келе, қорғасын белгілі бір қалыпқа түскен. Оның түріне қарап үлкендер баланың неден шошынғанын жориды. Ең аяғында бұл қорғасынның кесегі тұмар ретінде сақталған.

unnamed.jpg

Бала алты-жеті жасқа жеткенде орындалатын тәрбиелік мәні бар дәстүрдің бірі – ашамайға мінгізу. Аталған салт ер баланың жаңа өмірге қадам басқандығын көрсетіп, қолына қамшы беріп, әшекейлі жабу жабылған тайға отырғызып, бұдан былай оның жігіт болғанын айтады. Дәулетті адамдар бір құлынға ен салып, оны баласына атап беретін болған. Бұл да өз кезегінде балаға әсер етіп, оның жауапкершілік сезімін оятқан. Баласының азамат болғанына сүйсінген үлкендер жағы бата беріп, әжелер «шашу» шашады. Ал өзінен үлкен балалар бәйге шауып, үлкендер жағы шағын той жасайды.

Жасынан тайға мініп үйренген балалар өсе келе құнан мен дөненге мінсе, кейде үлкендерше атқа мініп, азамат қатарына қосылған. Ал қыздар ерте жасынан-ақ қолөнердің түр-түрін меңгеріп, үй шаруасына араласқан. Қыздарын еркелетіп, сұқ көзден аман болсын деп басына үкілі бөрік кигізген. Сонымен қатар үйдегі кейбір жағымсыз әңгімелерді, ұрыс-керісті естімесін деген оймен қос бұрымына шолпы тағып берген. Яғни шолпының сылдырынан қыздың келе жатқанын біліп, артық әңгімелерді дереу тыйған.

Бір ұлтты өзге ұлттан даралайтын дәстүр-салты мен наным-сенімі. Талбесіктен жербесікке дейін жалғасатын аталмыш жоралғылар уақыт өткен сайын заман талабына орай жаңаланып, кейбіреуі мүлде басқаша сипат алып келеді. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» десе де, бұл дәстүрлердің, ырымдардың орындалуы түпқазығымыздан ажыратпай ұстап тұрған бірден-бір арқан болмақ. Ендеше бала өмірге келгеннен жасөсіпірім шаққа жеткенге дейін түгенделген салттар сабағы өз жалғасын таба береді.


Бөлісу:
(Суреттер ашық интернет көзінен алынды) Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға